ІЗДЕНІС ЖОЛДА ҚАЛДЫРМАЙДЫ
“Жан плюс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Төреханова Шалқар ауданындағы Жылтыр ауылында көп балалы отбасында өскен. Мектептен кейін Свердловскідегі индустриялық-педагогикалық техникумына түскен ол, 1991 жылы туған ауылына оралды. Мектеп қабырғасында жүргенде жұптары жазылмайтын көршінің баласы Есімбектің қолынан ұстап, сол шаңыраққа келін болып түсті. Кеңшарда экономист болып істейтін атасы Жәзит те, балабақшада тәрбиеші енесі Шәйлан да жайсаң жандар еді. Өзі бір жылдай енесімен бірге балалар бақшасында жұмыс істеді. Кейін Шалқар қаласына қоныс аударды. Мұнда жолдасы Есімбек электр желілері кәсіпорнында еңбек етті.
Ауылдық жерлердегі қиындықтың шет жағасын көрген жас отбасы облыс орталығына көшу жайлы пікірлескенде ата-аналары қарсылық білдірмеді, өздері талап қылып жүрген оларға жол болсын тіледі. Сөйтіп, олар 1994 жылы облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер сатып алып, бір күнде ақтөбелік болып шыға келді. Қалалық болғандарымен іргелі кәсіпорындар іркіттей іріп жатқан өліра шақта жұмыс табу мұң болып қалды. Табиғатынан еті тірі, өз ойын іркілмей айтуға бейім Сәуле бұл жолы да Есімбектің алдын орап кетті. Саудамен айналыссақ қайтеді деген пікірін білдірді. Бұрыннан да ортақ ойласып жүрген, пісуі жеткен шаруа болған соң ба, ол да қарсы болмады. Ендігі кезек қаржы табу болды. Ауылдағы ата-аналары да қарап қалмады. Азын-аулақ қаржыларын қолдарына салды.
– Шыны керек, ата-аналарымыздың сенімі бізді қанаттандырып жіберді. Сөйтіп, Есімбек екеуміз таза жүннен тоқылған кілемдерді сатуға шықтық. Ол уақытта кәсіпкерліктің жабайылау кезі. Алматыдан, Қырғызстанның Қарабалта, Тәжікстанның Ленинабад, Өзбекстанның Үргеніш қалаларынан кілем әкеліп саттық. Барлық саладан береке кетіп, тәртіпсіздік жайлаған сол кезде бума-бума кілем тасудың қиындығын басқа бермесін. Шаршадық та, үнемі пойыздың үстінде жүрдік, талас-тартыс, айғай-шуға да үйреніп алдық. Сол жылдары құс ұйқылы күн кештік. Сол кезде қырқынан жаңа шыққан тұңғышым Алмасбекті анам Гүлжан бағып-күтті. Әйтеуір көңілге медет тұтатынымыз – шаруамыздың жүргені, – дейді Сәуле қарындасымыз күлімсіреп.
Қара базарда кілем сатумен нәпақасын айырып жүрген жас жұбайлардың шаруасы алға озбағанымен, көштен қаларлық емес еді. Сәуле енді Рудныйдан индустриялық-құрылыс техникумын бітіріп, құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген інісі Мұхтарды, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген сіңлісі Гүлбануды қатарларына тартады. Есімбек пен екеуі кілемдерді жеткізеді, олар оны базарда сатады. Олар осылай аттың жалы, түйенің қомында жүре берер ме еді, кездейсоқ жәйт болмағанда.
