• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Сұхбат 13 Қазан, 2022

Аймаққа айрықша назар

321 рет
көрсетілді

Уран өндіруші «КАТКО» компаниясы денсаулықты, өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық тәжірибелерге ерекше көңіл бөле отырып, болашақты ойлайды. Компания өндіріс басталған кезден-ақ Созақ ауданы мен Түркістан облысы әкімдіктерімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және жергілікті халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған жобаларды қаржыландыруда табысты ынтымақтастық орнатқан. КАТКО-ның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі туралы компанияның комуникация және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік басқармасының басшысы Айжан Алдабергенова әңгімелеп берді.

– Айжан, әңгімені компанияның даму тарихынан бастасақ.

– Компаниямыздың Қазақстандағы тарихы Түркістан облысы Созақ ауданы Мойынқұм кенішіндегі Мойынқұм және Төртқұдық учаскелерін игеру үшін қазақ-француз бірлескен кәсіпорны құрылған 1996 жылдан басталады. КАТКО акционерлері әлемдік уран өндірісіндегі екі ірі ойыншы – француздық «Orano» (үлесі 51%) мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК  (үлесі 49%). Өндіріс 2005 жылы басталды, ал 2009 жылы КАТКО уранды жерасты ұңғымалық шаю әдісімен өндіретін әлемдегі ірі компанияға айналды. Бүгінде әлемдегі жылдық уран өндірісінің 7%-ын өндіретін ірі өндірушілер қатарында. Кейінірек, 2013 жылы жылына 4000 тонна уран өндіру үшін әлемдегі ірі оператор позициясын сақтай отырып, КАТКО-ның өндірістік қуатын кеңейттік.

1200-ге тарта адам істейтін (50%-дан астамы Созақ ауданы тұрғындары) компания өңірдегі ірі жұмысберуші де болып отыр. Бұрғылау, ас-су мен жатын орын, логистика және техникалық қызмет мердігерлері арқылы тағы жүздеген адам жұмыспен қамтылған.

КАТКО қазіргі таңда бизнес-процесс пен өндірістік тиімділік жөнінен эталон саналады. Бизнес-моделінде инновациялық технологиялар мен шығыстардың тиімді құрылымын білікті адами ресурспен ұштастырған. Бұл бәсекелестік деңгейін қамтамасыз етеді. Акционерлері «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларымен бірлесіп, өз қызметінің барлау, өндіру, өңдеу және ҒЗТКЖ сынды барлық сала жоғары нәтижеге жетуді көздейтін технологиялар мен жұмыс тәсілдерін қолдануға күш салады.

– Таяуда КАТКО уран өндіруге жаңа лицензия алғанын жариялады. Созақ ауданы үшін бұл нені білдіреді, жұмысты қай жерде жүргізесіздер?

– Иә, біз жаңа Оңтүстік Төртқұдық учаскесіне лицения алғанымыз туралы маңызды жаңалықты қуана бөлістік. Бұл – еңбекті, денсаулықты, қоршаған ортаны қорғау және бизнес-процесс құру саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес әрі әлемдегі ірі уран кеніштерінің бірін пайдаланудағы 25 жылдық тәжірибе негізінде әзірленіп, іске қосылатын КАТКО активіндегі төртінші учаске. Жобаны іске қосу үшін бізге жергілікті халықпен өзара іс-қимыл өте маңызды. Сондықтан кент тұрғындарына Оңтүстік Төртқұдық қалай дамытылатыны туралы ақпарат беріп, қоғамдық тыңдау өткіздік. Бұл жергілікті халық үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жобаларына қосымша инвестиция құйылатынын білдіреді.

– КАТКО қызметі кен өндіру үдерісінің барлаудан дайын өнімге дейінгі барлық сатысын қамтиды. Даму бағдарламасында қызметкерлер мен жергілікті халықтың қауіпсіздігі қандай орында?

– Өндіру жұмыстарының әрбір сатысында қоршаған орта мен денсаулықты қорғауға айрықша көңіл бөлінеді. Уран өндіру үшін жерасты ұңғымалық шаю (ЖҰШ) технологиясын қолданамыз. ЖҰШ ең қауіпсіз әрі экологиялық технология саналады. Жұмысшылар уран кеніне тікелей жақын келмейді, топырақ жамылғысы бүлінбейді, қалдықтар жиналмайды. Кеніш біткенде учаске бастапқы жағдайына оралуы үшін қайта өңделеді.

Қазір біз Orano-ның жаңа тәсілдерін технологиялық процестер қауіпсіздігін басқару ісіне АҚШ еңбекті қорғау басқармасы стандарттарымен (OSHA) қатар енгізіп жатырмыз. Бұл тәсіл қауіпті заттарды пайдаланумен байланысты процестер тәуекелін басқару талаптарын айқындайды.

