• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2022

Ұлт саулығына төнген қауіп

940 рет
көрсетілді

Ауыл клубындағы мәдени іс-шараларға қатысудан қашатын жастар қаладағы түнгі клубтарды жағалап жүр. Көңіл көтерсін. Өмір зулап өтер шын. Әттеген-айы сол, синтетикалық есірткіге деген құмарлықтың «төркіні» сол жақ. Клубқа есін біліп кірген жасөспірім есірткіге еліктеп, есіріп шығып жатыр.

Ұнтақ һәм ұлт саулығы

«Жастар – біздің болашағымыз!» деп ұрандатып жүрген соң алаңдайды да жұртшылық. Нашақор жастарға елдің келешегін қалай аманат етесің? Бұл – үлкен проблема! Содан болар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударды. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тəркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан əрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны əлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге əкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге жəне таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен жəне есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын əзірлеу қажет», деп тапсырды ел Президенті.

Үлкендер жағы «Синтетикалық киім дегенді естідік. Есірткісі не?» деп түсі­нік­сіз ойдың жетегінде болар. Жастар болса, әбден меңгеріп алған. Оны қолдан­бай­тын­дардың өзі бүге-шегесіне дейін талдап, сайрай жөнелер. Иә, ол «дәстүрлі» ине һәм шөп тектес зат емес, кір жуатын ұнтақ сияқты.

Алматылық психиатр-нарколог Анна Трубникованың айтуынша, синтетикалық есірткінің әсері күшті. Адам оны бір рет шеккеннен-ақ тәуелді болып қалады. «Көбі синтетикалық есірткі героиннен жеңіл деп ойлайды. Олай емес. Мысалы, героинмен салыстырғанда «скорость» деген химиялық есірткінің әсері 20 есеге жоғары. Жасөспірімдер жеңіл есірткі деп ойлайды да, пайдаланып көреді. Бірақ артынан бізге психозбен түседі, шизофрения болады. Ондай ауруды емдеуге болады, алайда толығымен жазылып шығу мүмкін емес. Себебі адамның жүйке жүйесі тез бұзылады», дейді маман.

Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі каннабиноидтер, яғни спайс екен. Бұл «тұздар» деп те аталады. Адамды өзіне бірден тәуелді ететін бұл есірткі Қазақстанға Қытайдан жеткізіледі екен. Спайс деп аталатын темекі қоспасы да бар. Оның құрамына психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе шалфей, көк лотос, гавайлық раушан гүлі адамды мәңгіртіп тастауға толық жетеді. Кейін­нен зерттеулер жүргізгенде ұнтақтан қара­сорада кездесетін синтетикалық заттар каннабиноидтердің бірқатары табылды. Өндіруші шөп қоспасына дамыған елдердің көбінде тыйым салынған син­тетикалық психобелсенді заттарды қосқан. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кеңінен тарап отыр. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Бірқатар елде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық есірткілерге қатаң тыйым салынғанын атап өткен жөн.

Анна Трубникованың мәліметінше, бүгінде нашақорлардың өмір сүру ұзақ­ты­ғы да қысқарып отыр. Себебі есірт­кінің әсері өте қатты болып кеткен. «Бұрын нашақор адам шамамен 10-15 жыл өмір сүретін. Қазір ол әрі кетсе, 5-7 жыл ғұмыр кешеді. Ал кейбір есірткіден кейін екі жылдан соң қайтыс болады», деді нарколог. Өмір мен өлім деген осы-ау...

Есірткіні үйінде дайындаған

Тәртіп сақшыларының айтуынша, көбіне синтетикалық есірткіні жұмыс істе­­мейтін адамдар «кәсіп» қылады екен. Ал есірткіні жасау­ға қажетті ингредиенттер Ресей мен Украи­на­дан жеткізілетін көрінеді. Сөйтіп үйінде отырып-ақ жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға дағдыланған. Байқап отыр­саңыз, бұл есірткіні дайындау үшін арнайы зерт­хананың да керегі жоқ.

Ішкі істер министрлігі есірткі қыл­мы­­сына қарсы іс-қимыл департа­мен­тінің басқарма басшысы Бақытжан Әмір­ха­нов­тың мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 1 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Оның ішінде өткізу фактілері – 1 055, аса ірі мөлшерде сақтау дерегі – 262. Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы – шамамен 333 кило. Жалпы есірткінің салмағы – 4 тоннадан астам.