– Адамның адамгершілігі жол сапарларда сыналады. Біз жол үстінде жүріп, ағайынды Нәсим, Мүсим деген тәжік достарымызбен таныстық. Соларға барып жүріп, қолдан жиһаз жасап жатқандарды көріп, осындай іспен айналыссақ қайтеді деген ой айттық. Тәжік достарымыз шеберлерін әкеліп, көмек беруге келісті. Айтқандарында тұрды да. Біз бір жер үйді жалдап, іске кірісіп кеттік. Алайда, жиһазға қажетті материалдарды, фурнитураларды іздеп бірде Ресейге, жұмсақ жиһазға таптырмайтын мақта үшін Оңтүстік Қазақстанға сапарлаған кездеріміз әлі күнге көз алдымызда. Жиһазымыз өтпеген күндері тоғызыншы қабаттағы пәтерімізге көтерудің әлегін айтпаңыз. Ал кеденнен өтудің шаруасы өз алдына. Кейін жер үй сатып алып, Шалқардағы әкем Жарылқағанның үйін бұзып әкеліп, бір жазда әсем үй тұрғызып бердік. Сондағы әкемнің бұл үйге жаңа құрылыс материалдарын пайдаланайық десем, жоқ, өзімнің терім сіңген бұрынғы материалдармен сал дегенін қайтерсің. Әке сөзін орындадық, әрине. Өзі ескі шегелерді түзетіп, күн ұзаққа отырды. Бұл аға буынның қанағатшылық қасиеті болар, бәлкім, – дейді Сәуле қарындасымыз.
Кәсіпкерліктің дәмін татқан Сәуле Төреханова істі жүйелемесе болмайтынын түсініп, бұрынғы үй құрылысы комбинатының қаңырап бос тұрған ғимаратынан 4500 шаршы метр алаңды сатып алады да, оны жиһаз шығаратын цехқа айналдырады. Оған Германияның “Алтеньдорфь” фирмасының станоктарын қояды. Өндірістері жолға қойылған соң тәжік достары еліне қайтады. Ол енді ақтөбеліктерді жұмысқа алады. Кәсіпті игеріп, қай материалды қайдан алуға болатынын білгеннен кейін, олар үйдің жертөлесінде, біреудің қорасында жиһаз жасап, өздеріне бәсекелес бола бастайды.
– Біз бұлай жалғастыра берудің жөні жоқтығын түсініп, біраз қоң жинағаннан кейін біздің жиһаздарымызға тапсырыс беруші кәсіпорындардың сұранысын өтейтіндей өндіріс қуатын ұстап, кәсіпкерлікті әртараптандыруға көштік. Соның ішінде, Италиядан, Польшадан, Белоруссиядан, Әзірбайжаннан дайын жиһаздар жеткізіп, сатумен айналыстық. Ол үшін қаланың орталығынан жер алып, үлкен жиһаз дүкенін салдық. Оны АҚШ-тың Бостон университетінде экономист мамандығы бойынша оқып жатқан ұлым Алмасбектің атына аштық. Кешегі сіз көрген “Алмаз” жиһаз сауда үйі сол. Осы сауда үйінде және цехта отыздан астам адам еңбек етеді. Бұдан басқа құрылыс-жөндеу жұмыстарымен де айналысамыз. Кезінде қолға аз-мұз қаржы біткенде “Газель” автокөліктерін сатып алып, жолаушылар тасымалдау маршруттарына да шығарғанбыз. Қазір оларды сатып, “КамАЗ” машиналарына айналдырдық. Өз жүктерімізді жеткізеді, жалға береміз дегендей, әйтеуір, талпынып жатырмыз. Асып бара жатқан байлығымыз болмаса да өзіміздің күнкөрісімізге жетеді. Сондай-ақ, ағайын-туғандарыма және басқа ақтөбеліктерге “екі қолға бір күрек” жұмыс тауып беріп отырғанымды көңілге медет тұтамын,– дейді “Жан плюс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Төреханова.
