Өмірде не болмайды, бәрі болады. Алайда, соның бәрін бір ғана күйбең тіршілік тауқыметінің салдарына жатқызып, жабулы күйінде қалдыра беру шындықты да бүркемелей беру емес пе. Кез келген адам үшін қандай да бір амал қылар алдында жағдайды жан-жақты саралай білу артық етпейді. Бұл өткен істен қорытынды шығарып, кейінгілерге сабақ болу үшін қажет. Біздің әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз тап қазіргі күйге түспес еді-ау, егер алдын ала заң талаптарымен ғана әрекет ете білгенде дейміз. Бірақ, Әдетов Семей қаласындағы үйін сатпақшы болғанда алдымен алушы адамның табылғанына қуанған. Себебі, расы керек о жақта үйді сату және оны жергілікті жердің бағасына сәйкес өткізу жартылай бақыт еді. Сондықтан ол бастапқыда екеуара ауызша байласқан уәде үрдісінен табылатындықтарына кәдімгідей сенген.
Сөйтіп, Әдетов аталған үйін сататын болып Болатов дегенмен келіседі. Бастапқы баға 10 мың АҚШ долларын құрайды. Әдетов үйдің бар құжатын көрсетеді. Бірақ оны сатар алдында жаңалайтындығын яғни қайсібірін қайта толтыратындығын айтады. Әрине, құжаттарды ауыстыру бір-екі күнде біте қоятын шаруа емес, оған біраз шапқылау қажет. Сондықтан да құжаттарды жаңалау секілді созылмалы шаруаларды Болатов өз мойнына алады. Соның өтеуі ретінде бастапқы белгіленген баға 10 мыңнан 7 мың АҚШ долларына кемиді. Әдетов үшін ең бастысы үйін тезірек сату. Өзі де, әйелі де бұл кезде Астанадан қызмет тауып, тым тәуір жұмыс істеп жатқан. Оның елордаға отбасымен түгел ауысқанын және оған қазір үйін тезірек өткізу қажеттігін, сондықтан астанадан жаңа пәтер алу үшін де қаражат іздеп жанталасып жүргенін Болатов жақсы түсінеді.
Осыған сәйкес Болатовтың да өз көздегені болатын. Әдетов Семей қаласынан Астанаға қоныс аударып жатса, ол өзі алыс бір ауылдан Семей қаласына көшіп жатқан еді. Оған да баспана керек. Ал ақшаң болмаса үйді кім сата қоймақ. Ертең тауып берем дегенге ешкім келісе қоймайды. Тіпті пәтер жалдап тұру үшін де алдын ала төлеп қоймаса, жан баласы босаға аттатпайды. Міне, осындай қысылтаяң шақта оған іздегенге сұраған дегендей, Әдетов кезіге қалады. Болатов әзірге 250 мың теңгені кепілақы ретінде ала тұр, тамыз айында қалған ақшаны қолыңа судыратып санап беремін дейді. Бұл кез сәуір айының ортасы болатын. Тамыз айына дейін үйдің құжаттарын тап-тұйнақтай қылып дайындап қоятындығын, тек ол үшін сенімхат керектігін майдалап жеткізеді. Астанаға жұмысқа орналасқан Әдетов бұл шаруаны егер сатып алушы орындай алса және тамыз айында қалған ақшасын қолына тұтастай салатын болса, әрлі-берлі шапқылағаннан гөрі осы амал тиімді емес пе деп ойлайды. Сол ойының дұрыстығына және бек сенеді. Сөйтіп, екі отағасы өзара келіскен соң ұрыста тұрыс бар ма деп нотариусқа барып, сатып алушыға үйдің барлық құжаттарын дайындауға толықтай сенім артатындығын білдіріп заңды түрде сенімхат дайындайды.
Амал не, тап осы арада Әдетов өзінің түзелмес қателік жібергелі тұрғанын сезбейді. Мұнымен қоса ол бәрібір сататын болғандықтан Болатовқа үйге көшіп келіп, кіре беруіне рұқсат етеді. Әбүйір болғанда, ол сол күні әлгі сенімхатты сатып алушының қолына ұстата қоймайды. Неге екені белгісіз қабырғасымен кеңескісі келетіндігін айтады. Ал әйелі жағдайды саралап жібереді де, егер он мыңнан төмендетіп, жеті мың долларға сататын болып келіскен екенбіз, сол тамыз айында қалған ақшаны санап алған кезде ғана сенімхатты беру қажет деп ақыл қосады. Бәрі амал жоқ, осы негізге тоқтайды.
