• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

АБАТТАН, АСҚАҚ АСТАНА!

780 рет
көрсетілді

ПРЕЗИДЕНТ ОРМАНЫ:  ҚИЯЛ МЕН ҒАЖАЙЫП Қасиет­ті Қара­өт­келдің бай­ыр­ғы тұрғындары әлі күнге ұмыта қоймаған болар, ер­теректе елордамыздың айналасы жазық далалы болатын да, қаңбақ қуған кезбе жел еш кедергісіз шаһар аралап, жан баласының береке­сін алып тынушы еді.  Бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Астананы қоршай орман отырғызылып, екпінді дауылдарға қолдан егілген жасыл белдеу тосқауыл қойылғалы бері көше бойлаған қума жел сап тыйылды. Сонымен бірге шаң-тозаң  саябырсып, еліміздің бас қаласында бұ­рын-соңды болып көрмеген ерекше жайлы ми­кроклимат  пайда болды. Бұл, “Жасыл Аймақ” республикалық мемлекеттік кәсіпорыны еңбеккерлерінің қолымен жасалған жұмақ. Негізінде Ақмола өңі­рін орман­дан­дыру жұ­мыс­тары тап бү­гін­гідей кең көлемде жүргізіле қоймаға­ны­мен, бұл шара Есіл бой­ындағы елді мекендерде  әр уақытта кезең-кезеңмен қолға алынып отырыпты. Бұған бүгінге дейін сақталып келген жергілікті мекеме мұрағаттарының көптеген тарихи құжаттарына қарай отырып көз жеткізуге болады. Арқаның құлашын кеңге жайып жатқан дархан даласының кіндігіндегі Ақмола қала­сының төңірегіне орман өсіру жөніндегі ежелден есте келе жатқан мұратты ар­ман әлем таныған реформатор, Аста­на­ның авторы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен елордамыздың Алма­тыдан бұрынғы Ақмола жеріне көші­рілгеннен кейін түбегейлі шешіліп, бұл істі кешенді түр­де дамыта жүргізудің бірегей мүмкіндігі ашылды. Қазақстан Респуб­ли­касы Үкі­метінің 2000 жылғы 10 қаңтардағы №198-ші  қаулысына сәйкес, Аста­нада дәл осы күні “Жасыл Аймақ” атты респуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орын құрылды. Содан кейін-ақ, жаңадан пайда болған ұжым Елбасы жүктеген аса жауапты міндеттерді мүлтіксіз орын­дау­дың қамына бірден кірісіп кетті. Осы кезеңдерде кәсіпорынның ор­ман қоры аумағында Астана, Вячеслав, Қызылжар, Шортанды орманшы­лық­та­ры мен “Ақ қайың” орман тұқым­бағы­ның ірге тасы қаланып, араға көп уақыт салмай аталған құрылымдар бірінен кейін бірі рет-ретімен іске қосылып жатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­масы бойынша жаңадан құрылған кәсіпорынның алдына қойылған басты мақсат Астана қаласының санитарлық қор­­ғаныш жасыл аймағын қа­лып­тастыру болатын. 2003 жылдарға дейін қала ма­ңындағы 55,6 мың га. алқапқа жобалау-зерт­теу жұмыстары жүргізіліп, соның нә­ти­жесінде, 25 мың га. жерге орман көшет­терін отырғызуға болады деген алғашқы шешім шықты. Алғашқы кезде маусымдық науқан сайын күшіміз бар болғаны 2500 га. ал­қапқа тал шыбықтарын егуге әзер жетіп кел­гені рас еді. Ал  2003 жылы бұл көр­сеткішті – 4500 гектарға арттырдық,  одан кейінгі кезеңдерде егістіктің көлемін – 5000 гектарға дейін ұлғайттық та, Елбасы белгілеп берген осы деңгейді күні бүгінге дейін өзгертпестен өзімізге темірқазық ре­тін­де берік ұстаным етіп алдық. Содан бер­гі ұранымыз – кем дегенде жылына 5000 гектар алқапқа орман көшеттерін отыр­ғызу. Біздер көп уақыт бойы орман ағашы тұқымын жерсіндірудің, сапалы көшеттер отырғызудың әлемдік озық тәжірибелерін тереңдете зерттедік, сала ғалымдарымен жұптаса жүріп іздендік, зейін салып зерделедік, қолдан орман жасаудың өзімізге  тиімді деген тұстарын кө­кейге түйдік, үйрендік, соның нәти­же­сін­де жергілікті жердің топырақ-климат­тық жағдайын ескере отырып, қала маңын көкжелектендірудің декоративтік-ланд­шафтық  