• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Қазан, 2022

Сана – сарсаң, сауал – сан

696 рет
көрсетілді

«Классик – оқылмаса да мақталатын адам, – дейді Честертон, – мұның ешбір әбестігі жоқ, бұл бар болғаны адамзаттың талғамы мен пікіріне деген құрмет қана». Адамзат баласы – алты құрлық, төрт мұхит тұтас оқып, толымды пікірін қалыптастыру үшін кемі ғасыр керек болар. Ол он жылдың ар жақ-бер жағындағы әңгіме емес. Кейде әлемдік әдеби сыйлықтарды есім-сойы белгісіз қаламгерлер алып жатқандай көрінетіні бар ғой. Себебі ол және оның басты шығармалары бізге жете қойған жоқ. Сондықтан сөге сөз айтудың өзі сөкет дүние.

Классикалық шығарма қалай туады? Әуелі кісі жүрегі мен санасында, тіпті замана санасын­да сұрақ туатын болуы керек. Менің ойымша, классикалық шығарманың басты белгісі – мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуі мен мәңгілік сұрақтарды қоюында. Дәуірге, ғасырға, өз заманына, қоғамына, адамзатқа, тарихқа, Құдайға, тіпті өзіне. Сұрақтың тууы – қаламгердің пісіп-жетілуі.

Теңіз терең емес, кісінің жүрегі терең, сол тереңге тастаған кей дүниеңіз жүректің түбіне бата алмай қайтадан қалқып шыға келеді, сол қалқып шыққан дүние – сұрақ. Адамзат деген асқақ сөзді айтпас бұрын, адам деген ұғымның одан әсте кем еместігіне келісіп алған жөн шығар. Адам, жеке адам ғана адамзатты ойландыратын, толғандыратын, абыржытатын, мазасын алатын, қайғыландыратын сұрақ қояды. Сол сұрақтың ең әділеттісі, ең өзектісі, ең ауыры адамзаттың сұра­ғына айналады. Шындық пен өтіріктің өзі сұрақтан кейін туады.

Ал классикалық шығарманың өлуі дегеніміз, оның оқылмауы емес, сол сұрақтың риторикалық сұраққа айналып кетуі деп білемін. Оған жауап беруді ешкімнің де қажет деп таппауы.

Бұл жазбамызда мысал еткелі отырған бірне­ше сауал – мәңгілік сауалдар. Әлемнің алдына әдебиет қойған сауалдар. Біз әр уақыт, әр халық әдебиетінен бірнешеуін ғана алып отырмыз, асылында бұлар көп. Оны әр ғасыр, әр мемлекет, әр қоғам, әр адам өзі өзіне күнделікті қоюға міндетті болар. Міндетті деген сөздің шынтағы үшкір, тізесі сүйір – етіңе батады, алайда міндетті болмасақ, мәжбүр болармыз. Күнделікті өмірде осы сауалдар алдыңнан шығып отырады.

Айтматов пен Мұхамеджанов тандемінен туған «Көктөбедегі кездесуде» ақын қойды дейтін бір сұрақ бар, мәңгілік сұрақтың бірі осы:

Мәңгі талас, мәңгі дау,

Қайткенде адам қалады адам болып?

Қан сасыған соғыста да сол сұрау –

Қайткенде адам қалады адам болып?

Ұрандаған жорықта да сол сұрау –

Қайткенде адам қалады адам болып?

Тура ажал кеп, қорыққанда да сол сұрау –

Қайткенде адам қалады адам болып?

Жаудан қашып жасығанда сол сұрау –

Қайткенде адам қалады адам болып?

Жауды жеңіп тасығанда сол сұрау –

Қайткенде адам қалады адам болып?

Кім бізді осы дау-таласқа қалдырған,

Қашан болсын шыға келер алдыңнан.

Айтыңдаршы,

Қайткенде адам қалады адам болып?

Кейіпкердің бірі осы сәтте: «Соғыс, бауырларым, соғыс. Соғыс дегенің дүние танудың ең ауыр мектебі» деген сөзді айтады. Жер бетінде әрбір сәт сайын соғыс жүріп жатады. Халықтар мен халықтар, мәдениеттер мен мәдениеттер, идеялар мен идеялар шайқасады. Жеке адам өмірінің әр сәті де – майдан, өзгемен, өмірмен, өзімен майдан.

