• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2022

«Мірдің оғы» мәреге жетті

318 рет
көрсетілді

Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде сати­рик жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атын­дағы дәстүрлі «Мірдің оғы» рес­публикалық әзіл-сықақ театр­­ларының байқау-фести­валі өтті.

«Мірдің оғы» алғаш рет 2019 жылы Арқалық қаласында тұсауын кескен. Бүгінде ауқы­мы кеңейіп, фес­тивальға қаты­су­шылардың саны да едәуір кө­­бейген. Тобыл төрінде екі күнге жалғасқан сатира фес­тивалінде Ақтөбе, Атырау, Ба­тыс Қазақ­стан, Жам­был, Түр­кістан, Қос­танай облыс­тары­ның әзіл сықақ театрлары өнер­ көрсетті.

Байқауға белгілі сатирик, ха­лық­аралық «Алаш» сый­лы­ғы­ның лауреаты Көпен Әмір­бек, Қазақстан­ның мәдениет қайраткері Асылбек Боранбай, жазушы-сатирик, «Екі езу» театры­­ның көркемдік жетекшісі Нұр­лыбек Жұбатқан сынды май­тал­ман өнерпаздар қазылық етті.

Сықақ театры байқауының ашылу рәсімінде құттықтау сөз алған облыс­тық мәдениет басқармасының басшысы Ер­лан Қалмақов жылма-жыл фес­тивальдің ауқымы кеңейіп, форматы түрленіп келе жатқанын тілге тиек етті.

– Сейіт ағамыздың бізге қалдыр­ған мұрасы өте көп. Өнер фестивалін қаламгердің сатира жанрында қалды­рып кеткен мұраларын дәріптеу мақ­сатында ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан үш жылдан бері қолымыздан келгенше осындай фестиваль ұйым­дастырып жатырмыз. Жыл өткен сайын оның ауқы­мын да кеңейте бермекпіз. Бүгінгі фестивальге еліміздің әр өңірінен өнерпаздар келіп жатыр. Олар қазіргі қоғамдағы келеңсіз жағдайларды күлкі ар­қылы әжуалап, астарлы ой айтып, жақсы өнер көрсетеді деп сенемін, – деді облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Байқаудың алғашқы күні театр ұжымдары Сейіт Кен­же­ах­метұлының «Мың мұң», «Әр дәуір­дің әңгі­месі», «Чер­ны­шев­ский», «Айтыл­майтын әңгіме», «Деген екен», «Той», «Ай­са­мен әңгіме», «Кешірілмейтін күнә», «Әке тәрбиесі», «Шындық қалай шық­­ты?» сияқты туындыларын сах­наға алып шықты.

Байқау барысында сатира сардары Сейіт Кенжеахметов туралы жылы естеліктер ақтарылып, шараны ұйым­дастырған облыстық мәдениет басқармасының тарапына да алғыс-ризашылық сөздер айтылды.

– Бүгінгі кеш өте жоғары деңгейде өтті. Байқауды ұйым­дастырған облыс әкімдігінің мә­де­ниет басқар­масына әділ­қазы-л­ардың, қатысу­шылардың және ұрпақтары атынан шын риза­шылығымызды біл­діреміз. Бұл фестиваль жыл сайын өтуге тиіс деп есептеймін. Өйткені Сейіт ағамыздың өзі кезінде қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан кісі. Ол кісі Оспанхан Әу­бә­кіров, Берқайыр Аманшин, Шота Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин сияқты халқымыздың әзіл-сықақ сойылын соққан танымал тұлғаларымыздың бірегейі. «Тамаша» ойын-сауық отауында басшылық қызмет істеп жүргенде мен бұл кісімен көп аралас­тым. Ағамыздың адамгершілігі, адами қасиеті, биік парасатын үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қасиетіне тәнті болғанмын. Сейіт аға «Тамашаның» тұрақты автор­ларының бірі еді. Талай шығармасын сахналадық. Оның өлмес мұрасын кейінгі буын өкілдері де кеңінен насихаттай береріне кәміл сенемін, – деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай.

Қазылар алқасының ортақ ұйға­ры­мымен «Мірдің оғы» рес­пуб­­ликалық әзіл-сықақ театр­­­лары ба­қауының бас жүл­десіне Ақтөбе облысынан келген «Түйреуіш» әзіл-сықақ театры лайық деп танылды. Бірін­ші орынды Түркістан облы­сының Келес ауданынан келген «Күлкі терапиясы» театры иеленді. Жүлделі екінші орынды Жаңаөзен қаласынан келген «Бозжыра» театры­ның ұжымы еншіледі. Ал Аты­рау облысынан келген «Ара» әзіл-сықақ театры үшінші орынды қа­нағат тұтты.

Биыл тұңғыш рет тағайын­далып отырған Ғұмар Ахметчин атындағы арнайы сыйлыққа Жам­­был облысы, Талас ауданы­нан келген халық театрының ұжы­­­­­­мы ие болды. Сондай-ақ Алтынсарин ауданының өнерпазы Біржан Жүзбайға «Көрермен көз­айымы» арнайы жүлдесі табыс етілді. Фестивальға ат салысқан өнер­паздардың ешқайсысы құр қол қайт­қан жоқ. Қатысушылардың бәріне облыс басшылығының аты­нан алғыс хат, ескерткіш сый­лық және 100 мың теңгеден қар­жылай кәде берілді.

 

Қостанай облысы