Кәсіпкер қарындасымыз отбасының да ажары. Түздегі шаруаның да ұтырын білетін, үйдің шаруасын да дөңгелетіп әкететін Сәуленің инабатты келін, асыл жар, абзал ана екені әр сөзінен, іс-әрекетінен аңғарылып тұрады. Ашық-жарқын мінезі айналасындағыларға нұр құйып тұрғандай. “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” дегің келеді осындайда. Бүгінде жолдасы Есімбек екеуі екі ұл өсіріп отыр. Ол да осы серіктестікте еңбек етеді, өзара ортақ ойласып шешкен шаруаларда ақыл-кеңесін айтып, жан жарына сүйеу болып жүреді. Алмасбегі АҚШ-та оқып жатса, Мирланбегі №9 мектеп-гимназияның бесінші сыныбында. Айналасына қайырымдылықтың шуағын шашып жүретін ол кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпайды. Өтінішпен келгендерге қолұшын беруге дайын тұрады. Басқасын былай қойғанда, жақында ғана өзі оқыған мектепке демеушілік көмек көрсетіп, ауылдастарының ризашылығына бөленуі неге тұрады. Қазір мүйізі қарағайдай кәсіпкерлердің қайырымдылық туралы айтсаң, қаржы дағдарысын көлденең тартатынын көзіміз көріп жүр. Ынтымағы жарасқан көп балалы отбасында өскен жарастығы жан сүйсінтетін шаңыраққа келін болып түскен Сәуле Төреханованың біз білетін қырлары осындай.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
АНА ӨСИЕТІ
Менің анам “Қарағым, қоршаған ортаға ешқашан залалыңды тигізбе, қара жер бәрін көтереді, бірақ қарғысы жаман, жер бетіндегі тіршілік атаулының лағнеті өте ауыр. Дана халқымыз “Судың да сұрауы бар” деп бекер айтпаған, абай бол, әр кезде жақсылық істе, бір құдай жар болсын!” деп ылғи айтып отыратын. Әлі сөзіне дәлел ретінде өзінің жарық дүниеге келуі туралы әңгімесін айтатын.
– Мен XX ғасырдың басында, қырғыз елінде, Талас өзенінің бойындағы Манас ауылында туылыппын. Жарықтық менің әкем көп уақыт бойы бір нәресте сүюді армандап, зарлап, бармаған бақсы-балгері қалмапты. Тіпті болмаған соң бір күні ауылдың игі жақсыларын, ақсақалдарын шақырып, ақылдасқан көрінеді.
Сіздерден ақыл сұрайын, менің әйелімнің Алла тағаланың алдында жас кезінде жасаған бір кешірілмес күнәсі бар, бәлкім жастықтың қызуымен, бәлкім, байлықтан көзді шел басқанынан болды ма? Сол күнәсін жууды Жасаған иемнен сұрауға Меккеге аттанайын деген шешімге келдім. Бір шарана сүю арманым. Алла бұйырып, мақсатым орындалса, бұл жарық дүниеде армансыз болар едім, – дейді.
– Балам, жолың болсын! Арманың орындалсын! Қандай қиыншылық көрсең де туған еліңе қуанышпен, аман қайт, – деп ауылдың үлкендері батасын береді.
Сол түні менің анам марқұм түнімен ұйықтамай, Тәңір алдындағы өзінің істеген қылығын ой елегінен қайтадан өткізіп шығады.
Жас келін болып түскен кезі, жарқыраған жаз мезгілі. Сусамыр жайлауында жер беті масаты кілемдей құлпырып тұр. Бүкіл ауыл иіліп жастық, жайылып көрпе болғандай. Ата-енесі де бір алтын кісілер, бұларға бірден сегіз қанатты ақ отау тігіпті.
Келген жері атақты бай. Шыққан тегі де бұлардан кем емес. Әкелген жасау-жиhазға көз тұнады, ақ отаудың ішінде адам жанына керектінің бәрі бар, алысырақ тігілген қараша үйдегі малшы, жалшы, күтушілер айтқызбай-ақ ойындағыны атқарады. Менің анам Дейілда отауын тігейін деп жатқан тұсқа келсе, ол жерде үлкен құмырсқаның илеуі бар екен. Жас келіншекке бұл ұнамаған көрінеді.
“Былайырақ тігейік” дегендердің тілін алмайды.
Әншейінде мейірімді келіншектің қабағы ашылмай, қайтсем де отауымды осы араға тігемін деген ойынан қайтпай, қасарып тұр.