Сонан тамыз айы да келіп жетеді. Астанадан Әдетов Семейдегі үйінде тұрып жатқан сатып алушыға телефон соғады. Баяғы қалған ақша дайын ба, бар болса барайық, әйтпесе бос жүріске салынбайық дейді. Оған Болатов ақша табылғанын айтады. Бірақ Әдетов сонау алыстан жұмысынан сұранып жетіп келгенде маңдайы тасқа ұрылғандай болады. Болатов оларға 700 000 орнына 70 мың теңгені ұсынып тұр. Бары осы, несие ала алмай нанға ақша таба алмай отырмыз дейді. Әрине, бұдан кейін Әдетов те күдіктене бастайды. Егер бұлар ішер асқа жарымай отырса, пәленбай мың доллар тұратын үйді қай ақшасына сатып алмақ? Ал Болатов екеуі адамша келіскендігін, қалайда осы үйді сатып алатындығын айтып жалықпайды. Сонан о баста қол алысып, уәде беріп келіскендіктен Әдетов те сол сөзінен тая алмайды. Болатов тағы да біраз уақытқа мұрша бер, несие алып қарызымды өтеймін дейді. Астанада төрт баласымен пәтер жалдап тұрып жатқан Әдетовті қарызы қысып барады. Соны ойлаған ол Болатовтан қалған ақшаны келесі жылдың сәуір айына дейін қалайда толықтай беремін деген қолхат жаздырып алады.
Әне-міне дегенше сәуір де келеді. Екі қаланың арасында байланыс жақсы. Астанадан Семейге бірнеше сағатта жеңіл көлікпен зыр етіп жетіп баруға болады. Одан тәуірі алдын ала хабар алысып тұруға телефон байланысы тіптен жақсы. Әсіресе, шұғыл түрде табан астында тікелей тіл қатысуға ұялы телефонның мүмкіндігі зор. Міне, осындай алыстан жылдам хабар алдыратын техника құдыретіне сенім артқан Әдетов ақша дайын болды деген жақсы хабарды асыға күтеді. Оның Семей қаласындағы туыстары мен көршілері де ақша дайын деген қуанышты сөзді естісе сүйінші сұрап бірінші болып жеткізуге дайын жүрген еді. Бірақ солардың бірде біріне Болатов ақша жиналды, төлеуге мүмкіндігім туды деп айтпайды. Өйткені, ақшасы болмаған соң айта алмайды. Сондықтан Әдетов қолхатта көрсетілген мерзім күні қалааралық телефонмен өзі сөйлеседі. Болатов төленетін ақша мөлшері толықтай жиналмағанын айтады. Менімен хабарласпады деп айтпасың деген оймен Әдетов қалааралық телефонмен қай айда, қай күні сөйлескенін айғақтайтын түбіртектерді алып қояды. Сонан бұл оған тағы бір ай мұрсат беріп, отбасымен мамыр айында жетіп келеді. Ондағасы не қалған ақшаны алу, не үйді басқа біреуге сатуды қарастыру. Келсе Болатов 150 мың ғана бар дейді. Содан арада аз-кем ашу туындап, арты әйелдердің ұрысына айналады. Дегенмен, Болатов тағы бір жыл уақыт беруін сұрайды. Қаншаға бағаласаңыз да қыруар несие алысымен бәрін, яғни тұрған пәтерақыны да төлеймін дейді. Әдетов оның шын қиналып тұрғанын көріп, екінің бірінің басына түсер іс қой, осындайда адамшылық танытпасам адамдығым қайсы деп ақыры бұл өтінішке де келіседі. Сөйтіп, не керек төленетін ақша дауы үшінші жылға ұласады. Әдетов оған тұрған уақыты үшін міндетті түрде пәтерақы төлейтіндіктерін және үйдің құжаттарын өзі жаңалауға кірісетіндігін, өйткені одан әрі күте алмайтындығын, сондықтан бір жылдан кейін бұл тағы ақшам жоқ десе онда, басқа алушы іздеуіне тура келетіндігін түсіндіреді.
Әдетов өзге шаруаның бәрін жиып қойып, үйдің ішінара құжаттарын жаңалауға кіріседі. Жылжымайтын мүлік орталығынан қыркүйек айында тиісті адамдар келіп, жер теліміне қайта өлшеу жүргізетіндігін сатып алушыға айтады. Сонымен жағдайды біршама реттеген соң ол Астанадағы жұмысына қайтып оралады. Алайда, ол қыркүйек айында өзінің тағы да бір қателік жібергенін анық біледі. Болатов жылжымайтын мүлік орталығының қызметкерлерін үйді сатып алған соң құжаттарды өзім реттеймін деп маңына жолатпай қояды. Телефонмен мән-жайды естіген Әдетов енді бұған да көнеді.
