Президент сайлауын ұйымдастыру бір күндік іс-шара емес. Қазірдің өзінде саяси маңызы зор оқиғаға дайындық қызу басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері әр мәселе бойынша түсініктеме беруде.
Жақында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ішкі істер және әділет министрліктері, Бас прокуратура және БАҚ өкілдері, бейнебайланыс режімінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Ең әуелі Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы баяндама жасады.
– Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауын өткізу бойынша сайлау құжаттарының 18 нысанын дайындады. Атап айтсақ, кандидатты ұсыну бойынша құжаттар; аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері шеңберінде қабылданатын құжаттар; учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері шеңберінде қабылданатын құжаттар және сайлау құжаттарының басқа нысандары.
Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Президенттікке кандидаттар ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмесімен ресімделеді. Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органының шешімі президенттікке кандидаттың назарына жеткізіледі. Президенттікке кандидаттың дауысқа түсуге келісуі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады. Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы хаттамасының үзінді көшірмесінде республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы саны және кандидатты ұсыну туралы дауыстарды қолдау туралы мәліметтер болуға тиіс. Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттіктерге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының президенттікке кандидаттың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы хаттама қабылдайды. Аумақтық сайлау комиссияларының функцияларына қатысты бірқатар құжат әзірленді. Бұдан басқа мынадай сайлау құжаттарының нысандары бар: сайлаушылар тізімі; Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін сайлаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парағының нысаны; кандидаттың куәлігі; сенім білдірілген адамның куәлігі; шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушы куәлігі, – деді К.Петров.
Президент сайлауында президенттікке кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндады.
– Бұған дейін кандидатқа қойылатын талаптар айтылды. Бұдан бөлек, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам да Президенттікке үміткер бола алмайды.
Кандидаттың барлық талаптарға сәйкестiгiн Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде айқындайды. Кандидаттың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішінің нысаны Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіледі. Өтінішке жеке нысан бойынша өмірбаяндық деректер, мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, сайлау жарнасын енгізу туралы құжат қоса беріледі, – деді Шавкат Өтемісов.
Бұдан кейін президенттікке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген құжаттар келіп түскен кезден бастап уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу сұрау салулар жібереді. Көрсетілген мемлекеттік органдардың сұрау салуларды қарау және Орталық сайлау комиссиясына мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік екі күнге созылады.
Өкілетті органдардан тиісті мәліметтер түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін орнату туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген нысандағы хаттаманы жүзеге асырады. Орталық сайлау комиссиясының хаттамасында кандидаттың лингвистикалық комиссияның мемлекеттік тілді меңгергені туралы қорытындысымен бірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетіні немесе келмейтіні белгіленеді.