• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2022

Жол апаты: Жауапсыздық жазасы

470 рет
көрсетілді

Күре жолдың бойындағы көлік апаттары салдарынан адам шығыны азаяр емес. Тек қазан айының басынан бері Павлодар облысындағы автожолдарда 7 адам жол апатынан көз жұмып, қаншама отбасылар орны толмас қайғыға душар болды. Жантүршігерлік оқиғалар саны былтырғымен салыстырғанда аса өсе қоймағанымен, полицейлер соңғы жағдайларға алаңдап отыр.

6 қазан күні айналдырған бір жарым сағаттың ішінде екі бірдей арыстай азамат көлік апатынан ана дүниеге аттанып кете барды. Павлодар – Қызылорда тас жолының 41-шақырымында Volkswagen Sharan минивэнін тізгіндеген 52 жаста­ғы жүргізуші жоғары жылдамдықпен келе жатып жол шетіне түсіп кеткен. Одан бір сағат өткен соң дәл сол жолда Toyota Camry жеңіл көлігі автобанның шетіне орнатылған металл кедергіге қақ шекесімен келіп соғылған. Екі жағдайда да жүргізушілер оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Тағы бір жантүршігерлік оқиға Ақсуға қарасты Сырлықала ауылы ма­ңын­да болды. «Нива» көлігі ауыр жүк маши­насының тіркемесіне соғылып, ішіндегі үш жолаушы (екеуі бала) сол жерде жан тапсырған.

– Үлкен жолдардағы жол-көлік оқи­ға­ларының негізгі себебі жүргізушілер­дің тәртіпті сақтамауынан туындайды. Жыл басынан бері облыс жолдарында жол шетіндегі шұңқырға түсіп кету бойынша 12 жағдай тіркелсе, тағы 3 кө­лік жол кедергілеріне соғылған. Өңір полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 95 мыңнан астам оқиғаны тіркеп, ықтимал келеңсіз жағдайлардың алдын ала білді. Өңірімізде алғашқы ­9 ай ішінде 440 жол апаты тіркеліп, салдарынан 59 адам көз жұмды, 667 адам жарақаттанды. Апаттар көбіне көктем және жаз айларында жиі тіркеледі, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жалпы, өңірдегі республикалық тас жолдарда жыл басынан бері 80, елді мекендер мен облыстық маңызға ие автожолдарда 360 оқиға тіркелген. Осы уақыт ішінде малдың жолға шығуымен 5 жол-көлік апаты тіркеліп, бір адам қаза тапқан. Полицейлер толтырған хаттамалар мен сот шешімдеріне сүйен­сек, жол-көлік апаттарына көбіне кө­лік жүргізушілерінің немқұрайлығы, жыл­дамдық режімін сақтамау, жолдың қарама-қарсы бағытына шығу себеп болады екен.

Елді мекендер ішінде көлікпен адам қағу фактілері де азаймай тұр. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен аймақта 159 жол оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 17 оқиға жаяу жүргіншілердің кінәсінен болғандығы дәлелденіп отыр. Ал осы жайттардың салдарынан кәмелет жасына жетпеген 4 бала көз жұмып, 104-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Ж.Қайыровтың айтуынша, өңірде мас күйінде көлік жүргізгендер саны да баршылық. 800-ден астам адам жөнсіз әрекет жасағаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған.

«Сегіз жүргізуші мас күйінде көлік руліне отырып, жол-көлік оқиғасына себепші болған. Олардың үшеуіне қылмыстық іс қозғалып, бесеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан аймақта алкогольді ішімдік ішіп рульге отырған 1170 азамат анықталып, оларға тиісті жазалар тағайындалды. Медициналық куәландырудан бас тартқан тағы 70 жүргізушіге Әкімшілік кодекстің 613-бабы 4 тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылды. Ал 879 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды. Спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғандар 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылатынын ескертеміз», дейді Ж.Қайыров.

Жұртшылық Ресей және Армения елдерінің нөмірін таққан жеңіл көліктер көшеде қозғалыс ережесін жиі бұзатынын айтады. Полицейлер жыл басынан шетелдік нөмір таққан 3336 жеңіл көлік­ке қатысты айыппұл хаттамаларын тол­тырған.

Бұған қоса Павлодар қаласының тұр­ғындары такси жүргізушілерінің (көбі шетелдік нөмір таққан) жол ережелерін жиі бұзатынын, жаяу жүргіншілерге жол бермей, жолақ үстінен зу етіп өте шығатынын айтып жүр. Қала тұрғыны Бейсен Әлімов екі баласы шаһардағы №25 орта мектебінде оқитынын, кеш­кілік сабақтан соң үйге қайтарда олар үшін қатты алаңдайтынын жеткізді. Амалсыздан күнде жұмыстан ерте сұра­нып шығып, балаларын өзі алып кетуге тырысады екен.

