• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қазан, 2022

Еңбек нарығы және цифрлық технология

562 рет
көрсетілді

Халықаралық еңбек ұйымының болжамына сәйкес әлемдік еңбек нарығындағы пандемиядан кейінгі ахуал жуық арада қалпына келе қоймайды. Пандемиядан кейінгі дағдарыс мемлекеттер мен әртүрлі са­нат­тағы жұмысшылардың қар­жы­лық және әлеуметтік жағ­да­йы­на нұқсан келтіруде.

Дағдарыстың салдары ұзақ уақыт бойы халықтың экономикалық белсен­ді­лі­гіне, үй шаруашылығының табысына, әлеуметтік, саяси келісімдерге де әсер етуі мүмкін. Әлемдегі жұмыссыздық көр­­сеткіші келесі жылдың соңына дейін сақ­талады деп күтілуде. Болжам бо­йынша, биыл дүние жүзіндегі жұмыс­сыз­дар саны 200 млн-нан асады. ХЕҰ мәліметінше, экономикалық белсенді халықтың әлемдік үлесі 2019 жылғы көрсеткіштен 1,2 пайызға төмен.

Халықаралық еңбек ұйымы мен Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар ке­ңесі «Еңбек нарығын дамыту және ла­йықты еңбекті қамтамасыз ету үшін цифр­лық түрлендірулерді пайда­ла­ну­дағы кәсіподақтардың рөліне» арналған конференцияда Алматы декларациясына қол қойып, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Халықты жұ­мыс­пен қамтуға әсер етіп отырған жа­һан­дық дағдарыс салдарын қарастыра отырып, сарапшылар цифрлық техно­ло­гиялар дәуірінде еңбеккерлердің құқық­та­ры мен мүдделерін қорғаудың жаңа тәсілдерін ұсынды.

Кәсіподақтар федерациясының төр­а­ға­сы Сатыбалды Дәулеталин Орта­лық Азия өңірінің мемлекеттері, оның ішін­де Қазақстан да экономи­ка­лық даму стра­тегиялары мен бағдарламаларында қазірдің өзінде экономиканың цифр­лық трансформацияның сын-тегеурін­де­ріне қарсы әрекеттер жүзеге асып жат­қанын жеткізді. Оның айтуынша, цифр­лық экономиканы дамыту еңбек нарығының сандық параметрлерін өз­гер­тумен қатар жұмыскерлер мен жұ­­мыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл фор­матын да өзгертуді көз­дей­ді. «Қазіргі уақытта цифрландыру бар жұмыс орындарын түрлендіріп, еңбек­керлерден жаңа дағдыларды та­лап етуде. Бұл тұрақты кәсіби дамуды, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді қажет етеді. Осыған байланыс­ты кә­сіп­одақтар жұмыскерлердің құ­қық­та­рын, мүдделерін қорғап қана қоймай, цифр­лан­­дыру жағдайында еңбек қатынас­та­рына жеңіл шешімдер ұсынуы керек», деді С.Дәулеталин.

ХЕҰ/ACTRAV Еңбеккерлер мүддесі үшін қызмет бюросының директоры Мария Хелена Андре аймақтағы кәсіп­одақтар бірлестіктерінің негізгі ұсы­ныс­та­рын айқындап берді.

– Бүгінде әлемде цифрлық технология­лар­дың дамуынан туындаған еңбек нары­ғындағы UBER-лену – жұмыспен қам­тудың жаңа түрін, сонымен қатар жұмыс берушілер мен еңбеккерлер ара­сын­дағы әлі реттелмеген қарым-қаты­нас­тарды енгізді. Сондықтан ХЕҰ ха­лық­аралық және ұлттық деңгейдегі әлеу­меттік және еңбек қатынастарын реттеушілерді келіссөзге, платформалық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және жұмыскерлердің мүдделерін қорғауда еңбек заңнамасындағы олқылықтарды реттеуге шақырады. Осы орайда жұ­мыс­керлердің құқықтарын қорғауды қам­тамасыз ету, кәсіподақтармен бірлесіп нормативтік-құқықтық актілерді қа­был­дау және жұмыскерлердің жеке де­рек­терінің цифрлық қауіпсіздігін қам­та­масыз ету маңызды. Оның айтуын­ша, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік әріп­тес­тер үшін жұмыс орнындағы еңбек қағидаларын сақтау, ХЕҰ-ның 155 және 187 конвенцияларын ратификация­лау­мен қатар консультативтік-кеңесші ор­ган­дарды, сондай-ақ экономиканың әр­түрлі салаларындағы жұмыскерлердің әлеу­­меттік теңдігін қамтамасыз ету бас­ты басымдық. Ал ұжымдық жауап­кер­шілік пен әлеуметтік диалог Қазақс­танда және аймақтың басқа елдерінде нә­ти­же­сін беріп келеді, – деді Мария Хелена Андре.