Сөйтіп ол қу бұтақтарды жинап, құмырсқа илеуіне от қойып жібереді. От жанып лаулаған сайын отынды үсті-үстіне сала береді. Біраз уақыттан кейін оттың орнын тазалатып, ақ отауды тіккізді, көңілі орнығып, жаны жадырай бастайды.
Үйдің іші жиналып, түскі тағамнан кейін сыртқа шығып, төңірекке көшіп келген ел-жұртты көргісі келеді.
Дәл осы кезде қараша үйлер жақтан, ошақтың түбінен бір құйын көтеріліпті де көзді ашып-жұмғанша оттың бір ұшқыны ақ отаудың түрулі тұрған есігіне жетіпті. Жас келіншек өз көзіне өзі сенбеді. Шағаладай ақ отау бір мезетте от жалынына бөленді. Отаудың қалай, неден өртенгенін түсінбеген айналадағы жұрттың біреуі су іздеп, енді біреуі не істерін білмей үйді айнала безілдеп жүр. Сөйтіп, ақ отау өртеніп кетеді.
Тек жас келіншек ғана ойға шомып “Мен түске дейін құмырсқаның илеуін өртедім, түстен кейін Жасаған ием менің отауымды өртеді” деп өз ойынан өзі шошыды. Содан кейін де жылдар өтеді. Жас келін отыз жетіге толады.
Жас келіншектің тамағы тоқ, киімі көп, бәрі жеткілікті, бір ғана арман перзенті жоқ. Сол арманды ортаға салған әкеміз Меккеге барып Алладан кешірім сұрап, өмірін жалғастыратын бір ғана тұяғым болса деген оймен алыс сапарға аттанады.
Азапты күндерді өткізіп, қасиетті Меккеге жетіп, Аллаға құлшылық етіпті.
“Айналайын Жаратқан ием, әйелімнің күнәсін кеше гөр, өмірімізді жалғастыратын бір сәби бер деп, күндіз-түні жалынып-жалбарынады. Дәл осы тұста таң ата түс көреді. Түсімде бір қария: “Балам, мына тотықұсты ал” депті де ғайып болады. Әкем сол кезде орнынан қарғып тұрып: “Жасаған ием, ризамын, бір нәресте көреді екенмін” деп шүкіршілік етіп, серіктеріммен елге қарай жолға шығыпты.
– Бір жылдық жолды артқа тастап, еліме жақындап қалдым. Жол бойы елі бай, жері жайлы Меркі жеріне келіп жеттім. Қонақта отырған кезде осы үйдің жап-жас, сұлу қызына көзім түсті. Үйленгеніме қанша жыл өтсе де төсек жаңғырту ойыма келмеген екен, қазір өзімнен өзім көңілім толқып, қайтадан жастық күйге келгендей күй кештім.
Ертеңіне үй иесінің қонақжайлығына рахмет айтып, бір өтінішім барын айттым. Өмірімді бүге-шігесіне шейін қалдырмай, барған сапарымның не үшін екенін түсіндірдім, қызына көңілім ауғанын да жасырып қалмадым. Ол кісі қатты толқып: “Ойыңа түрткі берген Алла тағалам шығар, мен дәулетті болмасам да ұлым, қызым бар, саған қарағанда бақытты әке екенмін. Қыз бала жат жұрттық қой. Қидым саған қызымды”, – депті.
Сөйтіп, көңілі жайланып, жас келіншекті ертіп жолға шыққан әкем бәйбішеме не деймін деп толғанумен болады. Ауылға жақындап қалғанда жанындағы бір жігітіне:
– Ауылға жет, болған жайды оңашалап бәйбішеге айт, – дейді.
Ертеңіне ауылыма келдім. Көңілім күпті, бірақ менің бәйбішем ақылдылық танытты. Қабағы ашық, көңілі қуанышты, менің аман-есен келгеніме жүрегі жарылардай шаттанып жүр.