Бұлар соңғы мерзім деп уағдаласқан, күте күте сарғайған үшінші жылдың да сәуір айы келіп жетеді. Әдетов Семейге алақанын қасып, болса үйдің қалған ақшасын қалтаға басамын, болмаса пәтер ақыны санап аламын деп алқына келеді. Міне, қызықтың көкесі түйе сойғанда дегендей, оның алдынан үш жылдың нәтижесі енді біртіндеп көріне бастайды. Сатып алушылардың бет-пердесі сыпырылып түседі. Болатов оған үйіңді алмаймыз, келіскен былтырғы сәуір айында уақытылы келмедің, сонан ақшаны сақтай алмай қалдық. Енді сенің үйіңді алатын ақшамыз жоқ, дейді. Амалы құрыған Әдетов, жарайды онда үйімді тезірек босатыңыздар дейді. Аналар болар іс болды бір, екі күнге мұрсат бер, паналайтын саяжай болса да тауып алайық деп тағы өтініш жасайды. Мен елордаға жұмысыма қайтамын, сондықтан екі, үш күннен соң үйіме шешем кіреді, деп Әдетов Болатовтың сөзіне тағы да сеніп Астанаға қайтып оралады.
Әдетовтің анасы екі күн өткен соң қол жүгін көтеріп үйге барады. Үйінің сырты өзгеріп кетіпті, құрылыс жұмысы басталайын деп жатқан секілді. Мұның келгеніне Болатовтар таңғала қарайды. Сөйтсе, бұл үй Әдетовтің, яғни мұның баласының атына тіркелмепті. Бір сөзбен айтқанда, Өскемен қалалық әділет департаментінің анықтамасы бойынша аталған үй жылжымайтын мүлік орталығында тіркеуде жоқ, ал оның иесімін деп жүрген Әдетов екі жылдан бері жасырынып, іздеуде жүрген алаяқ көрінеді. Мұны естігенде жасы жетпіске келген әжей талып қала жаздайды. О тоба, мұндай да сұмдық болады екен деп жүрегін ұстайды. Болатовтың қасындағы адамдар есікке құлып салады. Егер осы құлып бұзылса, онда миллиондаған доллар ұрланды деп айып тағамыз да, жауып тастаймыз деп ақ жаулықты әжейдің тіптен зәре-құтын ұшырады.
Мұны естіген Әдетов елордадан екі өкпесін ұстап, қайта ұшып жетеді. Келсе анасы, бастан пәле садақа, үйге жоламаңдар, атып тастайды деп жылап отыр. Е, қалай атады? – дейді бұл түкке түсінбей. Солай, атады да тастайды, бұл үй енді сенің атыңда емес екен, аналардың қолдарында мөр басылған қағаздары бар, – дейді анасы ұлын шатақтан аулақ болсын дегендей сендіре сөйлеп. Сөйтсе, көпті көрген әжей қателеспепті. Болатов құзырлы органда істейтін туысқандарымен бірге жылжымайтын мүлік орталығын жағалапты. Содан қолдарына бір ілік табу мақсатымен Семей қалалық әділет басқармасына өзі сатып алмақшы болып тұрып жатқан үй көшесінің әдейі бұрынғы ескі атауын көрсетіп “Асанов көшесіндегі үй Әдетов атына тіркелген бе? Қандай құқықтық анықтаушы құжаттар негізінде?” деген сұрау салған. Ондағылар тізімді қарап жібереді де, “тіркелмеген” деп жауап қайтарады. Е, ендеше үй ешкімнің меншігінде емес екен, оны өз атыма құжаттаймын деп әлгі қағазды жалау еткен Болатов атқа қонады. Мұның ақ-қарасын анықтау үшін Әдетов Әділет министрлігі тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетіне жүгінеді. Олар мәселені мұқият қарап жібереді де, Семей қаласы әкімінің 1993 жылғы тамыздағы шешімімен Калинин көшесі Асанов атына, ал ол кейін Қанатайұлы атына ауыстырылғандығын анықтап береді. Міне, осыған байланысты Семей қалалық әділет басқармасы тіркелмеген деген анықтама берген екен. Бұған қоса Әдетов Асанов көшесінің Қанатайұлы көшесі болып өзгертілуіне байланысты үйі мемлекеттік тіркеуде қалғандығын білу үшін жолдаған хатына көрсетілген мекен-жай бұрынғы күйінше оның өз атына тіркеліп тұрғандығын растаған анықтама алады.
