• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қазан, 2022

Жұмысы көптің ырысы көп

182 рет
көрсетілді

Түркістан облысында осы жылдың 9 айында 66,4 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 32,8 мың адам қабылданып, белсенді жұмыспен қамту шараларымен 28,1 мың адам қамтылған. Ұлттық жобалар шеңберінде 5,4 мың адам жұмысқа орналасқан. Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталады. Өңірде бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Облыстағы ең төменгі көрсеткіш Жетісай ауданында (47%).

Жұмыс орындарын көптеп ашуға инвестициялық жобалардың да септігі тиюде. Мысалы, облыста жалпы құны 12,7 млрд теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялар көрсеткіші 340 млрд теңгеге жуық. Бұл өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға жоғары. Жалпы жылдық жоспар – 772,8 млрд теңге. Сондай-ақ өңірде 2022-2026 жылдар аралығында жалпы құны 1,1 трлн теңгеге 100-ге жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде 10 ірі жоба іске асырылады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ол өндіріс орындарында 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібі, туризм, ауыл шаруашылығы, жарықпен қамту, денсаулық сақтау саласында жүзеге асады. Жыл соңына дейін жалпы құны 45,1 млрд теңгеге 44 инвестициялық жоба іске қосу жоспарланған, 1 520 жұмыс орны ашылады.

Облыс аумағында 9 индустриалды аймақ орналасқан. Оның ішінде қазіргі таңда 6 индустриалды аймақта құны 34,169 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылып, 2 500-ге жуық жұмыс орындары ашылған. Шардара, Түлкібас, Бәйдібек аудандарында инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат бөлінген. Бұл жұмыс жа­қын арада аяқталады. Түркістан қала­сын­да 2019 жылы құрылған «Turkistan» арнайы экономикалық айма­ғында жалпы сомасы 771,1 млрд тең­геге 91 жобаны жүзеге асыру бойынша шартқа қол қойылған. Оның ішінде 74 жоба қала құрылысы бойынша іске асырылуда. Жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылып, 2 мыңнан астам тұрақты жұ­мыс орны ашылды. Барлық жобалар іске асырылғанда ол тағы да 8 мыңға ұл­ғаяды.

Инвестиция тарту және туризмді дамыту мақсатында алыс-жақын шетелдермен байланыс жасалуда. Мысалы, жуырда облыс әкімінің орынбасары Арман Сабитов Өзбекстан Республикасы Ферғана облысы хокимінің орынбасары Хуршиджон Ахмедовпен кездесу өткізді. Екі өңір арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланған кездесуде кәсіпкерлік, бизнес саласында әріптестік орнату қажеттігі айтылды.

«Түркістан – еліміздегі агросала ең жақсы дамыған өңір. Бұл бағытта да бір­лесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жалпы, алдағы уақытта екі елдің бизнес өкіл­дерінің қатысуымен форум өткізу мәсе­лесі де маңызды. Бизнес жобаларды, ұсы­ныстарды талқылауға әзірміз», деді Арман Сабитов.

Ал Хуршиджон Ахмедов Ферғана облысының ауыл шаурашылығы және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерімен таныстырды.

«Қазақстанға, оның ішінде Түркіс­тан­ға алғаш келуім. Түркістан таза әрі жаңа қала екен. Туризм саласы бойынша мүмкіндігі мол екенін аңғардым. Біз бауырлас елмен, тарихи шаһармен байланысты нығайтуға мүдделіміз. Ферғана облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өте жақсы дамыған. Жеміс-жидектеріміз шет мемлекеттерге тұрақты түрде экспортталып жатыр. Түркістанмен байланысты тереңдетіп, туризм, мәдениет салаларында бірлесе жұмыс атқаруға мүмкіндік мол», деді Өзбекстан өкілі. Кездесу нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен Ферғана облысы хокимияты арасында бауырлас қатынастарды дамыту және жалғастыру туралы келісімге қол қойылды.

Облыста экономиканың негізгі көр­сет­­кіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімі­нің көлемі 534 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 млрд теңгеге өскен. Биыл 8 айда облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 12 млрд 700 млн теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылды. Облыс үшін маңызды ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент, 5 класты мотор майы мен мұнай өнімдерін өндіретін және фосфорит өңдеу зауыты іске қосылады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 477 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артты. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінен 3 млн тонна өнім жиналды. Түркістан аумағын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар су нысанының құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеге жеткізіледі. Құрылыс жұмыстарының көлемі 169 млрд теңгені құрап, 9%-ға өссе, жыл басынан 486 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 34%-ға артқан. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы 85 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бюджет есебінен 59 мектептің құрылысы жүргізілуде, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, жеке инвесторлардың көмегімен 13 мектеп пайдалануға беріледі.

Жыл басынан экономикаға 338 млрд теңгеге жуық инвестиция бағытталған. Жеке инвесторлар есебінен 10 жобаны іске қосу жоспарланса, бүгінде құны 4 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 128 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал Түркістанды дамытуға 1,3 трлн теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. Оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар.

 

Түркістан облысы