Жұрт тараған кезде:
– Мен саған ризамын, бас ием. Нәресте сүйсем деген ниетіңе жет. Менен рұхсат, – деді. Алланың көз жасын көргені шығар, көп ұзамай анам жүкті болып, өмірге мен келіппін. Ата-анам дүркіретіп той жасап, атымды Тоты деп қойыпты. Айналайын қызым, менің ата-анамның басынан осындай да жағдай өткен, – деуші еді ол.
Бұл жағдайды қайталап айтып жатқаным, кейінгі жастарға астамшылық жасамаңдар дегім келеді. Иә, өз өміріңде қандай қиыншылықтарға, көз тұндыратын байлыққа кездессең де, перзент сүюдің жөні бір басқа. Білместіктен аузы күйген анамның “Өз өміріңде ешкімге, ешнәрсеге қиянат жасама, бұл дүниеде бәрі өзіңе ерте ме, кеш пе қайтып келеді. Анаңның басынан өткенді, ұмытпа, қызым! – дейтін сөзі құлағымда ылғи да жаңғырып тұрады. Соған орай, тәубемнен еш жаңылмауға тырысып келемін, – деп ол әңгімесін аяқтайтын.
Ботакөз ҚАСЫМҚЫЗЫ.
СҮЙЕГІ БОЛАТ, ЖҮРЕГІ ЖОМАРТ
Шырынкүл Қазанбаева тоқсанға келсе де әлі тың, елі мен Елбасының амандығын тілеп отыр
Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева биыл тоқсан жастың төбесінде тұр. Сәлемдесуге үйіне барғанымызда үстел үстінде жатқан куәлігінен 1920 жылы туылған деген жазбаны көзіміз шалып қалған. “Кезінде комсомолға өтемін деп жасымды кемітіп көрсеткен едім”, – дейді өзі. Батыр апамыздың жаңа үлгідегі төлқұжат алу мақсатымен халыққа қызмет көрсету орталығына барып, оралып отырған беті екен.
– Бүгінгі Нартай Бекежанов атындағы ауыл өткен ғасырдың басында “Атбайлар” деп аталады екен. Бала кезімізде өзіміз де көрдік, ауылдың түстік беткейі қалың жоңышқа болатын. Осы ауылда туып, өсіп-өндік. Атақоныстың бар тарихы көз алдымызда, – дейді ол.
Иә, дала академигі атанған екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасары Шырынкүл Қазанбаева шежіре кісі. Алқалы жиын-тойларда шаршаған сыңай көрсетпей, елдік іске жанашырлық білдіретінін, кесіп-кесіп сөйлейтін кісілігін, ер-азаматқа тән ірілігін айтсаңызшы!
Шырынкүл апа әуелі 1940 жылы Сұлутөбедегі бухгалтерлік курсты бітірген екен. Ал Ұлы Отан соғысы басталар жылы Шиелідегі МТС-тің тракторшылар дайындайтын 3 айлық курсын тәмамдапты. Ел шебіне жау кірген тұста ер-азамат жаппай әскерге алынғаны да оның көз алдында.
– Шиелі стансасынан күніге қызыл вагонның әлденешесі лық толып, майдан шебіне қарай аттанатын. Солардың ішінде күйеуім Жұмаділлә, әкемнің інісі Жайынбай, баласы Тасболат және туған ағам Әбдіхалық, сондай-ақ біз асырап алған татар бала бәрі бірдей әскерге алынды, – дейді ол өткен күндер тізбегін көз алдынан өткізіп.
