• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 11 Қазан, 2022

Білімдегі ықпалдастық

237 рет
көрсетілді

Бүгінде әлемдік нарықтағы бәсекелестік жоғары білім саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда Орталық Азиядағы білім беру кеңістігін тиімді пайдалану кәсіби мамандар даярлауда мақсатты іс-шаралардың біріне айналды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Әлемдік білім беру кеңістігіндегі трансұлттық өзара әрекеттестік» VI Орталық Азиялық халықаралық форумында сарапшылар сапа менеджменті, академиялық қауымдастық пен еңбек нарығының ықпалдастығын жетілдіруге бағытталған мәселелерді талқылады.

Форумды IAAR бас директоры Алина Жұмағұлова ашып, білім беру жүйесінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Әлемде қа­лып­тасқан жағдайға сәйкес білім беру саласындағы ынтымақтастық пен мә­де­ни алмасудың маңызы зор әрі оған жаңа мүмкіндіктер қажет.

«Трансұлттық өзара іс-қимыл жоға­ры білім беру сапасын қамтамасыз ете оты­рып, заманауи кеңістіктегі жаңа мүм­кіндіктерді, білім жетістіктерін игеруге ықпал етеді», деп атап өтті ҚазҰУ бас­қарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев.

Бүгінгі таңда «зерттеу университеті» – білім мен ғылымның көп тармақты мәселелерін шешуге қабілетті модель. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ макро дең­гейде білім беру және ғылыми-ин­но­вациялық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған даму бағдар­ла­масын іске асыруда. QS жаһандық рей­тингінде әлемдегі ең үздік университеттер арасында 150-ші, сондай-ақ ұлттық және халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындардан көрінуде. Оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін ескере отырып, әлемдік дең­гей­дегі зерттеу университеті моделін құ­рудамыз. Бүгінде университеттік білім берудің перспективалық моделі қалып­та­суда», деді ректор Ж.Түймебаев.

Жиынға қатысушылар алдында се­на­тор Бақытжан Жұмағұлов Пар­ла­­мент Сенатының төрағасы Мәулен Әшім­­баевтың форум қатысушыларына ар­наған құттықтау хатын оқыды. «Қа­зақ­станның ұлттық білімі қазіргі заман­ғы трендтерге сәйкес дамып, бәсекеге қа­білетті және сыни тұрғыдан ойлайтын, еңбек нарығының қазіргі заман­ғы талаптарына бейімделген кәсіби құзыреттілікке ие адамдарды қалып­тас­ты­руы маңызды», делінген құттық­тау­да.

Бүгінде Президент тапсырмасына орай ғылым мен білім саласын дамыту басты назарда тұр. Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірлесіп шешетін бірқатар міндеттерді атады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірнеше білім беру моделіне назар аудару қажет. Континентальды және әлеуметтік үлгідегі білім беруде білім әлеуметтік функция ретінде, тегін, жалпыға қолжетімді болады. Ал орталықсыздандырылған, ашық модель – нарыққа икемді, бағдарламаларын нарықтың, жекелеген жұмыс берушінің та­лаптарына бейімдей алатынымен ерек­ше­ленеді. Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың білім беру жүйесі не­гізделген жұмылдырушы модельде жо­ғары білім беруде бірінші кезекте са­ла­лық мамандандырылған бағ­дар­ла­ма­лар міндеттеледі.

Министр атап өткендей, Қазақстанда бүгінде 120 университеттің 55 пайызы жекеменшік болса, студенттердің 60 пайыздан астамы жекеменшік оқу орындарында білім алуда. Осы орайда алда ұлттық білім жүйесіне икемді бағдардың таңдалғаны маңызды.

«Әлемдік және еліміздегі демог­ра­фия­лық, миграциялық ахуалды негізге ала отырып, білім алғысы келетін сту­дент­тер мен абитуриенттердің көбей­ге­нін ескеруіміз керек», деп атап өтті министр.

Осы орайда Орталық Азия елдерінде жаңа академиялық мобильділік орталы­ғы болу мүмкіндігінің зор екеніне тоқ­та­лып, білім берудегі цифрландыру жү­йе­сінің тиімділігіне назар аударды. Ми­нистрдің айтуынша, қазіргі кезде ака­де­миялық инфрақұрылымдарға инвестиция салу тиімді емес. Пандемия кезінде барлық елдер үшін үлкен сабақ болған цифрландыруды қосымша оқу құралы ғана емес, негізгі қажеттілік ретінде қол­данған тиімді. Сондықтан гибридті, ара­лас оқыту форматын өте байыпты түрде қайта қарау керектігі туындайды.

Министр сондай-ақ Қазақстан Болон процесінің бақылау тобының (BFUG) тең төрағасы екенін, елімізде BFUG өкілдігін ашу туралы декларация қабылданғанын жеткізді. «Біз Ор­талық Азиядағы ауқым­ды білім беру кеңістігін қарқынды түр­де дамы­­тамыз. Қазақстанда барлық жоға­ры оқу орындарының академиялық мобильділігін дамытуға мүмкіндік бар», деді өз сөзінде министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 2025 жылға дейін шетелдік жетекші университеттердің бес филиалын ашу жоспарланған. Осы мақсатта Алматыда De Montfort University Kazakhstan университетінің, Атырауда И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ универ­си­те­ті­нің филиалы, Алматыда «МИФИ» ҰЯЗ университетінің, Петропавлда Аризона университетінің филиалы ашылды. Келесі жылы Астанада Michigan State Uni­versity педагогикалық университетін ашу жоспарда. «Әлемде орын алған жағ­дай­ларға, көші-қон визалық процестерге қарамастан, сапалы жоғары білім алуға сұраныс бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Білім алу үшін шетелге барғаннан гөрі өз кеңістігімізді аша отырып, ірі шетелдік жоғары оқу орындарын үлкен білім нарығына шығуға шақырамыз», деп атап өтті министр.

Форумның пленарлық отырысын­да Тәжікстанның VI сайланған Мәжіліс депутаты Г.Құрбонәли, Қырғыз Рес­пуб­­ликасы Білім және ғылым ми­нис­трі­­нің орынбасары Р.Абазбек, IAAR Байқау кеңесінің төрайымы Б.Әй­ті­мо­ва, Қазақстан Жоғары оқу орын­да­ры қауымдастығының президенті Р.Алшанов, Дүниежүзілік медициналық бі­лім беру федерациясының президенті Д.Гордон, Жоғары білім сапасын қамта­ма­сыз ету жөніндегі Еуропалық реестр президенті К.Дитрих, Жоғары біл­ім берудегі сапаны қамтамасыз ету жө­ніндегі Еуропалық қауымдастықтың директорлар кеңесінің мүшесі, Жоғары білім сапасы жөніндегі агенттік (AIKA) директоры И.Силка сөз сөйлеп, әлемдік білім, ғылым төңірегінде пікір білдірді.

Халықаралық форумға қатысушылар сандық трансформация жағдайында білім беру саласындағы үздік тәжірибелер алмасу алаңын құруға ұсыныс білдірді.

 

АЛМАТЫ