Бүгінде ғылыми-техникалық базасы дамыған елдерде атом энергетикасы энергияның қауіпсіз әрі экологиялық таза өндірісі ретінде қарастырылып келеді. Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, атом энергетикасын адамзат игілігіне пайдалану энергетикалық дағдарыстың алдын алумен қатар экологияны және жасыл технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.
Алматыда Ядролық физика институтының ұйымдастыруымен өткен «Ядролық ғылым және технологиялар» атты ІV халықаралық ғылыми форумға Франция, Бельгия, Швейцария, Әзербайжан, Мысыр, Жапония, Италия, Норвегия, Латвия, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдерден келген 300-ден астам ғалым ядролық физика, атом энергетикасы, радиациялық экология және медицина саласындағы заманауи зерттеулермен бөлісті.
Бүгінде Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы (CERN), Ресейдің Дубна қаласында орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институты, тағы да басқа беделді орталықтармен ғылыми-техникалық ықпалдастықта жұмыс істеп отырған Ядролық физика институтының мамандары медицина, ауыл шаруашылығының әртүрлі салаларында ядролық физика ғылымының жетістіктерін игілікке айналдырып отыр.
Қазақстандық ғалымдар ядролық физика саласындағы қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеулерді дамытумен қатар атом энергиясын халық шаруашылығында пайдаланудың тиімділігін дәлелдеп келеді. Бүгінде институттың жетістіктері еліміз ғана емес, шетелдерде де зор сұранысқа ие. Бас директор, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Саябек Сахиев институттың 2030 жылға дейін әлемнің алдыңғы қатарлы зерттеу орталықтарының элитасына қосылу мүмкіндігі тұрғанын атап өтті.
Қазіргі кезде институт аумағында азайтылған уранды пайдалану мақсатында жаңартылған реактор жұмыс істеп келеді. ВВР-К реакторы базасында мұнай-газ саласы, сондай-ақ әлемдік денсаулық сақтаудың ең озық бағыттарының бірі болып саналатын ядролық медицинаға арналған препараттар өндіріледі. Соңғы жылдары радиофармпрепараттардың спектрі кеңейіп, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде диагностикалау және емдеу өндірісі тиімділігін көрсетіп отыр. Саябек Сахиев атап өткендей, ендігі кезекте уранды шикізат көзі ретінде өндіріп қоймай, өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беру қажет. Өйткені ядролық физиканың мүмкіндігі зор, оны халық шаруашылығының барлық саласында тиімді пайдалануға болады. Құрылыс, сондай-ақ ауыл шаруашылығында радиоактивті изотоптардың белсенділігін талдаумен, зерттеумен айналысып отырған институт мамандарының медициналық туризм бағытындағы жобалары да назар аударарлық. Сонымен бірге институт базасында азық-түлікті залалсыздандыруға, яғни радиациялық өндеу жұмыстары жанданып келеді. Мысалы, елімізде астық өнімдерінің 40 пайызға жуығы дұрыс сақталмайтын болса, бұл көрсеткіш шетелдерде 8 ғана пайызды құрайды. Яғни радиациялық өңдеуден өткен өнімдердің сақталу уақыты да ұзақ. Осы орайда Ядролық физика институты Алматы технологиялық университеті және Қазақ ұлттық аграрлық университетімен тағам қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жолға қойған. Бұл бағыттағы жобаларға соңғы уақытта өнеркәсіп орындары да қызығушылық танытып келеді.
Соңғы он жылда институт еліміздегі радиациялық қауіпті объектілердің радиоэкологиялық тәуекелін төмендету мақсатында қоршаған ортаның радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеуді жолға қойған. Форумға Жапониядан келген Chiyoda Technol Corporation президенті Атару Иноуе институтпен ядролық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Ядролық физика институтының әлемдік деңгейдегі орнын жоғары бағалаймыз», деді өз сөзінде Атару Иноуе. Оның айтуынша, соңғы бес жылда жүзеге асқан жобалар тиімділігін көрсетіп, институттың радиоактивті изотоптарына жапондық компания тарапынан сұраныс артып келеді. Бүгінде Жапонияда Фукусимодағы апаттан кейін қырықтан астам реактордың жұмысы тоқтап тұрғаны белгілі. Салдарынан күн асты елінде медицина саласына қажетті радиоизотоптарды дайындау мүмкіндігі жоқ. «Институтта өндірілген изотоптарды өндірісте қолданып жатырмыз. Біздің компания радиациялық аумақта жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігін қаматамасыз ету дозиметрлерін шығарумен қатар атом реакторларына жақын маңда орналасқан кеңселерде жеке қорғаныс құралдары мен атом реакторларына керекті құралдарды қамтамасыз етумен айналысады. Сонымен бірге радиациялық нысандарға мониторинг жасайды. Радиоизотоптар Қазақстан мен өзге шетелдерден импортталады. Алдағы уақытта Ядролық физика институтымен жобаларды дамыта отырып, радиациялық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жұмыс істейміз», деп атап өтті Атару Иноуе.
«Тұрақты даму бағдарламасы аясында атом энергетикасын экологиялық мақсатта, жасыл энергетикада қолдану адамзат қол жеткізіп отырған жетістіктердің бірі», деп атап өтті форум барысында Біріккен ядролық зерттеулер институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Григорий Трубников.
Осы орайда ресейлік ғалым әлемде атом индустриясы бойынша көшбасшы орында тұрған «Росатомның» ядролық физика және заманауи ядролық технологиялар негізіндегі жобаларының ядролық материалдарды жоғары стандартты пайдалануға негізделгеніне тоқталып, медицина, өнеркәсіп, пайдалы қазбаларды алу, диагностикалау саласын ядролық технологияларсыз елестету мүмкін еместігін алға тартты.
Қазақстан Біріккен ядролық зерттеулер институтының мүшесі ретінде Ресеймен атом энергикасы саласындағы ықпалдастықты ғылым, білім саласында дамытып келеді. Жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да МИФИ филиалы ашылып, тараптар ядролық физика саласында бакалавр және магистрлерді даярлау келісіміне келгені белгілі. Сонымен қатар ықпалдастық Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен де жолға қойылған. Григорий Трубниковтің айтуынша, Ресейдің Дубна қаласында ғылыми технологияларды зерттеп, жаңа буын реакторларында жұмыс істеп, білімін жетілдіріп жатқан 100-ден астам қазақстандық физик-мамандардың вакцина, жоғары магнитті жаңа буын проводниктерін, радиациялық технологиялар үшін үдеткіштерді әзірлеудегі заманауи мүмкіндігі туралы айтып өтті.
Ядролық физика институты 65 жылдық тарихында бірнеше буын маман даярлаумен қатар ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу және қолдану, медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотопты өнімдер шығару, атом энергиясын пайдалану мақсатында іргелі зерттеулермен айналысуда. Ал осы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп отырған кешенді ғылыми-өндірістік орталық ретінде атом энергетикасын игілікке пайдалану, уранды бейбіт мақсатта қолдану жобаларының тиімділігін дәлелдеуда. Осы орайда институт мамандары еліміздің ядролық физика саласындағы жетістіктерін форум аясында кеңінен талқылап, халықаралық кеңістікті алаңдатып отырған әрі ғалымдар қол жеткізген ғылыми жетістіктерімен бөлісті.
АЛМАТЫ