• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Қазан, 2022

Мақсат – сапа мен тиімділік

155 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде Президент жүктеген тапсырмалардың қаншалықты жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады.

Ведомство басшысының айтуын­ша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ми­нистрліктің алдына бірқатар маңызды міндет қойған. Қазіргі уақытта ведомствода аталған міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктері пысықталды. 

– Атап айтқанда, Қала құрылысы кодексін қабылдау үшін жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сонымен бірге құқықтық және талдамалық мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау инс­титуты, Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы, «ҚазжолҒЗИ», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдері кірді, – деді Қ.Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпа­рат­тық жүйесі базасында әрбір ірі қала бо­йынша жер учаскелерінің функцио­нал­дық интерактивті карталарын және ком­муналдық желілердің схема­ларын құру жоспарланып жатыр. Өнер­кә­сіптік мақсаттағы учаскелердің карта­лары Көлік және коммуналдық инфра­құ­ры­лымның өзекті схемаларымен толық­тырылады.

Жүйе жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтерді ескере отырып, 514 мың гектар аумақтан инфрақұрылымдық деректердің 65 пайызын қамтиды. Базаға 191 бас жоспар және 661 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы цифрландырылып, енгізілген. Желілердің қалған 35 пайы­зын 2024 жылға дейін цифрландыру жос­парланып отыр.

– Жолдауда автомобиль жолдарының құрылысы, оның ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу сапасына қатысты мәселе айтылды. Осыған байланысты ең алдымен жос­парлау тиімділігі артты. Атап айтқанда, автожол саласының барлық жобасында «FIDIC» халықаралық ережелерінің ЕРСМ шарттарын келісімшартқа енгізу ұсынылады. Бұл шара жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп, материалдар құнының қымбаттап кету тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді, – деп нақ­ты­лады министр.

Сондай-ақ құрылыс процесі мен сапаны бақылаудың барлық қатысушысының дербес жауапкершілігі артып, техникалық және авторлық қадағалау функцияларын біріктіру бойынша заңнамалық актілерге түзетулер әзірленген. Сонымен бірге нормативтік базаны жетілдіру және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың электрондық базасын енгізу жолдардың сапасын бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесін енгізу ұсынылады. Жобалардың техникалық жағы Ұлттық сапа орталығымен келі­сіледі. Жол институты жобаны әзірлеу кезеңінде жаңа технологиялар мен материалдардың қолданылуына сараптама жүргізеді. Бұдан басқа, автожолдарды салу процесі Е-құрылыс платформасында толық автоматтандырылмақ.

Ведомство басшысының айтуын­ша, индустриялық сектордың инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арттыру үшін жер қойнауын игеруге инвес­тициялар тартудың заңнамасы мен рә­сімдерін оңайлату, оның ішінде бизнес-процестерді реинжиниринг және автоматтандыру жөніндегі шаралар ұсынылады.

– Осы айда «Kaz-Nedra» ақпараттық жүйесі шеңберінде қанатқақты жобада қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялар беруді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Цифрландыруды ескере отырып, инвесторлар үшін барлық бизнес-процесс пен нормативтік талаптар қайта қаралып, жеңілдетіледі, – деді Қ.Өскенбаев.

Индустриялық сектордың инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру үшін ведомство сондай-ақ арнайы эконо­микалық аймақтардың қызметін жетілдіру, жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындар тауарларының өндірісі мен номенклатурасын кеңейту, жаңа тауарлар өндірісін іске қосу жөніндегі шараларды жоспарлайды.

– Арнайы экономикалық аймақ қыз­метінің тиімділігін арттыру үшін мына­дай жаңа шаралар енгізіледі: барлық инвестициялық міндеттемені адал орын­дағаннан кейін жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін, аралас режімді және жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін енгізу қарастырылған, – деді министрлік басшысы.

Айта кетерлігі, елдің транзиттік әлеуе­тін нығайту үшін Ақтауда контейнерлік хаб құру және Транскаспий дәлізін дамы­ту сияқты ірі жобаларды іске асыру басталды. Жобалар 2025 жылға дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде PSA, Abu Dhabi Ports, Adani Group, CMA CGM, Maersk сынды әлеуетті инвесторлармен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылады.

Сондай-ақ қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толық­қанды көлік-логистикалық корпорацияға айналдыру моделін қалыптастыру бо­йынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының трансформациясын PSA, DBShenker, CoscoShipping, DPWorld секілді әлемдік көлік-логис­ти­калық компаниялармен кооперация, көлік дәліздерін цифрландыру және сыртқы терминалдық желілерді құру сияқты бағыттар бойынша жүзеге асыру ұсынылады, – деп мәлімдеді министр.