Тың игеру жылдары жан-жағы соқаға түсіп жыртылып, тарихы тасада қалған киелі нысанның бірі – Дүрен ана обасы. Елсізде елеусіз қалған оба көпшілікке беймәлім болғанымен, бүгінде оның тарихын көнекөз қариялардан естіген бірен-саран кісілер ғана қалған.
Өңір шежіресін құнттап жинап, обаның обалын ойлап жүрген қарияның бірі – Қостанай қаласында тұратын зейнеткер Жанбосын Сейітбаев ақсақал Меңдіқара ауданындағы Лоба ауылының маңындағы егін алқабының ортасында қалған Дүрен ана обасының ескіде дүйім ел қасиет тұтқанын, алайда тың игеру жылдары айналасы түгел жыртылып кеткендіктен, обаға апаратын ескі сүрлеу жойылып, киелі орынға тәу етіп бару мүмкін болмай қалғанын қынжыла айтады.
– Дүрен ананың тарихын жастар тұрмақ біздің қатарымыздағылардың көбі білмейді. Біледі деген біздер үнсіз кетсек, тарих ұмытылады. Аталарымыздан ауызша жеткен әңгіме бойынша, Дүрен ана жаугершілік заманда ел-жұртқа пана болып, жер қорғаған, жау қолына қарсы шауып қорамсаққа қол салған аруақты кісі болған екен. Обаған өзенін бойлай ел қоныстандырған. Дүрен ана жер дауы, жесір дауы, жетім ақысы сияқты ел ішіндегі мәселелерді де реттеп, керек кезінде билікке араласып отырған, – дейді қария.
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерде Дүрен ана кейде Дүрен қыз, Дүрен кемпір деп те айтылады. Меңдіқара өңіріндегі Балықты ауылының ақсақалы Нұртай Қожахметтің айтуына қарағанда, Дүрен ана обасы ғасырлар бойы сақталып келе жатқан көне қорым саналады. Бұрынырақта «Үлгілі» кеңшарынан 5-6 шақырым жердегі Құрсай деген жерде егіншілер қосыны болыпты.
– Бала кезімізде сол қосынға тамақ апарып тұратынбыз. Сол кездері өзім құралпы балаларға Дүрен обасы кәдімгідей тау сияқты биік көрінетін. Егін жұмыстары алғаш Құрсайдан басталып, одан Егінсайға жылжып, Дүрен обасының айналасы түгел жыртылып кетті. Құрсайға баратын жол Дүрен обасының жанынан өтетін. Обаның маңайында айнала толған ескі зираттар болатын. Бала кезімізде қорықсақ та, сол обаның үстіне шығатынбыз. Обаның биігіне шығып қарағанда Лоба, Балықты ауылдары төменде, аяқтың астында сияқты болып көрінетін. Үлкендер балалардың аруақты кісі жатқан маңайға барып ойнауына, ол жақты нұсқап сұқ саусағын шошайтуға, обаның үстіне шығуға тыйым салып отыратын. Дүрен анамыз ел басына күн туған шақта ер-азаматтармен қатар қайрат қылып, жер қорғаған, дана әйел болған деседі. Аталарымыздың көшін осы өңірге бастап келген сол кісі деп үлкендер үнемі айтып отыратын, – дейді Нұртай ақсақал.
Бүгінде тоқсан жасқа таяп қалған Лоба ауылының тұрғыны Біржан Есболов қария еңбек жолын 1954 жылы тың көтерушілермен қатар бастапты. Зейнетке шыққанша бір шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеген.
– Тың игеру жылдары киелі оба егіннің ортасында қалып, маңайы Лоба бөлімшесінің 12-ші алқабына айналды. Егін науқанында қазақ механизаторлар соқа сүйресек те, жер тырмаласақ та обаға жақындамай, ол маңайдағы зираттарда жатқан аруақтарды мазаламайық деп трактордың сайманын көтеріп, алыстан айналып өтетінбіз. Бірақ тілі мен діні басқа тракторшылар ештемеге қарамады. Ауыл үлкендерінің обаны айналып өтіңдерші деген өтініштеріне де құлақ аспайтын. Тыңға да неше түрлі бұзақылар келді ғой. Қызық көріп шынжыр табан тракторымен обаның үстіне шығып, арлы-берлі ойқастап кететін. Бұл өңірдің тарихынан бейхабар тікбақай шаруашылық басшылары солардың сөзін сөйледі. Ақыры обаның айналасындағы зираттар тып-типыл тегістеліп, егістікке айналып кетті, – дейді зейнеткер.
Ақсақалдың айтуынша, Дүрен ана обасының үстіне трактор ойнақтатқандардың кейін ешқайсысы оңбапты. Біреуін жын қағып кетсе, екіншісі суға кетіп, сол күйі табылмаған.
Жанбосын қария Дүрен ана обасына жұрт жиі барып, құрбандық шалып, Құран оқып, дұға бағыштап тұрған дейді. Сапарлап бара жатқан жолаушының ешқайсысы обаның басына тоқтап, Құран оқып, дұға бағыштамай өтпеген. Кейін жол жабылған соң, шаруашылық басшылары егін тапталады деп обаға ешкімді жібермей қойған көрінеді. Осылайша, ескіден үзілмей келе жатқан көне қорымға тәу етушілер бірте-бірте сиреп, ұмытыла берген.
«Мың естігеннен бір көрген артық». Таяуда обаның тарихын жақсы білетін зейнеткер Жанбосын Сейітбаевқа ілесіп Дүрен ананың басына барып, Құран оқып қайттық. Оба ірі кәсіпкер А.Двуреченский басқаратын шаруашылыққа тиесілі алқаптың ортасында қалған екен. Меңдіқара ауданындағы Красная Пресня ауылынан Обағанға апаратын күре жолдың оң жағында шамамен екі шақырымдай жерде жатыр.
– Бала кезімде биік болатын. Алыстан менмұндалап тұрушы еді.
Шөгіп қалыпты. Ауыл ақсақалдары бұл обаны салғанда салт атты жігіттер анадайдан шауып келіп төбесіне құлаштай лай лақтырады екен. Осы елдің азаматтарын ұйымдастырып, басына бір белгі қойып, айналасын техника таптамайтын етіп қоршап қойсақ деген ниет бар. Мына алқапқа иелік етіп отырған шаруашылықтың басшысы обаға баратын жол қалдырса, арманым болмас еді. Кейінгі ұрпақ туған жердің тарихын білуі керек. Мұның тарихын білетіндер де қартайып барамыз, бізді қанша жүреді ғой дейсің. Бір күні көз жұмып, қисая кетсек, мойнымызға қарыз болмай ма деп қорқам, – деді Жанбосын қария.
Обаның шеті еңкіш тартқанымен, биіктігі қазірдің өзінде бір жарым-екі метрге жақындап қалады, диаметрі 15 метрдей болар деп шамаладық.
Есті сөз ұстаған ескі көздердің ендігі тілегі – есімі аңызда қалған Дүрен ананың басына шағын белгі орнатып, жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарына енгізу. «Кейінгі ұрпақ туған өңірдің өткенін, елдегі жер-судың тарихын біліп өсуі керек», дейді қариялар.
Қостанай облысы