• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қазан, 2022

Мэлстің мұңы мен музасы

1883 рет
көрсетілді

Оны жұрт кейде: «Құланның гимнін жазып кеткен композитор» деп жатады. Бірақ біздіңше «Келші, Құланға» әні – нағыз лирикалық ән. Оған ешкімнің дауы да жоқ шығар. Кезінде Мэлс Өзбековтің осы әні басқа бір азаматқа телініп те жүрді. Маңдайын Көкдөнентаудың самалына өптіріп өскен Мэлстің өзі өлсе де, өлеңі өлген жоқ. Өзбековтің өзін білмегендер әйгілі «Гауһартас» фильмінде шырқалған «Келші, айым» әнін біледі...

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел, сен айтшы,

Жарыма құс болып ұшайын.

Бір хабар берші, айым,

Жақындап келші, айым,

Лапылдап мәңгі құшайын».

Әдемі шумақтармен әдіптел­ген әнді білмейтін қазақ кемде-кем. Жүректің қылын қозғайтын туындыны Мэлстің шығармашылық­тағы төлқұжаты десек те болады. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков шығармасының желісі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмі ар­қылы жұрттың жүрегіне қонған ән кейде махаббат романсы секілді естілетіні бар. «Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді, мен тұрмын жа­ғада жабырқау» деп басталатын ән­нің өне бойында өлмес сағыныш, дауасыз дерт жатқандай әсер етеді. Расында да, солай. Дәл осы туындыда Мэлстің мұңы да, музасы да өріліп жатыр...

«Сол бір мөлдір шақтарда консерваторияда білім алып жүрген болатынмын. Алматы медициналық институтында оқитын Айымзада есімді қызға есім кетіп ғашық болдым. Екі жүрек бір арнаға тоғысып, махаббаттың буына мас болып жүр­ген шақта жазғы демалыс басталған еді. «Қош бол, сәулем, көргенше, қайта айналып келгенше» деп жаңа оқу жылы басталғанға дейін қош айтысып, бір-бірімізді қимай ауыл-ауылға тарқастық. Әуелде Айымзададан хат үздіксіз келіп тұратын. Кейін сағыныш хаттары кілт тоқтады. Себебін сұ­рағым келген. Алайда: «Үйге хат жаз­ба, ата-анам біліп қойса ұят болады» деген соң демалыстың бітуін күттім.

Сарыла тосқан, сағына күткен күн де келіп жетті. Ару Алматыға құстай ұшып самғадым. Бірақ... Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт, жүрегім өрт болып отырған уақытта курстас қыздардың бірі қа­ралы хабарды жеткізді. Ол жаздың жаймашуақ күнінде суға түсіп, бақиға аттанып кете барыпты. Кө­зім қарауытты. Өкініш оты өзекті шарпып, сең соққандай отырдым да қалдым. Айымзада жоқ».

Бұл – Мэлстің бауыры Қам­шы­бек Ахатаевқа айтқан сыры еді. Ес­ті естелікке көз жүгірте отырып-­ақ, Мэлстің мұңын да, музасын да ­жан-жүрегіңмен сезінесің... 

* * *

Тәңір тарту еткен таланты тау­дай болса да, Мэлс тірісінде елеу­сіз тіршіліктің илеуінде жүр­ді. Трагедияға толы тағдыры талай­лардың жүрегін шымырлатты. Жер­гілікті қаламгер, марқұм Кә­ріп­жан Нүсіп «Өнер деген өлке бар» атты кітабында Мэлс туралы көптеген естелікті топтастырса, ар­дагер журналист Сейсен Қожеке де ардақты азамат туралы есті есте­ліктерін жиі айтып жүретін.

Мэлстің жанынан жиі табыл­ған інілерінің бірі – композитор Дүйсенәлі Бықыбаев. Ол ағасы­ның аманатына адалдық танытты. «Мэлс аға бақиға аттанар шағында: «Мен кеткен соң аудан орталығындағы Мәдениет үйіне атымды беруге ықпал ететін шығарсыңдар» деген аманатын айтқан болатын. Сол сөз бәріміздің құлағымызда жаңғырып тұратын» дейді ол.