Барлығы да осы адамның адам болып қалуы мәселесіне байланады, желідегі құлындай, кө­гендегі қозыдай. Адам болып туу, адам болып өмір сүру, адам болып өмірден өту. Осы бір ұзақ жолда, ұзақтығы – адамның жаралуы мен халықтар­дың ұлы қоныс аударуымен парапар жолда кездесе­тін болу мен болмау, бар мен жоқ, өзіңді табу мен жоғалту, тазалық пен настық, көркемдік пен ұсқын­сыздық, ізгілік пен зұлымдық, мейірім мен қаты­гездік, сатқындық пен беріктік, тұрақтылық пен табан­сыздық, махаббат пен ғадауат, өмір мен өлім – осының барлығы-барлығы сауал болып қойылады, сауал болып қалады.

 «Өлмек пе, қалмақ па?»

Дүние әдебиетіндегі ең даңқты солилог, әдетте, Гамлет сауалы аталатын осы сауал әлем мен адамзат санасы мен рухын Орта ғасыр мен жаңа заманға қақ бөліп тұрғандай көрінеді. Осы сауал қойылған 1600 жыл – орта есеппен Орта ғасырдың соңғы кезеңі, адамзаттың жаңа уақытқа дайындалуының басы, тіпті әлем деген ұғымның қазіргі түсініктегі мағынасы қанығып, құрлықтардың ашылып, құндылықтардың өзгере бастауы.

Өлмек пе, қалмақ па – ендігі сауал екіұдай;

Өмір, өлім – арпалыс. Татар дәмім

Таусылды деп бас ием бе тағдырға,

Әлде мынау қасіреттің селімен

Жан шыққанша жағаласып, бұлардың

Бітірсем бе істерін?

Өлмек. Ұмыт болмақ.

Үзіп тастап ой-арманның арқауын,

Тәнге тәуел азап-сордан арылмақ.

Осы емес пе бір тілек? Түгесілу.

Ұмыт болып ұйықтамақ та, түс көрмек.

Міне, жауап. Егер мұны жөн көрсек,

Арылған соң пендеге тән сезіммен

Әлгі ұйқыда түске нелер енбекші?

Хамит Ерғалиев тәржімасында «To be, or not to be» («Быть или не быть») «Өлмек пе, қалмақ па?» деп берілді, солай оқыдық, солай таныдық. Мұның әдеби айналымда тағы бір нұсқасы ұшыраса­ды: «Болу я бордай тозу». Гамлеттің басындағы халді сезінгенде «өлмек пе, қалмақ па?» нұсқасы дұрыс, ал Шекспир қойған сауал ретінде қарасақ, «болу я бордай тозу» нұсқасы нақтырақ секілді. Адамзат осы бір кезеңде өзіне өзі «Боламыз ба, бордай тозамыз ба?» деген сұрақ қойды. Әр ұлт пен мемлекет «ел боламыз ба, ебелек қуамыз ба?» деп те өзіне сауал тастауға тиіс-ақ. Мысал үшін, Еуропаны өзгерткен Мартин Лютердің рухани реформасын айтуға болады. Қазақ тарихындағы Хақназар мен Тәуекелдің мемлекет тұғырын нығайтуы, мұхиттар мен құрлықтардың ашылуы, Англия, Франция, Швейцария, Нидерландтағы реформалар, орыс патшасы Қаһарлы Иванның Қазан мен Астраханды алуы, Осман империясының Венеция мен Персия­ға соғыс ашуы, қысқасы, дүние­нің дүрбелеңге түсуі. Осы уақыт­та «Болу ма, бордай тозу ма?» деген сауал әлем үшін аса ма­ңызды болып тұрды. Дүние тану мен дүние­таным қатты өзге­ріске ұшы­­рады:

Ал бұл – жұмбақ. Сорымызға, осы ғой

Сілкілейтін жылдар

бойы өлтірмей!

Төзбес еді-ау жан

баласы жалғанда

Масқарадай мазағына

ғасырдың;

Көнбес еді жебір мықты

жегенде,

Қорлағанда

тоғышарлар,

мансаптар,

Соттарға да, созғылайтын үкімін,

Махаббатқа, құпталмаған, тапталған,

Кісі еместер кісілерге күлгенде –

Көнбіс жандар көнбес еді-ау

осылардың бәріне

Өз тағдырын бітіре алса оп-оңай

Бір-ақ салып қанжарды!

«Кәне, шыққан мүйізің?»

