ВАТИКАН – Папа Франциск осы аптада Қазақстанға барғанында Орыс православие шіркеуінің басшысымен кездесемін деп үміттенген еді. Алайда Патриарх Кирилл мұндай кездесуден бірнеше апта бұрын бас тартты.
Сейсенбі күні Франциск тұрғындарының басым көпшілігі мұсылмандар болып саналатын бұрынғы кеңес республикасына сапар шегіп, шағын ғана католиктер қауымымен жүзбе-жүз сөйлеспекші және Қазақстан ұйымдастырып отырған әлемдік діндер көшбасшылары конференциясына қатыспақшы.
«Бұл соншама дін өкілдерімен кездесуге және қазір біздің Әлем мұқтаж болып отырған бейбітшілікке деген ортақ ұмтылыс тән бауырлар ретінде диалог жүргізуімізге себеп болады», деді Франциск жексенбі күні Әулие Петр алаңына жиналған мыңдаған адамның алдында.
Алайда Қазақстанның католик діндарлары Кириллдің болмауын уыстан шығып кеткен мүмкіндік деп санайды. «Мен үшін өкінішті жайт, – деді Қарағанды епархиясының епископы Аделио Делл’Оро. – Съезд алаңында олардың кездесуі бейбітшілік орнату процесіне елеулі үлес болып қосылар еді. Соған өкінемін. Бірақ қайтеміз, көнеміз де».
Дінаралық съезд – Қазақстанда, солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен шекаралас және 130-ға жуық этностық топ үшін өз үйі болып отырған елде үш жылда бір рет өткізілетін маңызды оқиға. Бұл осы елдің сыртқы саясатының және көпмәдениетті, көпэтносты халқының көрінісі, оны көптен бері Шығыс пен Батыстың арасындағы қиылыс деп те атайды.
«Қазақстан – диалог жалаң ұран болып саналмайтын жер, бұл қазақ бренді деуге болады, – деді Қазақстан епископтық конференциясының баспасөз хатшысы монсеньор Петр Пытлован. – Қазақстан тек осы съезд уақытында ғана емес, одан кейін де қазіргі әлем бетпе-бет келіп отырған әртүрлі проблемаларды шешудің мүмкін жолдарының бірі ретінде диалог жүргізуді ұсынады».
Әулие II Иоанн Павел Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін он жыл өткенде, 2001 жылы осы елде болғанында Қазақстанның әркелкілігін атап өтіп, сталиндік қуғын-сүргін кезінде, 1936 жылдан бастап этностық поляктар Батыс Украинадан Қазақстанға тұтас деревняларымен жаппай депортацияланғанын, ал Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Кеңес өкіметі жүздеген мың этностық немісті, чешендерді және басқаларды нацистерге жақтас деп айыптап, Қазақстанға депортациялағанын еске салған болатын. Депортацияға ұшыраған көптеген адамның ұрпақтары осында қалып, кейбіреулері елдің католиктік қауымын құрды. 19 миллион халқы бар елде оның мүшелерінің саны 125 мыңға жуық.
Қазақстан епископтары Францисктен үш күндік сапары барысында бұрынғы тұтқындалғандарға арналған кеңестік еңбек лагеріне баруды өтінген еді. Алайда 85 жастағы Папа тізесін жарақаттап алғанына байланысты мүгедек қоларбасымен және таяқ ұстап жүргендіктен, бұл өтінішті орындаудан бас тартты. Оның бағдарламасында конгреске қатысатын діни көшбасшылармен жеке кездесулерге арналған уақыт бар. Ватикан олардың тізімін жарияламаса да, кездесуге қатысушылардың арасында Каирдегі суннит орталығы әл-Азһардың ұлы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб болады деп күтіліп отыр.
«Егер Франциск пен Кирилл кездескен болса, онда Қазақстан араағайын болып шығар еді. Бірақ бұлай болмағаны тіпті жақсы. Өйткені мұндай жағдайда Қазақстан украиналық дағдарысқа араласып жатқан ел сияқты болып көрінер еді», дейді Орталық Азия бойынша сарапшы әрі халықаралық бейбітшілік жолындағы Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров.
Дайындаған
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»