• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қазан, 2022

Берекелі шаңырақ

352 рет
көрсетілді

Еліміз бойынша көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұрады. Өңірде 169 857 көпбалалы отбасы, оның ішінде 14 408 «Алтын алқа», 4 231 «Күміс алқа» иегері бар. Сондай-ақ алтын құрсақты аналардың 2 516-сы «Батыр ана» атанған, 3 938-і І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған. Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік тұрмысы, көрсетіліп жатқан көмектің көлемі қоғам үшін қашанда маңызды. Мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Дегенмен мәселенің екінші жағы барын, кей көпбалалы аналардың масылдық психологиядан арылуы керек екенін айтушылар да бар. Бұл орайда қуантатыны еңбекқор, бала тәрбиесімен қатар жұмысында да жоғары жетістіктерге жетіп жүрген аналар аз емес.

– Көпбалалы аналарға артылар жа­уап­кершілік жүгі жеңіл емес, әрине. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үй­лескен жері. Адамзат тарихында есі­мі елге танылған тұлғалардың көп­ші­лігі көпбалалы отбасында дү­ниеге келген. Қазір біз сияқты көпбалалы отба­сын көрсе таңдай қа­ғып, таңырқай қа­райтындар да баршылық. Көпшіліктің кө­ке­йінде балаларын қалай асырайды деген сауал туындайтыны да заңдылық. Ата-ана алдымен өзінің әкелік-аналық парызын, міндетін түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізетінін үне­мі айтып келеді. Яғни ұрпа­ғымыздың білімді, еңбекқор болуына біз де мүдделіміз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміз де жұмыс істейміз. Ешкімге міндет етпей, барына шүкір етіп, маңдай термен тапқан табысымызды отбасы қажетіне жеткізуге тырысып келеміз, – дейді көпбалалы ана Айназ Ахметова.

Алтын құрсақты ана отағасы екеуі бүгінде 7 бірдей ұл-қыз тәр­биелеп отыр. Олардың ішінде егіз­дер де бар. Отбасындағы төрт ұл, үш қыздың үлкені 13-те, кенжесінің жасынан асқа­ны­на төрт ай болған. Үйдегі ұл-қыздармен қатар дәрігер Ай­наз­дың көңілі дәрігерлік есепте тұрған мыңға жуық науқастың жағ­дайына да алаңдаулы. Бір қолымен бесікті тербетіп, енді бір қолымен ауырғанға ем іздеген қай­сар ана өзін қастерлі мамандық иесі санайды.

– Бұл мамандық иелерінің жа­уап­кер­ші­лігі де мол, атқаратын жұмыс­та­ры да ауқымды. Науқас­тың тілін табу – бірінші мақсат. Жан дүниесін түсініп, демеу біл­діру дәрігерге артылатын жүк. Өз басым дәрігерге қажет­ті қа­сиеттің бірегейі ауруға жылы сөй­леу, оның өмірге деген құш­тарлығын ояту болуы керек деп ойлаймын. Біз үшін халық­тың алғысын алу – ең үлкен құр­мет, – дейді дәрігер Айназ Арысбайқызы.

Дәрігер – Түркістан қалалық емханасында ауруларды басқару бағдарламасы бойынша смарт сағатты қолданысқа ен­гізіп, жақ­сы нәтиже көрсетуіне қомақты үлес қосқан мамандардың бірі. Қо­ғамдық денсаулық басқар­масы мен қалалық емхана бас­шылығының қолдауымен жүзеге асырылған жоба бүгінде оң нә­тиже беріп отыр. Науқастардың дәріні өз уақытында ішіп, дәрігер айтқан талаптарды орындауына дағдылануы қамтамасыз етілген. Бұл жаңашылдық көптеген келеңсіздік пен оқыс оқиғаның санын айтарлықтай азайтты. Міне, осындай оң көрсеткіштер мен елеулі еңбегінің нәтижесінде дәрігер Айназ Ахметова академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың жүлдегері атанды. Еселі еңбегі жоғары бағаланған дәрігер бұған дейін медицина қызметкерлерінің күніне орай арнайы медальмен марапатталған болатын.