Ер Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез жебесін шілпара қылып уатқан қарт Қожақ, Ақжүністі алмақ болып, алмаса алма мойнын қиып түсерге қылыш көтермек болған қарт Қожақты не тоқтатты? Сөз! О заман адамының сұлпы сұйыл­маған еді-ау.

Бес жасыңда қарт Қожақ

Жас шыбықтан жай тарттың,

Жалғыз шиден оқ аттың,

Атқан оғың жоғалттың,

Кәне, шыққан мүйізің?!

........................................

Елу беске келгенде,

Топқа бардың бой түзеп,

Дауға бардың тіл безеп,

Билік сұрадың бір кезек,

Кәне, шыққан мүйізің?!

Бұ дүниеде бәрінің де өзгермелі, құбылмалы, тұрақсыз екенін «жалған дүние» деген жалғыз ауыз сөзбен қорытқан қазақ, шын мәнінде, даныш­пан халық. Осы ұғымды дәл аударып айта алар тіл бар ма екен дүниеде? Сол секілді «Кәне, шыққан мүйі­зің?» дегеніңіз де анық, нақ қазақы сөз. «Не тап­тың?», «Содан не шықты?» сипатындағы сөз­дер­мен беруге болатын шығар, бірақ дәл қазақы нұсқа­дағыдай қанық, уытты, зілді шыға қояр ма екен?!.

Бұл ұғыммен жеке адамның өтпелі өмірін ғана емес, өмірдің соңындағы өкініш пен шерді ғана емес, тұтас кезеңнің жан дүниесін жайымен беруге болады.

Көп елді кері кетірген, көп ұрпақты дертті еткен нәрселер бар: ата салыстыру, аруақ жарыстыру, қызмет көксеу, құзырет аңсау, асқақ сөйлеу, жасқап сөйлеу, тойлау, топан ас төгу, сайрау, сайран салу, ойнау, ойран салу, қайрат қылудың орнына айбат шегу, әсемпаздық, үстірттік, үмітсіздік, күлкінің культке айналуы, ана тіл архаизмге, ата жолының анахронизмге айналуы, айта берсе, аз емес... Ұлы мемлекетті ұранмен құрмайды. Осыдан бойымызды алыс ұстасақ дейміз замандасқа. Осының бәрінен мүйіз шығар болса, кербұғыға айналып, кереге мүйізіміз көкке шаншылар заман болған жоқ па?!.

«Бар не жоқ»

«To Have and Have Not», орысша нұсқасындағы «Иметь и не иметь» деп аталатын Хемингуэйдің екінші романын «Бар не жоқ» деп алсақ, жазу­шының түпкі ойынан көп ауытқи қоймаймыз ғой деп ойлай­мын. Құрама штаттардағы Ұлы дағдарыс дәуі­ріндегі адамдар тағдырын сипаттайтын бұл шы­ғарма Куба мен Флорида арасында заңсыз тауар­ тасымалымен айналысқан Гарри Морган есімді отағасының өміріне жарық түсіреді.

Флорида бұғазында Ки-Уэст аралы бар, сол заманда арал – арып-аршыған, жүдеп-жадаған, кедейліктің көйлегі көн терісіне жабысқан жар­лы-жақыбайдың мекені екен. Оларды арғы тегі еуропалық аздаған дәулетті топ «қабыршықтар» деп атайды. Онысы «жоқ-жітік» (неимущие) дегені. Осы көп жоқ-жітік шоқ жұтып, қоламта құсып тіршілік кешеді. Ал Гарри ше?

Гарри Морган сұлу әйелі, сүй­кім­ді қыздары бар, кішігірім кемесімен ауқаттыларды тасып, аздаған табысын қанағат тұтып, Құдайға назын, адамға базынасын айтпай-ақ өз күнін өзі көрген жігіт еді. Бір күні алаяқтарға алданып, айдалада, ас-сусыз, көлік майынсыз қалып кетеді. Енді отбасын қалай асырарын білмей аласұрған кейіпкер амалының жоқтығынан алғашқы қылмысын да жасайды. Қылмысы – заңсыз мигранттарды тасу. Сол әрекеттен кейін Гарридің ішінде – жандүниесін­де бірнәрсе өз­гереді. Бір сөз бар ғой, ақша мен билік адамды бұз­байды, жай ғана оның шынайы бейнесін ашады. Кейін келіншегі есіне алатындай, Гарриде жабайы бір хайуани қасиет бар еді, сол қасиет оянады. Осы сәттен бастап кісі өлтіреді, заңсыз тауар тасымалдайды, банк тонаушыларды жасырады, не керек, ақыры солардың қолынан өз ажалын табады.

