Ақсудың Алғабас ауылдық округінің аумағы «батырлар мекені» аталып кеткен. Себебі бұл жерде Ер Сырымбет батырдың және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Осыдан біраз жыл бұрын жергілікті өлкетанушылар ауыл маңынан қазақ-жоңғар соғысының қаһармандары Өмірзақ Қойсарыұлының және Өтен Ырыскелдіұлының жерленген орындарын тапқан еді. Жуықта қос батырға ескерткіш тас орнатылды.
Тарихта есімдері қалғанымен, ерлік істері аз зерттелген рухты бабаларымыз Орта жүз Бәсентиіннің Қойсары тармағынан тарайды. Өлкетанушы Берік Ескендіров келтірген деректерге сүйенсек, Өмірзақ батыр 1705-1770 жылдары, ал Өтен батыр 1720-1805 жылдары өмір сүрген. Атақты «Серектас шайқасына», қазіргі Май ауданындағы «Қалмаққырған» жерінде өткен қазақ-жоңғар соғысының шешуші кезеңіне бұл ерен күш иелерінің қатысқаны даусыз. Себебі батырлардың жерленген зираттары да тарихи шайқас аумағынан аса алыс емес.
XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде Орта жүз руларының жоңғарларға қарсы азаттық соғысында қазақ қолдары жеңіске жетіп, Сарыарқа, Ертіс өңірі, Қарқаралы, Баянауыл жерлерінен қалмақтар ығыса бастады. Осы кезеңде Малайсары тархан бастаған бәсентиін батырлары алдыңғы шепте жүргенін тарихшылар аз жазған жоқ. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов өзінің Павлодар уезіне қатысты еңбегінде: «Бәсентиіндердің келуі ХVІІІ ғасырдың басына тұспа-тұс. Негізі Бәсентиін рулары Түркістан жағынан Павлодар уезіне сүйіндіктерден бұрынырақ келген секілді» - деп келтіреді.
Жоғарыда атап өткендей, Өмірзақ пен Өтен батырлар Бәсентиіннің Қойсары тармағынан тарайды. Ал Қойсары – іргелі ру Бәсентиннің Жаманай бөлімшесінің бір тармағы. Бұл жөнінде тарихшы Салық Зиманов: «Бәсентиін-Бәйімбет атасы Жаманай, Бейсен секілді екі тармағымен Баянауыл округінде жеке болыс құраған. Бұл топтың ішінде басқаларға қарағанда басымдыққа ие болған Жаманайдың Қойсары тармағы» – деп атап көрсетеді. Сол Қойсарының бәйбішесінен Өмірзақ батыр дүниеге келеді. Ал Өтен Қойсарының екінші әйелінен туған Ырыскелдінің ұлы делінеді.
Жоңғарларға қарсы тойтарыс беруде Қойсарының балалары мен немерелері аса белсенділік танытқан. Әсіресе жекпе-жек шайқастарда Өмірзақ батыр жиі көзге түседі.
Жергілікті өлкетанушы Дәурен Аяшинов бұл рудың белгілі адамдарын кеңірек зерттеп, Ақкөл-Жайылма өңірінен «Өмірзақ» көлін тапты. Ал оған жақын орналасқан тағы бір көлдің атауы – «Бәсентиін». 1878 жылы жасалған картада осының барлығы анық көрсетілген. Павлодар облыстық мемлекеттік архивінде Өмірзақ Қойсарыұлының өз туысы Өтен батырмен байланысы жайлы құжат та сақталған.
Жуықта Алғабас ауылы маңында даңқты бабаларымыздың ұрпақтарының ұйымдастыруымен ескерткіш тас қойылып, батырлардың рухына дұға бағышталды. Шара одан соң Еңбек ауылына ойысып, дүбірлі тойға ұласты. Бұл жерде ат шабылып, жиналған жұрт аударыспақтан және ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарда күш сынасты. Атап өтерлігі, Өмірзақ батыр жерленген орыннан 10 шақырымдай жерде Ер Сырымбет батыр және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Ол аумақтар әзірше қоршалмаған, тек құлпытастар ғана қойылыпты. Болашақта қос батырға ескерткіш орнату жоспарда тұр.
Жергілікті өлкетанушылардың сөзіне сүйенсек, батырлар мекенін тарихи-археологиялық тұрғыдан зерттесе болар еді. Бұл жерде қазақ-жоңғар шайқасына қатысты талай жәдігер мен батырлардың зираттары табылуы мүмкін.
Павлодар облысы