Сол кезде аудан тізгінін ұста­ған атқамінер азаматтар бастап, Дүйсекең секілді аманатқа адал азаматтар қоштап, аудандық мәдениет үйіне Мэлстің аты берілді. Өзі тұрған Көкдөнен ауылында композитор атында көше бар.

«Аудандағы мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде де Мэлс ағамызға жақын жүрдік. Ол кісі Алматыда тұрды. Келіп-кетіп жүретін. Кейін сол мәдениет үйінің директоры болдым. Қызмет бабымен Меркі ауданына барып, мәдениет саласын басқардым.

Сол кездегі Луговой ауданын­да Рысхан Орекеев деген кісі мә­дениет бөлімін басқаратын. Мэлс Өзбековтің бір әніне байланысты талас-тартыс қызып жатқан кез. Ауданда концерт өтетін болыпты, бағдарламаға композитордың сол әнін авторы басқа деп енгізіп жіберген екен. Ал мен автордың әндерінің қалай туғанынан хабардармын, дереу түзету енгізіп жібердім. Елге әннің авторы Өз­беков деп хабарланды. Ән өз иесін қайта тауып, солай тарады. Рысхан аға бұл ісіме ренжіп, оның соңы біраз дауға ұласты. Бұл іске ақын Кәріпжан Нүсіп, журналист Сейсен Қожеке араласып, кейін өз ретін тапты. «Келші, Құланға» әні авторына осылай қайтарылған еді», дейді Дүйсенәлі Бықыбаев.

Ән әлемінде өзіне тән қол­таңбасын қалдырған Мэлстің есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Келші, Құланға» атты ән байқауы ұйымдастырылып жүрді. Біз білетін дәл осы конкурстың басы-қасында да Дүйсенәлі Бықыбаев жүретін.

«Ауданда қызмет етіп жүр­ге­німде Әлібек Әмзеевтің қол­да­уы­­мен «Келші, Құланға» деген рес­публикалық ән байқауын өткіздік. Облыста соны қайта жаң­ғырттық.

Естелік айтылса, өткенге кері шегініс көп қой. Тоқсаныншы жыл­дардың аяғында, ауданды Қасым­хан Естемесұлы басқарып тұрған кезде Мэлс Өзбековтің әндерін жаң­ғыртып, композитордың қа­рындасын, қызын шақырып кон­цертін өткізгенбіз. Көкдөнен ауы­лын­да ас беріп, шығармашылық еске алу кешін сондағы мәдениет үйінде ұйымдастырдық.

Көкдөненде бір көшеге Мэлс Өзбековтің есімін бергіздік. Аудан басшысы Қасымхан Төлендиев руханиятқа жаны жақын болған соң, осындай игі бастамаларға көп қолдау көрсетті. Сол кісінің қолдауымен аудандық мәдениет үйіне есімін бердік.

Композитордың әндерін жи­нақтап жүргенде орталықтағы мә­дениет үйінің алдына ескерт­кіш-бюстін қойсақ деген бір ой туған. Бұрын ол жерде Лениннің ескерткіші тұратын. Болат Құса­йынов деген мүсінші бар, соған барып, Мэлс Өзбековтің суретін апарып, ескерткішке тапсырыс бердім», дейді композитор.

* * *

Музыка әлемінде өшпес мұра қалдырған Мэлстің әндері қай кезде де тыңдарман жүрегінен өшпек емес. Оның мұңы да, музасы да – «Келші, Айым» әні. Ел танитын бірқатар ретро әнді кезінде ком­позитор көңіл қимастықпен әлде­кімдерге сыйлап жіберген деген аңыз-әңгімелер де бар. Рас бол­са, уақыт өте келе ол құпия да ашы­латын шығар...

 

Жамбыл облысы