– Ауруларды басқару бағдар­ла­масы Түркістан қалалық емханасында 2018 жылы қолға алынды. Соның ішінде смарт сағатты қолданысқа енгізу 2022 жылдың маусым айынан басталды. Емханада жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті секілді тағы басқа да аурулармен диспансерлік бақылауда тұратын науқастар болады. Солардың әрбіріне арналған жеке ем жоспары бойынша денсаулығын қадағалап, дәріні уақтылы ішуге көмектесуші осы – смарт сағаттар. Қазір ауруларды басқару бағдарламасына 649 адам енгізілген. Дәрігердің берген ем ескертпелері сағаттың функция­сы­на енгізіледі. Науқастың дәрі ішетін уақыты болғанда жаңағы сағат діріл ар­қылы ескертіп отырады. Дәріні дер кезінде ішуі керек болып саналатын жүрек және қан тамырлар жүйесі ауыр­ған науқастарға осы ескерту ауадай қажет. Емхана таратып берген сағаттың нәтижесінде атау­лы науқастардың ауыр халде емханаға түсуі екі есеге дейін азай­ды. Осы еңбегімізді бағалаған бай­қау ұйымдастырушыларына рахмет. Академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың иегері атану мен үшін мақ­таныш! – дейді Айназ Ахметова.

Иә, дәрігер атаулыға сын саға­ты дерлік кезең болған пандемия кезінде бала күтімі бо­йынша демалыста жүрген Айназ Арыс­бай­қызы да мамандығына деген адалдығын таныта білді. Дерті ауыр жүкті әйелді босанды­рып, ана мен баланы аман алып қалу үшін Алматыдағы арнайы ги­некологиялық орталыққа апа­ру қажет болады. Осындай жа­уапты сәтте емізулі баласы бар дәрігер Айназ жүкті әйелді Алматыға алып барып, аман босануына септігін тигізген. Отырар ауда­­ны Шәуілдір ауылында дү­ни­е­ге келген Айназ мектепті үздік бітірген соң Қ.А.Ясауи атын­­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Атаулы білім ордасында «Емдеу ісі» мамандығы бо­йынша білім алып, 2009 жылы интернатураны аяқтайды. Ал 2010 жылдан бастап Түркістан қалалық емханасында терапевт мамандығы бо­йынша еңбек жолын бастады. Содан бері бірінші дәрежелі жал­пы тәжірибелік дәрігер бо­­лып еңбек етуде. Қандай қиындық болса да, ұрпақ қамы, ел амандығы деген ұғымдарды биік ұстаған қазақтың қайсар қызы – бүгінде көптің адамы, көпбалалы ана. Яғни қарапайым халықпен бірге қайнап, оларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қайыры тиетін жан. Көптің адамы дейтініміз де сондықтан. Дәрігерлік – ас­қан жауапкершілікті қажет ететін, машақаты мол мамандық. Әріп­тес­терінің айтуынша, 13 жылға жуық бір мекемеде табан аудар­май маңдай терін төгіп келе жат­қан Айназ Арысбайқызы – күніне науқастардың сан алуан түрін кездестіргендегі салмақты, сабырлы, бай­салды қалпынан жаңылмаған білікті маман. Дәрі­гер­дің еңбегіне жоғары баға беріп, ризашылығын білдіруші тұрғындар да көп. Алдына келген науқасқа жылы жүрекпен, ерекше мейіріммен, шынайы жанашырлықпен қарайтын дә­рі­гер еңбегінің жоғары баға­ланып, академик Мұқан Егіз­баев атындағы сыйлықтың ие­ге­рі атануына емхана басшысы Райымбек Берікұлының және емхана меңгерушісі Ғалия Ақмұр­зае­ваның септігі тигенін айтады. Ал отбасында баланы еңбекке баулу аса маңызды деп санайды.

– Еңбек – адамдық кемел­де­ну­дің негізі. Еңбек ете біл­ме­ген немесе оны жек көрген адам­ның отбасы берекелі болмайды. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіс­пеншілігіне бөленумен қа­тар жақсы істерінен өнеге, үлгі алуға тиіс. Бабаларымыз еңбектің маңдайақы, ащы термен келетінін, бей­нетсіз табыс құралмайтынын біліп, ке­йінгі ұрпаққа «еңбекпен ел көгеретінін» аманаттап кеткен. Ендеше, бабалар аманатын балаларымыздың санасына сіңіру біздің, яғни ата-ананың міндеті, – дейді көпбалалы ана.

 

Түркістан облысы