– Қазақстанға синтетикалық есірткінің түрлері 2015 жылдан бастап келе бастады. Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес жүргізіліп жатқан іс-шара­лардың нәтижесінде 2017 жылы 6 кило есірткі тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш 140 килоға жетті. Ішкі істер органдары жыл басынан бері 87 кило синтетикалық есірткі тәркіледі, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 2 есеге көп. Қазақ­стан мен Ресейдің құқық қорғау органдары екі елдің аумағында синтетикалық есірткі­лер­ді жеткізудің трансұлттық арнасына тос­қауыл қою бойынша арнайы операцияны аяқтады. Арнайы іс-шара өткен жылдың соңынан биылғы сәуір айына дейін өткізілді. Бір мезгілде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Омбы мен Таразда синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі және Қазақстанда оларды қабылдап алушы ұсталды. 260-қа жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Оның жалпы сомасы 9,5 млн АҚШ долларына тең. Ал дозамен айтсақ, миллионнан асып кетеді. Операция кезінде 13 адам ұсталды, қазіргі таңда бұл деректер бойынша тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді Бақытжан Әмірханов.

Заң зұлымдыққа тосқауыл бола ма?

Соңғы уақытта көптеген қалада синте­ти­ка­лық есірткіні жарнамалау белең алған. Жасырын жарнаманы қоғамдық орындардан көптеп кездестіруге болады. Мысалы, сіз көпқабатты үйлердің қабырғаларынан, дуалдардан түсініксіз граффитиді, аэрозоль бояулармен жазыл­ған жазуларды, хэштегтер мен сызбалар­ды көрдіңіз делік. Бұл нашасыз тұра алмай­тын­дарға арналған белгі, ымдар. Есірткі саудасымен айналысатындар, «тәжірибелі» тұтынушылар мұның Telegram каналдағы есірткі сататын дүкендердің мекенжайы екенін бірден біле қояды. Әлеуметтік желіні осындай мақсатқа пайдаланғандар саудасын қыздырып отыр.

Әрине, кеселдің алдын алу үшін заң­­ды күшейту маңызды. Осы ретте, соңғы бірнеше жылда ұлттық заңнама айтар­лық­тай пысықталған. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмаған. Осыған орай, Қыл­мыстық кодекстің 297-баптың 3-тар­ма­ғының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалған. Мәселен, жыл басынан бері ішкі істер органдары 150 факті тіркеген. Оның 79-ы жарнама бойынша, 153-і интернет арқылы сату дерегі.

– Өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттардың «криминалдық» мөлшері азайтылды. Оған сәйкес, мефедрон, пировалерон және сол сияқты заттар 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтер 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қылмыс болып табылады. Тиісінше оларды өткізу мақ­сатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қыл­мыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтағаны үшін мұн­дай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды, – дейді Б.Әмірханов.

Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірт­кіге қарсы барлық үш конвен­ция­сының қатысушысы бола отырып, осы сала­дағы өзінің халықаралық міндет­те­ме­ле­рін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңілдеткен нормалар енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жар­на­малау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде графити-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қыл­мыстың жаңа құрамы енгізілді.

Бесіктен белі шықпай...

Статистикалық деректерге сенсек, синтетикалық есірткіге тәуелді бола­тын­­­дардың басым көпшілігі 14-21 жас ара­лығындағы жасөспірімдер. Ең қор­қы­ныштысы, олардың қатары ай, жыл емес, күн санап артып келеді. «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақованың айтуынша, елімізде 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың маусымы аралығында жастар арасында есірткіні қолдану жөніндегі ұлттық зерттеу (ESPAD) жүргізілген. Негізгі мақсаты – тұтынудың клиникалық, әлеуметтік-эпидемиологиялық себептерін анықтау және 13-18 жас арасында есірткі заттарды қолданудың таралуын зерттеу. Зерттеу жұмыстары мектептер мен орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын, яғни 13-18 жас аралығындағы қыз бен жігітті (9 111 бала) қамтыған. Оған сәй­кес, психоактивті затқа тәуелді болып тір­­келгендердің ең жасы 13-те болса, есірт­кінің дәмін алғаш рет татып көрген баланың жасы 11-де екені анықталыпты. Сұмдық! Мемлекет басшысының тапсырмасын күтіп отыру дұрыс емес. Құзырлы органдар өзіне тиесілі жұмысты уақтылы әрі сапалы атқарса, кез келген кеселдің алдын алуға болады.