• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қыркүйек, 2022

Саяси жүйені түбегейлі жаңарту

205 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі отандық ғылыми-сарапшылық қоғамдастық өкілдері тарапынан қызығушылық туғызып, кәсіби алаңдарда алдағы саяси өзгерістерге байланысты нақты ұсыныстар айтылып жатыр.

Философия, саясаттану және дінтану инсти­тутының Саяси зерттеулер орта­лығын­да өткен «Президенттік сайлау-2022: Әділетті Қазақстан үшін жаңғырту дис­кур­сының сын-қатерлері мен шешім­дері» атты дөңгелек үстел­де алдағы сайлаудың жай-жапсары талқыланды.

Басқосуда Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры С.Сейдуманов еліміздің үлкен өзгерістер кезеңі қарсаңында тұрға­нын атап өтті. Оның айтуынша, ал­дағы сай­лаулардың ерекшелігі көп, қапер­ге алатын жайттар да жеткілікті. «Президент өз Жолдауында атап көрсеткен ең маңызды мәселе – қоғамдық капиталды дамыту. Сондықтан әрбір қазақстандық алдағы 7 жылда елдегі саяси өзгерістерден шет қалмай, азаматтық пікірін білдіруге да­йын болуы керек. Сонымен қатар сайлау науқанының жұмысына және электоралды іс-шараларға серпін бергелі отырған сайлаудың маңызы мол», деді С.Сейдуманов. Сарапшы бұл іс-шараның сын-тегеуріндер деңгейін анықтаумен қатар, Әділетті Қазақстанның жаңғырту дискурстарын шешудің ықтимал жолдарын айқындауға, жетекші күштер өкілдерінің жағдайды шынайы бағалап, болашақ саяси өзгерістерге дайындық барысы мен қоғамның қабылдау деңгейін анықтауға мол мүмкіндік беретініне басымдық берді.

Жиын модераторы, институттың Саяси зерттеулер орталығының директоры А.Әміребаев «Президенттік мандаттың бір реттік 7 жылдық мерзімі туралы шешім елдің саяси жаңғырту міндеттеріне жауап бере ме?», «Қазіргі жағдайда Әділетті Қазақстанның болашағы қандай болады?» деген сая­си өзгерістерді қамтитын сұрақтар төңі­регінде, сайлау үдерісінің заңдылығы тұрғысындағы пікірлерге қатысты ой бөлісті. «Қазіргі кезде Президенттің тиісті Жарлыққа қол қойып, 20 қарашада кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жасауына байланыс­ты сарапшылар талқылаулары өтуде. Президент ұсынған парламентаралық жа­ңашылдықтар еліміздегі саяси реформа жөніндегі ұсыныстар пакетінің жалғасы болып саналады», деп атап өтті ол.

Алдағы сайлаудың нәтижелі бола­тын­­дығына сенім білдірген әлеумет­­тану ғылымдарының докторы Ә.Жүнісов «7 жыл – тиімді мерзім», деді. Ал бұл мерзімнен не күтеміз? Сарап­шының айтуынша, 2001 жылы Президентті сайлау мерзімі жайында талқылау болған. «Ал бұдан аз мерзім белгіленетін болса, онда жоспарланған бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігі азаяды. Бүгінде Қазақстан әлемде жер аумағы жағынан тоғызыншы орында, шикізат, минералды ресурстар қоры жағынан бай елдердің бірі. Ал халықтың дәулетті өмір сүруіне бағытталған реформалардан қоғам үлкен өзгерістер күтеді», деді сарапшы.

Мәжіліс депутаты Е.Смайылов консти­ту­циялық өзгерістерді елдің демокра­тия­лық үдерісі мен саяси жаң­ғыруы­ның бір бөлігі ретінде қолдай­тынын айтты. «Еліміздің жаңғыруы әлеуметтік сектор мен экономикадағы өзекті проблемаларды шешумен тіке­­лей байланысты. Кедейшілікті, теңсіз­­дікті, мемлекеттік басқарудың тиімсіз­дігін және бюджет шығындарын, денсаулық сақтау мен білім берудегі проблемаларды, заңдардың және еңбек құқықтарының бұзылуы, экономиканың шикізаттық моделін консервациялауды, сыбайлас жемқорлық және басқа да көптеген мәселені шешу қоғам дамуының өзегіне айналады», деп атап өтті депутат.

Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Ю.Кучинская, ЖСДП партиясының тең төрағасы А.Әлібаев, қоғамдық қозғалыс жетекшісі Т.Қожалиева, филосо­фия ғылымдарының докторы, про­фессор Р.Қадыржанов, философия ғылым­дары­ның докторы Ю.Булуктаев, философия ғылымдарының кандидаты Д.Ешпанова, PhD Н.Айтымбетов, тағы басқа сарапшылар елдегі саяси өзгерістерге байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Сарапшылар атап өткендей, алдағы электорал­дық науқан Мемлекет басшысы­ның қыркүйек айындағы Жолдауын­да айтылған мақсаттарға сәйкес келе­тін болса, барлық жасампаз саяси күштер­дің бірлескен күш-жігері орнықты эконо­ми­калық өсуге және қазақстандықтардың өмір сүру сапасының артуына, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