– Сонда, қауіпті заттармен жұмыс кезінде қауіпсіздікті күшейту үшін не істеп жатырсыздар?

– Кеніштерде ауаның, жерүсті мен жерастының ластануына өндірістік, экологиялық тұрақты мониторинг жасалады. Радиологиялық бақылау да тұрақты. Уран кенінің табиғи радиациялық белсенділігі төмен болатынына қарамастан, жұмысшылар мен мердігерлерге әсер ету деңгейін төмендету шаралары қабылданған. КАТКО-ның уран кеніштері маңындағы радиациялық фон жылына 1,29 мЗв. Бұл Жердің орташа жылдық фонынан (2,4 мЗв/жылына) едәуір төмен. Радиацияның жұмысшыларымызға орташа жылдық ықпал ету деңгейі шекті межеден (20 мЗв) 12 есе төмен.

– Ал енді кеніш игеріліп біткен соң, табиғат таза сақталуы үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Ғылыми зерттеулер жер қойнауының өздігімен қалпына келу қабілеті жоғары екенін көрсеткеніне қарамастан, біздің кәсіпорын жұмыстың соңғы сатысында қойнауды шайып, ерітінді қалдығын кері шығарады. Ұңғылар жабылып, технологиялық қондырғылар алынады. Аумақта рекультивация жасалып, учаске көгалдандырылады және бақылау жүргізіледі.

Біз жаңа Экологиялық кодекс қағидаларына сай рекультивация жобасын әзірлеп, ҚР үкіметінің келісімін алған алғашқы уран өндіруші компания екенімізді мақтан тұтамыз. Жоспарлы табиғат қорғау шаралары бізге өндіру аяқталған соң учаскені қоршаған ортаға еш қиындықсыз ықпалдастыруға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде 6 мың га жуық жерді алған КАТКО бұдан екі есе үлкен аумақта орман отырғызу жоспарын әзірледі. Жоспар бойынша жерді пайдаланудың өтеуіне 12 мың га жуық аумаққа сексеуіл және басқа ағаштар отырғызылады. Бұл істе тәжірибеміз баршылық: қызметкерлер өздері жұмыс істеген жылдарда учаскенің төңірегінде сексеуілдің 100 мыңға тарта тұқымы мен көшетін екті. Тамыры мықты осы ағаш топырақтың тозуына, құм көшуіне қарсы өте тиімді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жариялаған ұлттық ормандарды қалпына келтіру бағдарламасына біздің қосар үлесіміз осындай.

– Көміртегінен арылу әлемде ғана емес, Қазақстанда да өзекті тақырып. Еліміз СО2 шығарындысын азайтуға дайын екенін мәлімдеді. Осы орайда, өз қызметтеріңіздің көміртектік ізін азайту жоспарларыңыз бар ма?

– Біз КАТКО-да компанияның СО2 шығарындысын азайтуға көмектесетін көміртегінен арылу стратегиясын әзірледік. Мысалы, электр энергиясын тұтынуды алсақ, кәдімгі шамдарды ЛЭД-ке ауыстырдық. Әріптестерімізді кеңседен не вахталық лагерьден шыққанда жарықты сөндіріп, жабдықтарды өшіруге үндейміз.

Энергияның балама көздеріне келсек, күн панельдерінен электр энергиясын алу жобасын әзірлеу – ықтимал нұсқаның бірі.

– Түркістан облысының Созақ ауданында КАТКО-ны әлеуметтік жауапкершілікті компания деп таниды. Компания кеніштері өңірдің жол, мектеп, су мәселелері бар шалғай тұстарында орналасқан. Жергілікті халыққа көрсететін қолдауларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Әлбетте, өзіміз уран өндіріп отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы әлеуметтік жобаларды таңдауда негізгі рөл ойнайды. Қызметкерлеріміз бен жергілікті халыққа қолайлы жағдай жасау үшін ұзақ және қысқамерзімді түрлі жобаларға саналы түрде қаражат саламыз. Мәселен, қызметіміз басталған кезде Шолаққорған кентінде 200 оқушыға арналған мектеп, Тасты кентінде 50 балаға арналған балабақша салдық. Созақ ауданының 12 мектебінде мультимедиалық кабинеттерді, химия, биология және физика зертханаларын жабдықтауды қаржыландырдық.

Біз ел экономикасының негізгі драйвері адам капиталы екенін түсінеміз. Бізге жоғары білікті қызметкерлердің болғаны маңызды, ал жергілікті тұрғындар – біз үшін басымдыққа ие мамандар тобы. Бұл ретте мектеп білімі маңызды мәнге ие. Сосын жобаларымыз да тақыр жерден тумайды. Кез келгенін іске қоспас бұрын, барлық тараппен, серіктестермен талқылаймыз. Осындай ой-талқының арқасында бірнеше маңызды білім беру жобасын қолдадық. Облыстағы барлық мектепті мемлекеттік тілдегі ғылыми контентпен қамтамасыз ету идеясы осылай туды.