Конференция модераторы, ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бө­лі­мінің жетекшісі С.Гловацкас Орта­лық Азия еңбекшілердің құқық­тарын қорғау халықаралық кәсіподақ қозғалысын дамытудың маңызын атап өтті.

Қазіргі дағдарыс құбылыстарының ықпалы туралы тақырыпқа Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының ағымдағы деректері бойынша жұмыспен қамтылғандар саны елімізде 8 млн-нан асады. Оның ішінде 2 млн-нан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бейресми жұмыспен қамту көрсеткішінің артуы көбінесе жұмыс орындары сапа­сы­ның нашарлауына, төмен жалақы, оқуға қолжетімділіктің шектелуі мен әлеуметтік қамсыздандырудың немесе еңбектің қорғалмауына әкеп соқтырады. Оның әрқайсысы еңбек нарығының сапасына ғана емес, ең алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әл-ау­қатына кері әсерін тигізеді. Осы­ған байланысты Кәсіподақтар феде­рациясы қолданыстағы еңбек заңна­ма­сы­на өзгерістер енгізуге байланысты бірнеше жұмыс тобына қа­тысып, еңбек саласындағы өзекті мәсе­лелерді шешу үшін іс-шараларға бас­тамашы болып отыр.

«Кәсіподақ Бас келісімге ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұл­ғайту, оны жыл сайынғы индексациялау, ХЕҰ-ның «Дамушы елдерге ерекше назар аудара отырып, ең тө­мен­гі жа­лақыны белгілеу туралы» №131 кон­вен­циясын ратификациялау, әлеу­мет­тік әріптестермен «Лайықты еңбек» тұжы­рымдамасын жүзеге асыру үшін Жол картасын әзірлеу мәселелерін ен­гізуге қол жеткізді. Біз әлеуметтік әріп­тес­терге ең төменгі жала­қыны анық­тау әдістемесін әзірлеу және оны дә­йек­ті түрде арттыру қажеттігі туралы мәсе­лені бірнеше рет ұсындық. Пре­зи­дент Жолдауында кәсіподақтың бұл бас­та­­масын қолдайтыны көрініс тапты. Мемлекет ең төменгі жалақыны анық­таудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұл­ғайтуға мүмкіндік береді. Келесі жыл­дың басында ең төменгі жалақы 60-тан 70 мың теңгеге дейін өседі. Бұл жұмыс іс­тейтін 1,8 млн қазақстандықтың жағ­да­йына тікелей әсер етеді», деді Г.Жұмагелдиева.

Цифрлық платформалардағы жұ­мыс­пен қамтудың қазақстандық кейс­те­рін Кә­сіподақтар федерациясының Әлеу­мет­тік-экономикалық қатынастар және әлеу­меттік әріптестік комитетінің төра­ғасы С.Кенжеболат таныстырса, цифр­лық платформалардың ел экономикасы мен еңбек нарығына әсері туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Д.Арғандықов баяндады.

Ұлттық кәсіподақ орталықтары өкіл­дері өз елдеріндегі әлеуметтік-еңбек қа­ты­настарын дамыту шараларына тоқ­тал­ды.

ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша бюро­сы­ның сарапшылары К.Чатани мен М.Ватт онлайн платформада пікір білдірсе, Тә­жік­станның тәуелсіз кәсіподақтар феде­рациясының өкілі Д.Юнусовтың айтуын­ша, елдегі еңбекке қабілетті 5,5 млн халықтың 53,4 пайызы бейресми жұ­мыспен қамтылған. Сондықтан кон­ференцияның ұсыныстары Тәжікстан үшін өте өзекті. Молдова кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары С.Саинчук жұмыс орындарының жабылу көрсеткішінің артуы және жұмыс­сыз­дықтың көбеюіне тоқталды. Украи­на­дан босқындардың көбеюі мәселені одан әрі қиындатып отыр. Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Б.Махмадалиев білім беру бағдарламаларына қатысты пікірімен бөліссе, Түрікменстанның ұлттық кә­сіп­одақ орталығы төрағасының орынба­сары С.Атабердиев кәсіподақтар қыз­ме­тіне тоқталды. Моңғолия кәсіпо­дақтар конфедерациясы төраға­сының кеңесшісі С.Залмаа да өзара іс-әрекеттерін одан әрі дамыту мен нығайтуға қолдау білдірді.

Цифрлық платформалар жұмысшы­лар­дың халықаралық кеңістікте ғана емес, мемлекеттер ішіндегі құқықтары мен мүдделерін дамытуды көздейді. Бұл ба­ғытта жүзеге асып жатқан шаралар жа­йында еңбек нарығында ақпараттың мейлінше көп болғаны маңызды.

 

АЛМАТЫ