Апамыздың туыстарынан үш кісі сол күйі хабарсыз кетіпті. Тек Укалов қаласындағы аяқ-киім фабрикасында жұмысқа жегілген ері Жұмаділлә, неміс басқыншыларына қарсы соғыстың бел ортасында жүрген ағасы Әбдіхалық қана елге оралыпты. Бұл кейіннен ғой. Ал соғыс кезінде тылдағы ауыр бейнет әйелдерге түсіп, колхоз бастығы Шырынкүлді трактор рүліне отырғызады. Уақтылы жер жыртып, дән себу қажет. Қырман басу мен малға шөп тасу науқаны кеудесінде жаны бар кісіні құр отырғызбайтын. Сөйтіп, ол тәулігіне 2-3 сағат қана демалып, колхоз жұмысында жүрді. 1946-жылы үлкен қызын босануға 10 күн қалғанда ғана трактордан түсіпті. Онда да енесі ауданнан келген өкілге “Мына қатынды темірдің үстінде тусын демесең, босат!” деп айқай салмаса, Шырынкүлдің заты әйел екендігін жұрт ұмытып кеткен сыңайлы. Ері Жұмаділлә келген соң екеуі егіс алқабында еңбек етті. Жер жырту, дән себу жұмыстарын трактормен өзі атқарды. Егін егіліп болған соң да Шырынкүл күріштіктің басынан кетпейтін. Еңбегі ақталып, күріштен барынша мол өнім алған ол мемлекеттік марапаттарға ие бола бастады. Әр гектарынан 100 центнерден тұрақты өнім берген еңбегі үшін 1972 жылы “Еңбек Ері” атағын иеленді. Сегіз мәрте халық қалаулысы болып сайланды. 4 рет ВДНХ-ның Алтын медалін алды.
– Бұл көрсеткеніңе мың қайтара шүкір! Тәуелсіздігіміздің баянды болуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп еңбек сіңіріп келеді. Алғашқы кездегі қиыншылықтар жойылып, міне, молшылыққа кенеліп жатырмыз. Бұрындары қазақ елінің атын білмейтіндер енді бізден үлгі алуда. Соған тәубе деймін. Міне, өзім Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы” деген кітабын оқып жатырмын. Қазір 170-бетіне келдім. Кешегі күндердің тарихы әдемі хатталған екен. Елбасымыз аман, еліміз дәулетті болсын! – дейді тоқсан жасқа келген Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева.
Алланың назары түскен, сүйегі болат, жүрегі шуақ батыр апа ағасының ұлы Секеннің қолында тұрады. Келіні Айжан мен немерелері бәйек болып күтіп қарайды екен. Өз немересінен өрбіген 4 ұл-қыздың қазір жер басып жүргені – Әсия мен Әсемкүл. Өтініш айта бермейтін өрлігі бар апаның “бұзылып кеткен үйімнің орнынан 4 бөлмелі үй салынса, алдағы ұзақ сапарға өз босағамнан аттансам” деген ойын сөз арасынан ұстап қалдық. Несі бар, ел азаматтары елгезектік танытса, бұл арманының орындалуы әбден мүмкін-ау...
Нұрмахан ЕЛТАЙ. Қызылорда облысы.
110 БАЛАСЫ БАР ОТБАСЫ
Талғар қаласына қарай Алматыдан арнайы шыққан топты ғимарат алдында орта бойлы егде әйел қарсы алды. Бұл кісі 110 баланың анасы Тұяқ (Гүлзипа) Есхожина екен. Зайыбы Әнуармен таныстырды. Жүріс-тұрысы шапшаң, қағылез, шашы бурыл тарта бастаған ақсары кісі екен.
