Ата-бабалар ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде өсіп, өркендеп, қанатын кеңге жайып, егеменді, еңсесі биік мемлекет ретінде жоғары халықаралық беделге ие болуда. Сонымен қатар, еліміздің әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайықты орынды иеленуі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, мемлекеттік биліктің тиімді де ұтымды қызметі қазақстандық қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бұл бағыттағы ықпалды іс-шараларды одан әрі жетілдіре түсуде.
Қазақстандағы президенттік институттың мемлекеттің қалыптасуы мен қоғамның дамуындағы ықпалы айтарлықтай мол. Ал, енді кең-байтақ елімізде тәуелсіздіктің туы желбіреп, мемлекеттің кемелденуі Мемлекет басшысының атымен тығыз байланысты екендігі көпшілікке жақсы белгілі. Дегенмен, қоғамның реформалар жолымен одан әрі ілгері жылжуы елдің әлеуметтік-саяси жаңаруының жаңа кезеңін, геосаяси жағдайды ескере отырып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс үрдістерін, президенттік институтты ғылыми зерттеудің маңыздылығын арттыруды талап етеді.
Бұл мәселелер жөнінде Алматыда өткен “Қазақстан Республикасы: мемлекеттік құрылыстың тәжірибесі және әлеуметтік-саяси жаңарудың болашағы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда кеңінен сөз болды. Президенттік институттың 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – қоғамның әлеуметтік-саяси жаңаруының кемел келешектерін анықтау. Сонымен қатар, тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңдерін және Қазақстанда мемлекеттік құрылыс барысындағы әлеуметтік өзгерістердің негізгі үрдістерін талдау және кешенді түрде пайымдау болып табылады.
Жиынға қатысып, сөз алған Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы А.Бижанов республикада бүгінгі таңда қол жеткен жетістіктер, әсіресе әлеуметтік-экономикалық ілгерілеушіліктер мен құқықтық мемлекеттің қазақстандық моделі қалыптасқандығын атап айтты. Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институтының директоры Ә.Нысанбаев өз баяндамасын “Тәуелсіз Қазақстандағы саяси жүйенің өзегі – басқарудың президенттік формасы” тақырыбына арнады.
– Біздің бүгінгі ғылыми конференция президенттік институттың 20 жылдығына арналып отыр. 1990 жылдың 24 сәуірінде Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентін сайлады, содан бері елімізде президенттік институт құрылды. Сөйтіп, Қазақстанда Конституция қабылданғаннан бастап, биліктің президенттік формасы жүзеге асырылды. Қазақстан келесі жылы мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Атап айтарлығы, демократияның дамуы, президенттік институттың қалыптасуы, тұтастай алғанда, қазақстандық қоғамның жүйелі модернизациясы, жалпы әлемдік үрдістерді қолдаудың нәтижесі екендігі сөзсіз, – деді институт жетекшісі.
Ұлыбританияның Рэдинг университетінің экономика докторы, профессор Елена Колюжнева өз кезегінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдары кезеңіндегі экономикалық дамуы жөнінде айтып берді. Франциядағы Сорбонна университеті жанындағы “СЕДИМЕС” халықаралық университетінің президенті Клод Албагли болса, әлемдік жаһандану өзгерістері жағдайындағы мемлекеттің әлеуметтік-саяси модернизациясын тілге тиек етті. Сондай-ақ Ресей, Беларусь, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстаннан келген танымал ғалымдардың жиынның күн тәртібіне қойған өзекті мәселе туралы пікірлері мен ұсыныстары көп көңілінен шықты.
Тәуелсіз мемлекеттегі президенттік институт қызметі, мемлекеттің қалыптасуы мен демократияның дамуы, жақын және алыс шетелдердегі президенттік институттардың қызмет ету тәжірибелері туралы ғылыми ақпарат алмасудың берері мол екендігін ғалымдар ашып айтты.
Сонымен, бүгінгі тәуелсіз елдің ең басты жетістігі қарапайым қазақстандықтардың бақытты ұрпақ өсіріп, еңбек етіп, келешекке мол сеніммен қарауында жатса керек.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.