Балаларға арналған, әсіресе мемлекеттік тілдегі ғылыми-танымдық контент әлі де жетіспейтіні құпия емес. Сондықтан әлемге танымал National Geographic ғылыми-танымдық журналының редакциясымен бірлесіп, Түркістан облысының барлық мектеп кітапханаларын (олардың саны 900-ден асады) осы басылымға жазылыммен қаматамасыз еттік. Ай сайын жарық көретін аталған журнал әлемдегі ғылым жетістіктері туралы қазақ тілінде мақалалар жариялап тұрады. Бұл АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Германияны қоса алғанда, әлемнің 70-тен аса елінде танымал бренд болғандықтан, қазақстандық оқушылар да ғылымның соңғы жаңалықтарын дамыған елдердегі құрдастарымен бір мезгілде, өз ана тілінде оқи алатындығы бізді қуанышқа бөлейді. Біз білім беру ісінде бірдей мүмкіндік алу маңызды деп есептейміз. Өйткені сапалы контенттің жетіспеуі не шектеулі болуы балаларымыздың білім деңгейінің кенжелеп қалуына әкеледі.

Біз сондай-ақ биыл ғылымға деген ынта-ықыласты ояту үшін Созақ ауданы мұғалімдері мен оқушыларына семинарлар өткізуді бастадық.  Мұғалімдер мұндай іс-шараларда жаңа ресурстар туралы біліп, қосымша материалдарға қол жеткізсе, оқушыларға арналған семинар олардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Компаниямыз Қазақстан университеттеріне стипендиялар беру арқылы жергілікті студенттердің де оқуы мен білім алуына көмектеседі. Сондай-ақ КАТКО қызметкерлерінің балалары қатарынан 18 студент елдің ірі ЖОО-ларында энергитика саласы бойынша жоғары білім алуда.

– Ал енді қоржындарыңызда спорт жобалары бар ма?

– Біз компания ішінде де, маңайдағы ауылдарда да спортты дамытуды қолдаймыз. Компаниямызда жұмысшылар арасындағы саламатты өмір салты мен аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға арналған KatcoAthleTour бағдарламасы бар. Бұдан бөлек, КАТКО балаларға арналған футбол және ойын алаңы бар спорт алаңқайларының құрылысын қаржыландырады. Қазірге дейін осындай 15 алаң салдық, сөйтіп жергілікті халық спортпен айналысу үшін заманауи базаларға ие болды.

Спортты ілгерілетумен байланысты басқа шаралар қатарында мүмкіндігі шектеулі балаларға есту аппараттарын алып беруге септігін тигізген Astana Marathon қайырымдылық марафонын да айтуға болады.

– COVID-19 әлеуметтік жобаларға түзету енгізген жоқ па?

– Иә, онсыз болмады. Қиын жағдайға тап болған жергілікті кәсіпорындарды қолдау үшін КАТКО төлем мерзімін 30-дан 10 күнге дейін қысқартты.

Пандемия кезінде компания жергілікті медициналық ұйымдар мен клиникаларды жеке қорғаныш құралдарымен, ПТР және  ИФА-тестермен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысты. Жергілікті жердегі іс-қимылдарды қолдау үшін Birgemiz қоғамдық қорына 50 млн теңге аударды. Түркістан облысы мен Шымкент ауруханаларына 100 миллион теңге шамасындағы сомаға 6 ӨЖЖ аппаратын (қайырымдылық жобасы ретінде) сатып алдық. Созақ ауданының санитарлық-эпидемиялық қызметін және жергілікті кенттерді маскамен және басқа да ЖҚҚ-мен қамтамасыз еттік.

Облыстың шалғай кенттерінің тұрғындарына жедел медициналық жәрдем көрсететін Түркістандағы жедел жәрдем стансасының құрылысын қаржыландырдық. Осы нысанның техникалық ашылуы шілде айында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өтті. Бұрынғы әкім КАТКО-ның өңірдегі денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап айтты.

– Осы үлестің ақшалай эквивалентін де айта кетсеңіз.

– КАТКО Созақ ауданында жыл сайын 30-дан аса әлеуметтік қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетеді. 2010-2021 жылдардағы жергілікті әлеуметтік жобаларға жұмсалған шығыстардың жалпы көлемі шамамен 3 млрд теңге болды.

– Енді сөз соңында алдағы жоспарларға қысқаша тоқталсаңыз.

– Біз жергілікті халық алдындағы жауапкершілігімізді жақсы сезінеміз және маңайдағы кенттердің инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде электрге, суға және Созақ ауданы балаларының білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра береміз.