Эрнест Хемингуэй бар мен жоқ дегенде, адам бойында бір қасиет бар я жоқ, адамда таңдау бар я жоқ, сен байсың я кедейсің, сен барсың я жоқсың, сен боласың я болмайсың деген мәндегі қат-қабат ойларды қабыстырады. Мейлі, қандай жағдай адамды қылмыс жасауға итермелесе де – аштық пен тоқтық, барлық пен жоқтық, еріктілік пен еріксіздік, шамасыздық пен шарасыздық, қулық пен сұмдық – қылмыс жасамау керек. Сенің ішіңде қылмыскер бар я жоқ: мәжбүрлік – міндетті алғышарты. Мәжбүрлік – адамның өзін өзі ақтау үшін өзі ойлап табатын алғашқы себеп. Кім мәжбүр емес, кім мұқтаж емес? Бәрі де бірнәрсеге мұқтаж, бәрі де бірнәрсені жасауға мәжбүр. Бірақ адамның бәрі сол нәрсеге қылмыстық жолмен иелік етуге ұмтылмайды. Ал ұмтылғандар сол нәрсеге иелік етеді, бірақ өміріне иелік ете алмайды. Бірнәрсеге ие болады, бірақ өзіне ие бола алмайды. Мысалы, парақорлық, жемқорлық. Жазушының бұл шығармасынан мынадай парадоксалды тұжырым шығады: адам не нәрсеге иелік етуге жанұшыра ұмтылса, сол нәрсеге түптің түбінде иелік ете алмайды. Яғни сенде бәрі де бар, бірақ ештеңе де жоқ. Тағдыр шекемтас ойнамайды: бірнәрсе алсаң, бірнәрсе бересің.

Гарридің жары, күйеуін жерлеуге де бармаған Марияның жалғыз қалғандағы ойы: ішіңде бәрі де өлгендей бір сезім болады екен, адам содан босағанда басқаша күй кешеді. Содан кейін өлі қалпыңда өмір сүресің, барлығы да солай еткен, солай ете береді.

«Ал төреші кім?»

«Чацкий дегеніміз кім? Текті, қызуқанды, тіпті кеңпейілді кемеңгер адам. Оның әрбір сөзі – ақылдың жемісі, бірақ ол осының бәрін кімге айтады? Фамусовқа ма? Скалозубқа ма? Мәскеулік салтанатты астағы шал-шауқанға ма? Молчанинге ме?» Пушкин сұрақты төтесінен қояды, осылай. Фамусов – ескібет қана емес, ескі түсініктің адамы, Скалозуб – дөңайбат, дойыр неме, Молчанин – жандайшап, жаман-жәутік, жағымпазыңыз. Ал Чацкий жаңа заманға бет алған жанкешті. Грибоедовтің Чацкийі өзін өбектеп те, өзекке теуіп те, әйтеуір, өзгертпекке, өздеріне ұқсатып алуға ұмтылған Фамусовқа осы сауалды қояды:

Ал төреші кім? Көне заманнан бергі қалпынан

Олардың еркіндік өмірге дұшпандығы

артылған,

Олардың пікірлері – ескі газеттер сарынынан

Сонау Очаков заманынан

Қырымды бағындырған көздерден алынған.

Балағаттауға әзір тұрады,

Бір айтқан әлеуләйін мың рет қайталайды,

Өздерін өзі байқамайды; (Тәржіма: Т.Жароков)

Часкийді не нәрсе ызыландырады, жирендіреді? Әлбетте, зәулім сарайлар залындағы заржақ сөздер. Байлықтың басынуы. Сыбайластықтың сыртқа тебуі. Фамусов болса, оны осы әлемге тоғытып кеп жібергісі келеді.

Мені сіз бала күнімнен сондай кісілерге

телімеп пе едіңіз

Әлдеқандай бір түсініксіз оймен

Соған мені тәжім еткізіп

баулымаған ба едіңіз?

Оларға мойныңда қарызы барларды

Уақытында төлемесе қысып бақты.

Ол барлық әдемілікті, махаббатты,

Ақырында біріндеп ақшаға сатты!

