Қазақ елі дүние жүзіндегі тоғызыншы территорияны еншілеп отыр. Ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ жерімізге Франция, Германия, Ұлыбритания, Испания, Аустрия, Нидерланд, Жапония елдері бірге сыйып кетеді екен. Бұл – Қазақстанның Еуропа мемлекеттерінен басты ерекшелігі. Алайда осы маңызды ерекшелік еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарларын айқындау кезінде кейде жете ескерілмей, еуропалық стандарттарды жөнді-жөнсіз тықпалаудың аяғы өкінішті салдарларға әкеліп соғып жатады.
Мәселен, бұрын әрбір шағын ауылдың өзінде медициналық пункт жұмыс істеп, науқасқа шалдыққан адамдарға алғашқы медициналық-санитарлық қызметті көрсетуші еді. Өкінішке қарай, Үкімет «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» 2009 жылғы 9 сәуірдегі №494 қаулысымен ауылдық елді мекендердегі денсаулық ұйымдарын «оңтайландыруды» жөн деп шешкен. Сөйтіп тұрғындарының саны 800 адамға жетпейтін шағын ауылдардағы медициналық пункттердің бірсыпырасы жабылды. Ал біразында қызмет істеп тұрған фельдшерлік-акушерлік пункттер қызметкерлерінің саны қысқартылып, медициналық пункттерге айналдырылды. Халқының саны 2 мың адамға жетпейтін ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялардың штаты да «қайшыға ілініп», фельдшерлік-акушерлік пункттер болып қайта құрылды. Сондай-ақ тұрғындарының саны 10 мың адамға жетпейтін ауылдық елді мекендердегі ауруханалардың дәрігерлері де қысқартуға ұшырап, мұндай денсаулық сақтау ұйымдары дәрігерлік амбулаториялар ретінде қалдырылды. Осындай еуропалық стандарттарға сай «оңтайландыру» халық денсаулығына теріс әсерін тигізгені анық. Әсіресе қысы қатал солтүстік өңірлерде қатты боранды күндері жолдар жабылып, «Жедел жәрдем» көліктері өте алмай қалатындықтан, дәрігері жоқ ауылдардағы талай науқас дер кезінде тиісті медициналық көмекті ала алмай қиналып, денсаулық жағдайын нашарлатып алғаны, ал қайсыбірі жантәсілім болғаны жасырын емес.
Бұдан төрт жылдай бұрын Қарағанды облысының шалғайындағы Шет ауданының Ақжал кентіне жолымыз түскен еді. Сонда жергілікті тұрғындар 4 мың адам тұрып жатқан кенттегі аурухана қысқартылып, дәрігерлік амбулаторияға айналдырылғанына үлкен реніш білдірген. Себебі олар әбден тозығы жеткен жалғыз «Жедел жәрдем» көлігімен машақат шегіп, аудан орталығы мен Балқаш қаласындағы ауруханаларға барып емделуге мәжбүр болып жүр екен. Олар жабылып қалған аурухананы қайтадан ашуға, тым болмаса науқастарды тасымалдауға ыңғайлы заманауи реанимобиль бөлуге көмектесуімізді сұраған. Ақжалдықтардың осы мұқтаждығын кейін сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановқа жеткізгенбіз. Ол Ақжал кентіндегі дәрігерлік амбулаторияны реанимобильмен қамтамасыз ету мәселесін бірден шешіп берген-ді. Ал бұрынғы аурухананы қалпына келтіру Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек... Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.
Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды», деді. Президент айтқан 650 ауылдық елді мекеннің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемесіз қалғаны – Үкіметтің жоғарыда аталған қаулысының салдары. Оны дайындаған Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері – «асфальтта өскен» һәм Еуропада білім алған мамандар болар. Оларды министрлікке жауапты қызметке тағайындамас бұрын ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарына жұмысқа жіберіп, нақты өмір шындығын көрсетіп алу керек еді, әрине...