– Өткен жазда көз алдымда екі бір­дей такси көлігінің қатысуымен жол-көлік апаты болды. Екі жағдайда да «Яндекс» таксопаркінің машиналары кінәлі екеніне куә болдық. Байқайтыным, әлгі таксопарктің көліктері өте ескі. Со­нысына қарамай қала ішіндегі жолдарда олар өзге көліктерге жол бермей, қат­ты жылдамдықпен жүйткиді. Әсіресе жұрт жұмыстан қайтар уақытта көшеге такси толып кетеді. Шынын айтайын, жаяу жүргіншілер өтетін тұстан жүруге жүрексінемін. Әлгіндей таксилер адам өтіп бара жатыр екен демейді, кейде дәл алдыңнан зу ете қалады. Сондай уақытта бейбастақ жүргізушілерді тізгіндейтін полиция инспекторлары да көзімізге түспей қалады, деп қынжылады ол.

Бір айта кетерлігі, әкімшілік полиция басқармасы такси жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиға­лары бойынша арнайы есеп жүргізбейді екен.

Тағы бір мәселе – «Усолға» шағын ауданындағы Бекқожин мен Бәкіров көшелерінің қиылысындағы жолдың оңтүстік бөлігінде жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Бұл жерде екі жыл бұрын жол бұдыры болған, қазір ол жоқ. «Мектептен шығып автобус, трамвай аялдамаларына беттегенде кейде амалсыздан жол ережесін бұзуымызға тура келеді», дейді тұрғын. «Аялдамаға жету үшін әуелі Бекқожин көшесін жаяу жүргіншілер жолағымен кесіп өтіп, одан әрі оңға бұрылып, генерал Бәкіров қиылысынан өту керек. Алайда бұл жерде жаяу жүргіншілерге арналған белгі жоқ. Кептеліп тұрған көліктер да­былдатып, өткізгісі келмейді. Сонда тұр­ғындар аялдамаға қалай жетуі керек? Амалсыздан балаларыммен көшені айналып жүрмеу үшін кейде оң жақпен тура тартып аялдамаға жетуге тырысамыз. Осы аумақта тұратын тұрғындар жол­дың оңтүстік бөлігіне де «зебра» қою­ды бірнеше мәрте сұраған екен, қала би­лігі ережеде жоқ деп жауап бе­ріп­ті. Бұл жермен күнделікті жүретін жаяу жүр­гіншілердің басым бөлігі аялдамаларға жету үшін жолағы жоқ жермен өтетінін байқаймын. Себебі бұл тұс азаматтарға ыңғайлы», дейді қала тұрғыны.

Тұрғынның сауалы бойынша қала әкімдігіне хабарласып көрдік. Қала бас­шы­сының баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова біздің өтінішімізден соң жергілікті полиция басқармасының мем­лекеттік автоинспекторы, сондай-ақ жасанды жол кедергілерін орнатумен және жол белгілерін салумен айналысатын мердігер ұйымдардың өкілдері аталған учаскеге барғанын хабарлады. «Бірлескен тексерістің қорытындысы бойынша осы учаскеден 20 метр қашықтықта (яғни солтүстік бөлігі) жаяу жүргіншілер өт­келі бар екендігі анықталды. Онда тиісті таң­балар, белгілер мен стробоскоптар ор­натылған. Қала көшелеріне жаяу жүр­гіншілер өткелдерін жасау Павлодар қаласы полиция басқармасының келісі­мімен жүргізіледі. Уәкілетті орган сіз көр­сеткен жерде жаяу жүргіншілер өтке­лін орнату қажет деп таныған кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мердігерлік ұйымдары тиісті жұмыстарды жүргізетін болады», деген жауап алдық.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ж.Қайыров облыс орталығындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көше қиылыс­та­рындағы бағдаршамдарды реттеу мәсе­лесі жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс ретінде жіберілді дейді. Бү­гін­де Нұрмағамбетов – Жібек жолы, ака­­де­мик Бектұров – Едіге би, Толстой – ге­не­рал Дүйсенов, Толстой – Шағын ­ай­нал­ма жолы, Толстой – Бұқар жы­рау, Толстой – «Трактир» дүкені (ЖШҚ), Нұр­мағамбетов – Минин, Нұрмағамбетов – «Даниял» дүкені, Ломов – Жібек жолы, Российская – Щедрин, Естай – Бұқар жырау, Циолковский – Катаев, Торайғыров – Айманов, Мәшһүр Жүсіп – Құдайбер­диев, Бекқожин – Ткачев қиылыстарына бағ­даршамдар орнату қажет.

 

Павлодар облысы