• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қараша, 2022

Өз өніміміз өтімді

206 рет
көрсетілді

Қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе екені мәлім. Бұл орайда шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналуға тиіс. Ілгеріде импорттың үлесі өте жоғары болатын, бүгінде оның бірқатарын өзімізде өндірілетін өнімдер нарықтан ығыстыра бастады. Яғни жұрт отандық өнімдерді қолдана бастады. Мысалы, Түркістан облысының тұрғындары «Арайдың» аяқ киімін киіп, «Bokei»-дің кірпішімен үйінің қабырғасын көтеруге, «Bah_Asmar»-дың шәйнегінен шай ішуге мүмкіндік алып отыр.

Өңірде былғарыдан тігілген аяқ­киім шығаратын «Арай» өндіріс­тік кооперативінің тауарларына сұраныс артып келеді. Арыс қала­сында орналасқан фабрика ел тәуел­сіз­дігінің алғашқы жылынан бастап жұмыс істейді. Өндірісте шынайы был­ғары және экологиялық таза материал­дар қолданылады. Кооператив Түр­кияның Ыстанбұл қаласынан және Украинаның Запорожье, Ресейдің Рос­тов қалаларынан әкелінген тері­лерді қолданады. Өнімдері Арыста, Шым­­кентте, Таразда, Астанада саты­лып жатқан кооперативте 12 адам жұмыс істейді. Арыста өз дүкендері бар. «Арай» өндірістік кооперативінің бас­­шысы Әміртай Бибасаров аяқкиім модельдерін өзі құрастырады. Тауар­лардың бағасы да қымбат емес. Қалтаға қонымды болғандықтан, алушылар да көп. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының, сондай-ақ «Ха­лық тұтынатын үздік тауарлар» аталымының жеңімпазы атанған өндіріс орны 2018 жылы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млн теңге, ал 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасының аясында жылдық мөшері 1 пайызбен 5 млн теңге несие алып жұмысын жетілдіре түскен.

Қазіргі уақытта «Арай» ӨК Арыс қа­ласы әкімдігі ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатысып, спорттық турнирлер мен акцияларға демеушілік көрсетуде. Көгалдандыру, жарықтандыру және іргелес инфрақұрылымды дамыту – компанияның маңызды міндеттерінің бірі. Кооператив басшысының айтуынша, алдағы уақытта өнім түрі мен көлемін көбейтіп, оны еліміздің өзге өңірлеріне жөнелту жоспарда бар.

Сондай-ақ жуырда индустрияландыру картасы аясында Түркістан облысының Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округіндегі «Bokei» қыш зауыты іске қосылды. Тәулігіне 100 мың дана қыш шығаратын өндіріс орны «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен жеңілдетілген 6%-дық несиемен қаржы­ландырылған. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт облыспен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 200 млн теңге. Жаңа өндіріс орнында 60 адам жұмыспен қамтылған.

Ал Бадам ауыл округінде орналасқан қара металдың көптеген түрінен құймалар шығаратын «Karlskrona LC AB» зауытында 64 адам жұмыс істейді. Зауыт жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.

Полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу­мен, синтепон талшығын өндірумен айналысатын «Green Technology industries» өндіріс орнында 250 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 15 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Инвестициялық құны – 6 млрд 800 млн теңге. Өнім ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.

Айта кетелік, Ордабасы ауданында бүгінгі таңда 40 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру, электр энергиясымен жабдықтау салаларын қамтыған. Жыл басынан бері онда 21 млрд 189 млн теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық құны 105,1 млрд теңге болатын 6 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Ал Түлкібас ауданындағы RC Сola атауымен алуан түрлі ауыз су және хош иісі бар сусындар шығаратын «Beibarys Bottlers» ЖШС-інде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылысы шілдеде басталған жобаның жалпы құны – 7 млрд 600 млн теңге. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.

Ауданда жыл басынан бері бизнес идея­ларды жүзеге асыру бойынша 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Келес ауданындағы Жолбасшы елді мекенінің тұрғыны Ырысдәулет Тәңірбергенов 10 адамның жұмысын атқаруға қауқарлы тұқым егу құрылғысын ойлап тапты. Диқандардың уақыты мен шығынын үнемдейтін құрылғы негізінен қырыққабат ұрығын жылыжайға егуге арналған. Бүгінде егін шаруашылығымен айналысатын шаруалардың жұмысын жеңілдетуге арналған құрылғыға Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай аудандарынан сұраныс түскен. Сарыағаш ауданында электршәйнек және еден сүрткіш жабдығын құрастыратын цех өз жұмысын бастады. «Bah_Asmar» ЖШС-не қарасты өндіріс орны күніне 600-700 дана электршәйнек және 10 мың дана еден сүрткіш шығарады. Цех 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жеке кәсіпкер Қ.Егембердиев өз кәсібін ұлғайта отырып, өндіріс қуаттылығын күніне 2 600 данаға жеткізіп, қосымша жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Иә, осылайша өзімізде өндірілетін өнімдер қатары артып келеді. Біз жоғарыда соңғы кезде ашылған бірқатарын ғана айтып өттік. Дегенмен түркістандықтар өңірде өсірілетін мақтаны толық өңдеп, дайын өнім шығаратын кәсіпкерлердің көбейгенін, жеңіл өнеркәсіптің дамығанын да қалайды.

 

Түркістан облысы