Бірақ, ол істің анық-қанығына жеткенше Болатов “аталған үй ешкімнің атына тіркелмеген” деген жалған қағазды жалаулатып, сотқа арыз да беріп үлгереді. Ол қалайда осы үйді басып қалудың амалын іздейді. Әдетов болса елордада пәтер жалдап тұрғанда Семей қаласындағы сатылатын үйінің ақшасына сенген еді. Сондықтан ол бар тапқанын пәтерақы мен тамаққа жұмсап, тақыл-тұқыл жүрген. Басы артық қаржысы жоқ. Мұны Болатов жақсы білді. Міне осы кезде Әдетовтен о баста алған кепілақыны қайтар десе, табан астында қайтара алмасы анық. Ал қайтара алмаса Болатов үйден шықпайды. Бұл үшін не істеу керек? Оның жолы біреу: Әдетов үйді сатам деген уәдесінде тұрмады, сондықтан Азаматтық кодекстің 388-бабының 2-бөлімі бойынша кепілақы алған яғни міндетін орындамаған жауапты жақ оны екі есе етіп қайтаруға тиіс. Заң бойынша солай. Тек бұған соттың көзін жеткізе білу қажет. Ол үшін қалған ақшаны тұтас беру туралы уәделескен күні Әдетов келмей қалды, өйткені, жалпы үйлердің бағасы көтеріліп жатқандықтан, ол бастапқы уәдесінен тайқып, алаяқтыққа салынып қымбатқа сатуды ойлады десе жетіп жатыр. Бұған негіз бар. Әдетов үй алушы бір емес, екі емес бірнеше мәрте ақшам жоқ, кейін берем дей берген соң, ашумен үйді онда өзге біреуге қымбатқа сататындығын да айтып қалғаны бар. Сот процесі кезінде де оны жасырған жоқ. Міне, сот та осыны негізге алды. Астанадан Семейге телефон арқылы хабарласқаның дұрыс емес, осында болуың керек еді деді. Бұл елордада қызмет істеп жүргенін, Болатов қолына ақша түскенін айтса, сол мезетте жетіп келуі үшін хабарласып тұрғанын түсіндіргенімен судья оны дұрыстыққа санамады.
Сөйтіп, Әдетовке үйіңді сатып аламын деп онда үш жылдай уақыт тегін тұрған Болатовқа о баста берген кепілақысын түрлі қосымшалармен екі есе қылып төлейтін қауіп төнеді. Ондай ақшаны бұл қазір жерден қазса да таба алмайды. Бір-ақ жол бар, үйін Болатовқа қалдырып, құтылуы қажет. Әйтпесе, бәрібір тартып алады, өйткені сот Болатовтың сөзін сөйлеп отыр. Содан амал жоқ, байтал түгіл бас қайғы дегендей, бастан үй садақа деп бала-шағасын ертіп, пәтер іздеп тентіреп кетуі керек секілді. Жағдайдың мүлде басқаша сипат алғанын енді анық түсінген Әдетов жанталаса жүгіріп, Болатовтың қолында толық төлейтіндей үйдің ақшасы болмағандығын дәлелдеуге кіріседі. Болатовтың төлейтін ақшасы болмағандығын, болса бар мәселе баяғыда ың-шыңсыз шешімін табатындығын айтады. Оны әупірімдеп дәлелдейді де. Соның арқасында ғана Әдетов сот шешімі бойынша алған кепілақыны ғана және арызданушыға, сотқа, қорғаушыға кеткен шығындарды барлығы 300 мың теңге қайтаратын болды. Бірақ бәрібір онда мұндай көлемде ақша жоқ еді. Соны білген Болатов ақшамды тұтастай төлегенде ғана үйді босатамын деп мұны жолатпайды. Амал жоқ, енді Әдетов бар шаруаны тастап, үйден айырылып қалмай тұрғанда деп сотқа өзі шағымданады, өз үйін босатып беруді сұрайды. Бір сот қарсы шықса, екінші сот оның бұл талабын орындайды. Содан қайран менің өз үйім деп келіп босағадан аттай бере тізесі бүгіліп отыра кетеді. Қақпа да, шарбақ та жоқ. Үй дегені сыртқы төрт қабырғасы ғана қалқиған тоқал там, шатыры жоқ. Еден тақтайлары тұтас сыпырылып алынған. Терезелер жақтауларымен жоқ, тек сыртына кленка керіліп қағылған. О, тоба, мұндай да болады екен деп жүрегін ұстайды. Иә, өмірде бәрі болады, соның ішінде осындай да жағдай болатындығын біліп жүру артық етпейді. Басқаларға сабақ болсын деп баяндап отырмыз мұны, ағайын. Сақ болайық. Құрғақ сөзге сенбейік. Өмірге сергек қарайық. Немқұрайды болмайық.
Александр ТАСБОЛАТОВ.