Ғимаратты аралап шықтық. Жатын орны, асханасы, оқу залдары мен кітапханасы тиісінше жабдықталған. Бұл отбасылық балалар үйінің негізі мұнан 12 жыл бұрын қаланған көрінеді. Оған дейін Тұяқ отбасымен Алматы қаласында тұрыпты. Мамандығы – педагог. Көп жыл қала мектептерінде ұстаздық еткен. Ол кейіннен Талғарға қоныс аударады да, сол кездегі босаған осы ғимаратты сатып алып, жетім балалар үйіне айналдыруды қолға алады. Ең алғаш жер-жерден іздестіріп, 50 бала қабылдайды. Көпшілігі өзіміздің қаракөздер, орысы да, басқа ұлттың өкілдері де аз емес. Оның бәріне киім, үш мезгіл тамағын табу оңайға түспейді. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеген. “Қазақстан” телеарнасынан қалталы азаматтарға сөз арнайды. Өтінішіне ұзынағаштық бір кәсіпкер үн қатады. Алла оған разы болсын! Талғарға арнайы келіп, жағдайды өз көзімен көріп қанығады да, үзбей қамқорлық көрсетуді мойнына алады. Содан бері бұл отбасындағы балалар саны 110-ға жетсе де, әлгі қайырымды азамат (өз атын атамауды, көпке жария етпеуді өтінген) қамқорлығын көрсетумен келеді. Бұл күндері балалардың алды ержетті, қыздары бойжетті, 66-сы студент, жоғары оқу орындарында грантпен оқиды. Балаларының ұлттық ерекшелігіне қарай құқын сақтап, ұлты орыс балаларды орыс мектебіне оқуға берген-ді. Бірде мектеп директоры балалардың әкесі Әнуарды шақырып:
– Мына балаларыңыз қазақ мектебінде оқимын деп қиғылық салып отыр. Бұған не дейсіз? Өзіңіз сөйлесіп көресіз бе? – деп қолқа салады.
Әнекең балалармен сөйлесіп еді, қазақ мектебінде оқығысы келетіндігін және егер қазақша оқыса сабақты жақсы үлгеріммен оқуға уәде берді. Әкесі келісті. Балалары сөзінде тұрды. Мектепті үздік бітіріп, грантпен жоғары оқу орындарына да түсті. Соның бірі Шымкенттегі әскери оқу орнына түскен-ді. Өткен оқу жылының басында сол оқу орнының басшылары ата-анасын шақыртты. Оған барған Әнекеңе оқу орнының басшысы:
– Балаңыздың үлгерімі нашарлап кетті. Себебін сұрасақ, “Мені қазақ бөліміне ауыстырыңыз”, – деп талап қойып отыр. Сіз сөйлесіп көріңізші, – деп өтінген.
Ұлы Николаймен сөйлесті.
– Әке, үлгерімім төмен, қазақ бөліміне ауыссам деймін. Жақсы оқуға уәде беремін, – деп ақтарылған ұлының тілегін құп көрді. Сөйтіп, қазақ мектебін бітірген Николай әскери оқу орнының да қазақ бөліміне ауыстырылды. Бұл күндері сабақ үлгерімі жақсы.
Балаларына жақсы, имани тәрбие беруге ата-анасы көп көңіл бөледі. Жұма намазын әкесімен бірге олар Талғар қалалық орталық мешітінде оқиды. Ұлдарын да, қыздарын да көрдік. Ибалы. Жүздерінен кішіпейілділік пен қуаныш нұрын көріп, сезіндік. Үлкен отбасының бүгінгі күнделікті қым-қуыт тірлігін өзара бөлісіп, атқаруда. Бір тобы егіншілікпен, ендігі бір тобы мал өсірумен, ал қыздары тамақ дайындап, кесте тігумен, кір жуып, үтіктеумен шұғылданады екен. Намазханасы да бар.
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Мұның өзі үлкен имандылық. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадис-шәріпінде: “Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады”,– деген. Ал, Тұяқ пен Әнуар 110 жетімнің маңдайын сипап қана қоймай тумаса да туғаннан бір де кем емес сүйікті ата-анасына айналды. Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.): “Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға-інідей туыс) боламыз”,– деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетті. Имам ибн Мәжаһтың риуаят етуінше Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Мұсылмандар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге қамқорлық көрсетіледі. Мұсылмандар тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді”,– деген.
Бұл күнде тастанды жетімдердің көбеюі ет үйренген үйреншікті құбылысқа айналды. Солардың бәрі бірдей осындай қамқор отбасы мен ата-ана тапты ма?! Олардың бәріне Тұяқ пен Әнуардай жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандар табылса ғой. Жетімін жылатқан тасбауырлар арамызда, өкінішті-ақ, аз емес...
Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.