• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚТЫҢ ТАМЫРЫНДА КҮЙ ТУЛАҒАН

915 рет
көрсетілді

Кеше Президенттік мәдениет орталығында қазақтың күйшілік дәстүрінің көрнекті тұлғасы, күй атасы Құрманғазы атындағы VІІІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы басталды. Жас күйшілердің 24-28 мамыр аралығында өтетін өнер бәйгесін Мәдениет министрлігінің “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамы ұйымдастырып отыр. Домбыраның күмбірлеген қо­ңыр үнінен тарар құдіретті күй сазын жан-жүрегімен тебірене тыңдайтын, тылсым сырымен сезімі бітісе толқитын қазақтан асқан шабытты, қазақтан асқан рухты халық жоқтай көрінді. Сахнаға күйдің бір топ мұзбалақ қырандары қаз-қатар тізерлей отырып, Құрманғазы бабамыздың күйін шалқыта төгіп салғанда. Қатарынан бес күн елорданы шал­қар күймен асқақтатар әр өңірдің елуден астам өндірдей өнерпазы сахнаны көктегі жұлдыздар жерді жауып қалғандай әсерге бөлеген. Өнер сапары алдында арқалы ақындардың ағынан жарыла жастардың жолына ақ өлеңмен жыр өретін дәстүрі бар емес пе? Қай өнер сайысына да жырмен шашу шашу жарасып-ақ тұрады. Ол еңсесін тіктеп, дала төсінен кө­терілген Қазақ елінің астанасында өтетін рухани шаралардың қай-қайсысына да тән болуы керек-ақ. Себебі, қазір елорда мәдениеті қалыптасып жатқан кез. Бұл уақытта ешнәрсеге немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе, ха­лықты басқадан айрықша биіктетіп тұ­ратын осындай төлтума жанр­ла­рын жарқыратып көрсетер кезде. Төл өнерді көненің көзіндей то­лғаудың өзі бір ғанибет. Ең алғаш қу ағашқа күй бітірген Қобыз шалған Қорқыттай сыршыл бабам. Қарағай, қара қылдан шыққан сазды, Адам түгіл аң елтіп, құм тыңдаған. Желмаясын күй қылған Асан Қайғы, Жерұйығын тапқанша бір тынбаған. Тілмен айта алмағанды  күймен айтқан, Аңыз болды-ау Кетбұға шіркін, бабам, Қанша ғасыр өтсе де содан бері, Шежіренің бір беті жыртылмаған. Құрсағына Құдайдан құт дарыған, Қазақта өнерсіз боп ұл тумаған. Талай-талай дәулескер күйші өтіпті, Бал тамған бармақтары былқылдаған. Құрманғазы дегенді естігенде, Қазақтың тамырында күй тулаған. Ассалаумағалейкум, арда ағайын, Сақтаған бұл күндері сол  күйді аман… деген орамды ойға құрылған отты жырды ақынжүрек шумақтата өргенде жиылған егде, жас түгел қоштап сүйсінді. Күй өнері жа­йын­дағы толғау бастауы тереңдегі күйдің құдіреті сынды әрмен қарай тоқтаусыз жалғаса беретін түрі бар. Кеудені күй шері толқытқанда тілге небір кесек теңеулердің телегей теңіз болып оралатыны несі екен? Айтыскер ақын екпінін зорға жиды. Сонау 1987 жылдан тарихы басталатын күй байқауының ашылу рәсіміне Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысып, еліміздің түрлі өңірлерінен келген өнерпаз жастарға сәт сапар тілеуі бекер емес. “ Биылғы елордамызда өтіп отырған байқау күй өнерін өркендетуді мұрат тұтқан талай жастың жалындап көрінуіне үлкен сеп болады. Егер Абайдың поэ­зия­сы, бұл – қазақ өмірінің поэзия тілімен жазылған энциклопедиясы дейтін болсақ, Құрманғазының шығармалары – күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Бірде-бір құдірет қазақтың кеу­десінен дәл Құрманғазы күй­ле­рін­дей орын алған емес. Қа­зақ­стан­ның батысында да, шығысында да, оңтүстігі мен солтүстігінде де асып-төгіліп жатқан Құрманғазының аса бай қазынасы қай қазақтың болсын жүрегінің кілтін тауып, төрінен орын алады. Құрманғазы шығар­ма­лары әлемге танымал му­зы­ка­тану­шылардың айтуы бойынша, өзінің құдіреттілігі, тереңдігі мен алуан мазмұндылығы жөнінен әлемнің әйгілі композиторлары Бахтың, Гайднның, Моцарттың, Бет­хо­вен­нің, тағы басқалардың шы­ғар­ма­ларынан еш кем емес. Бұл Ахмет Жұ­бановтың зерттеулерінде, мо­но­графияларында жан-жақты ашып көр­сетілген. Сондықтан бүгінгі кон­курстың Құрманғызының ат­ында болуы, бұл – қазақтың ат­ын­дағы конкурс дегенмен бара-бар. Қазіргі Қазақ елінің күй өнерін өрге сүйреп жүрген небір таланттар дәл осы конкурстың лаур­еат­ты­ғынан бастаған. Тіпті күні кеше ғана осы байқаудың лауреаты бол­ған Нұркен Әшіров бүгінгі таңда те­ңдесі жоқ тамаша дом­бы­ра­шылардың қатарына келіп қо­сылды. Сондықтан сахнаға шығып отырған бүгінгі жас мұзбалақ қырандарға, көк қауырсындарға күй көгіне шығатын биіктерің шырқауда болсын, бармақтарыңа Құрманғазының құдіреті бітсін, қазақтың күй өнерін әлем мә­де­ниетінің төріне шығара бе­рің­дер деймін” деген тілегін бай­қаудың өткені мен бүгіні туралы түйін­делген бүтін сөз деп білеміз. “Домбыра, шертер”, “Қобыз-прима”, “қылқобыз”, “үш ішекті домбыра”, “сырнай” музыкалық аспаптары бойынша Құрманғазы күйлерінен сайысқа түсетін жастардың шеберлігі мен еңбегін бағалауға еліміздегі жетекші музыкалық оқу орындарының мамандары, белгілі өнер майтал­ман­дары тартылып отыр. Күй қанатымен желпитін кешті келіп тамашалаймын деушілер болса, осы күндерде Президенттік мәдениет орталығының, Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залы мен Концерт залының есіктері өнер­сүйер қауымға айқара ашық. Құрманғазы бабамыздың 25 күйі, шетел және қазақ ком­по­зи­тор­ла­рының қазіргі заманғы және клас­сикалық шығармаларын жатқа орындайтын жастардың өнерін тамашалаудан жұрт жалыққан ба? Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.