• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қазан, 2022

Ақиқаттың алдаспаны

435 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетіміздің айтулы тұлғасы, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық торқалы тойы Жамбыл облысында кең көлемде аталып өтті. Іс-шаралар алдымен жазушының еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Ақиқаттың алдаспаны, намыс­тың наркескені атанған ардақты Шераға саналы ғұмырын ұлт руха­ниятының дамуына арнаған қа­рым­ды қаламгер, қайраткер тұлға еді.

Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті.

Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды», делінген Президенттің құттықтау хатында.

Әулиеата өңірінде жыл басынан бері дарабоз қаламгердің 90 жылдығы аясындағы іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келеді. Осынау іс-шаралардың қорытындысы іспетті бүгінгі дүбірлі жиынға еліміздің әр қиырынан мәртебелі меймандар мен Шерағаңның «шекпенінен шыққан» шәкірттері келді.

Алқалы жиында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин сөз алып, қаламгердің әдебиет әлеміндегі орны, кісілік келбеті, азаматтық болмысы туралы толғанды. Ол өз сөзінде ақиқаттың алдаспанына айналған Шерағаның өзі кеткенімен, сөзі өлмейтінін айтты.

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, айтулы ақын Ақұштап Бақтыгереева, мемлекет және қоғам қайраткері Амал­бек Тшанов, белгілі ғалым Жанғара Дәдебаев тұлға туралы естеліктерімен бөлісіп, Шераға жұлдызы көкте мәңгі сөнбейтінін атап өтті.

Бұдан соң торқалы тойға жинал­ған жұртшылық «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

Жиынды – Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізіп отырды.

Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдымен жиынға қатысушыларды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, іс-шараның маңыздылығы мен тұлғаның өнегесі туралы айтты.

«Биыл еліміз даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы, қазақ журналис­тикасының көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуде.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан «Руханият және тарихтану» орталығы­, Баспасөз үйі, төрт мектеп пен Халықаралық Тараз инновациялық инсти­туты Шерхан Мұртаза есімімен аталады. Талайғы Тараз көшелерінің біріне де жазушының есімі берілетін болады. Бұл – мемлекет және қоғам қайраткерінің сіңірген еңбегіне көрсетілген құрмет. Шерхан Мұртаза халықтың мүддесі үшін өлшеусіз еңбек етті. Халық оны шыншылдығы мен әділдігі, жазушылық шеберлігі үшін қастерлеп, «Шераға» деп құрметтейтін», деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ конференцияға қатысу­шылардың атына жолданған Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшім­баевтың, Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Ерлан Қошановтың, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқылды.

Жиында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазушының өмірі және шығармашылық жолы халыққа  аянбай қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.

«Шерхан Мұртаза ел  руханиятының дамуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етті», деді ол.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді,  Уәлихан Қалижан, тарих ғылымдары­ның докторы Мәмбет Қойгелді, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы сөз сөйлеп, тұлға туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Алқалы жиынға қатысушылар Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы әңгімелеп, оның әдеби мұрасындағы жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне қатысты тақырыптарға жан-жақты тоқталды.

Конференция барысында Халық жазушысының бес томдық шығар­ма­лар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам...» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Осылайша Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Кеңесі мен Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» («Ленин­шіл жас»), «Егемен Қазақ­стан» газеттерінің бас редакторы, «Қазақстан» мемлекет­тік телерадио корпорациясының төрағасы болып елеулі еңбек етіп, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы және тағы да басқа түрлі наградалармен марапатталған тарланбоз тұлға рухына арналған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Халық жазушысының қаламынан туған «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары, «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» пьесалары, «Табылған теңіз», «Бұлтсыз найза­ғай», «Белгісіз солдаттың баласы»,  «Мылтықсыз майдан» повестері секіл­ді көптеген шығармасы қалың оқыр­манның олжасына айналғаны сөзсіз.

Қазақтың көрнекті жазушысының шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылғаны оның мұрасының құнды екенін айғақтай түссе керек.

Мерейтойға арнайы келген мәр­тебелі меймандар қаламгердің туған ауылы, Жуалы ауданындағы Талапты елді мекеніне ат басын бұрды. Іс-шаралар легі бұдан әрі қаламгердің туған ауылында жалғасын тапты.

Алдымен жиналған жұрт абыз тұлғаның ауылында, қасиетті Тәңір­таудың етегіндегі Мыңбұлақ жай­ла­уында орналасқан Талапты ауылын­дағы өзі тұрған үйдің әдеби-мемориалды музейге айналуының куәсі болды. Бұл үй өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететіні сөзсіз. 

Әдеби-мемориалды музей-үйдің алқызыл лентасын қию салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек ерлері Мұхтар Шаханов, Аягүл Миразова,  Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және  Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай,  Жанарбек Әшімжан, Гүлдара Нұрымова, Ілияс Бұларов, Мейрамбек Төлепберген арнайы қатысты.

Қадірлі қонақтар әдеби-мемориал­дық музей-үйге кіріп, ондағы құнды мұралармен танысты. Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев қаламгердің балалық кезі мен білім алған шағы, студенттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси қызметке араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталяциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді таныстырды.

Жиын соңында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Ақиқат­тың ақ туы» атты журналис­тер арасындағы байқау мен «Шын­ның жүзі – Шераға» атты республи­калық ақындар мүшәй­расының қоры­тындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бұдан соң еліміздің әр қиырынан келген қонақтарға арналып ас берілді.

 

Жамбыл облысы,

Тараз қаласы,

Жуалы ауданы.