Сауал иесі осылардың мұның тағдырына, мұның уақытының тағдырына қалай төреші, қалайша қазы болмағын түсіне алмай сарсаңға түседі. Ол болашақ ұрпаққа сенеді. Олардың басқа құндылықтармен өмір сүреріне сенгісі келеді.

Шығар біреуі біздің осы күнгі жастардан:

Ол жастар орын талап етпейді,

Чин, шекпенді де тілемейді,

Бұл жастардың зейіні өткір ұғуға,

жаны да құмар ғылымға,

Сұлулықтың шынын да,

көркем өнердің сырын да

Ұғу үшін оларды тәңіріңіз өзі-ақ отты қылып

жаратқан.

Ал аналар: таландық – ертең

деп шулайды

жан-жақтан!

Олардың ойынша жастар: қиялшыл,

қауіпті жан!

Мундир! Тек қана мундир!

Олардың ескі салтында,

Мундир деген бір кездегі кестеленіп

тігілген жамылғы,

Олардың сезімсіз жаны мен шолақ ойлары

Мундирмен ғана жабулы.

Олардың соңын ала шыққан бізге де

жолы ашық!

Әйелдеріміз де, қыздарымыз да әлі

сол мундирге ғашық!

Мен солардың мундирінен, нәзіктігінен

Жақында ғана босадым, безіп қашып.

Мен енді ол балалыққа жуымаспын шатасып,

Ол кезде оған кім қызықпады құшақ ашып?

«Ол жастар орын талап етпейді, Чин, шекпенді де тілемейді, Бұл жастардың зейіні өткір ұғуға, жаны да құмар ғылымға» (Грибоедов) және «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» (Абай) деген ойлардағы ортақтыққа қараңызшы. Он тоғызын­шы ғасырдағы ағартушылық идеясы – кейін Алаш зиялыларының қолындағы алтын шыраққа айналды. Бірақ сол алаштықтардың өзіне төреші кім болды? Чацкийдің азар да безер болып, басын ала қашқан адамдары. Қоғамдық формация өзгергенмен, өзгермей қалған мінез-құлық, ой-сана.

«Неге біз осы?!»

Бізде осы қол сермеп сөйлеушілердің көп­тігінен бе, шошая бастаған сұқ саусақ көрсек, арқамыздан суық тер шығады. Көзге түртуші, нұқушы көп. Ал нұсқаушы бар ма? Көзімізді ашушы бар ма?

Сол сұқ саусақтардың арасынан мен кейде Таған­ның сұқ саусағын іздеймін. Оның сөзінде, рас, жан бар. Оралхан Бөкейдің ойлы мұңлығы.

«Неге біз осы... жанымызда жанып тұрған отты не су құйып өшіреміз, не болмаса май құйып лау­лата өртеп жібереміз», «Неге біз осы оқта-текте жы­лап алмаймыз? Неге?».

«Неге біз осы... Ең әуелі бізге кімдер керегін, яғни ұлты­мыздың ар-ождандық идеалын біл­мейміз. мінездік ерекшелікті артықшылығымыз деп асыра мақтанамыз, ал рухымызды, жадымызды жаң­ғыртпаймыз немесе біліктілігіміз аз, жалған білі­мімізді солақай, рәсуа пайдаланамыз. Бұл мен­мендік, әсіресе тарихшылар мен философтарға, сонымен қатар орысша оқып, ойлап, жазатындарға немесе өз ұлтын тым-тым сүйетіндерге тән сипат. Меніңше, ұлтты жақсы көру дегеніміз – тек жақсылығын ғана көру емес. Ұлттың рухани түлеуі мен өсуі үшін оның жетістіктеріне таңдай қаға тамсану, ұдайы табыну ғана ма? Кемшіліктерін де көріп, қайтып қайталанбауы үшін күресу емес пе... Мәдени топырағы құнарлы қазақ халқы Абай, Шоқан, Мұхтардың сәулесін ғана теріп, ыңғай-ылғи жарылқана берген жоқ, сұрқиялары мен сатқындарының да сан алуан түрін көрді, көріп те жүр. Олар осы тауда да бар... Төтеден төнген қысым да, қауіп те жоқ, қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қалаған мамырстан заманда биікке шыққа­ны­мызды күндеп, етекте қалғанымызды тілдеп, ішегімізге қыл айналмайтын қызғаныш отына жылынып, қызара бөртіп жүре береміз бе?».