технологиясын дұрыс пайдалану жө­ніндегі Президенттің негізгі тапсыр­ма­сын толығымен жүзеге асыра алдық. Желкілдей өскен көкжелек арада біраз жылдар өткенде қалың жынысты ну орманға айнала бастады. Алыстан шоқ-шоқ болып бұйралана көрінетін жасыл толқынды тоғайдың іші бүгінде жүгірген аң мен ұшқан құсқа толы. Әсіресе, орман санитары аталатын қанаттылар қатары тез көбейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өйт­кені орман жабайы аң-құстың үйі, олар­дың өсіп-өркендейтін орыны һәм жылы мекені. Халық айтса, қалт айтпайды, аз ғана уақыттың ішінде тамырын тереңге жайып, бойын көкке құлаштай сермеген қалың нуды жұртшылық бүгінде “Пре­зиденттің орманы” – деп атап кетті. Бұл заңды да, өйткені, елорданың далалы жазығына қолдан орман өсіру идеясының бастамашысы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қай уақытта да қала маңындағы жасыл орманның өркендеуіне қолдан келген көмегін көрсетіп отырады. Таби­ғатты түлетуге деген ізгі қамқорлығын оның өн бойынан, аттаған әр қадамынан, жасаған ісінен және сөйлеген сөзінен де айқын көруге болады. Мемлекет басшысы “Жасыл аймақ” РМК-ге жыл сайын бір рет келіп, орман өсірудің мұндағы атқарылып жатқан жұмыстары барысымен жан-жақты танысуды дәстүрге айналдырды. Өзінің жарты күндік жұмыс уақытын осы салаға арнаған Елбасы биылғы жылдың тамызында тағы да бір рет орманды аралады,  жасыл желекке оранған алып алқапты тікұшақпен құс қанаты жететін самғау биіктен бақылады, негізгі атқарылып жатқан кешенді шаралармен көзбе-көз жүріп танысты. Содан соң,  Елбасы көргендерін көңіл сандығындағы сақталған жазиралы ойларымен салыстырып, сарабдал сараптаудан өткізіп, орманшы қауымға жаңа міндеттер мен тың тапсырмалар жүктеді. Оны дер кезінде орындау – кәсіпорын ұжымы үшін абыройлы міндет. Бұған “Жасыл Аймақ” РМК ұжымының мүмкіндігі де, жігері де молынан жетеді. Бүгінде кәсіпорын иелігінде 5 орманшылық, 2 тұқымбақ жұмыс істеп жатыр. Ең соңғы “Батыс” орманшылығы “Жасыл Аймақ” РМК-ның аумағында 2006 жылы құрылды. Кәсіпорын үшін өз иелігіндегі әр құрылымның орны бөлек, олардың қай-қайсысына да орман өсіру және оны сақтаудың белгілі міндеттері жүктелген. Дегенмен, “Ақ қайың” орман тұқымбағын ерекше атап өтуге болады. Мұндағы 1,5 га. алқапқа алғашқы жылдары бар болғаны 40-тан астам ағаш түрі отырғызылған еді, бүгінде олардың саны 100-ден асып жығылады және желек түрлері де сан-алуан, бейнебір шағын дендропарк дерсің. Негізінде, бұл орталық ағаш тұқымынан сапалы көшеттер дайындаудың озық лабораториясына айналған. Алқаптарға тікпе көшеттер дайындаудың барлық өндірістік технологиялық тізбегі осында жүргізіледі. Тұқымнан жер жарып шыққан қос құлақ жапырақтың  жерсіндірілген тікпе көшетке айналғанға дейінгі шынықтыруға бағытталған сатылық үдерісі осында өткізіледі. “Ақ қайың” орман тұқымбағы жыл сайын көктемгі тал отырғызу науқанына шамамен 8 млн. дана жерсіндірілген тікпе көшеттер дайындайды. Айтуға оп-оңай болғанымен, осы келтірілген цифрлардың астарында үлкен еңбек, мол тәжірибе, үйлестірілген іс-қимыл және еселене төгілген тер жатыр. Осы ретте кәсіпорынның байырғы да, белді мамандары Қасым Шаяхметов, Ыбыраш Мырзагелдиев, Алмат Әбекешов және басқалардың жемісті жұмысын атап өткен жөн. Кәсіпорын құрылғандағы алғашқы жылдары егілген көшеттердің алды бүгінде ұшар шыңына көз тіксең басыңдағы тақияң түсіп қалғандай биік те, сымбатты ағаштарға айналды. Содан бергі өткен он жылда елордамызды қоршай әсем де әдемі, көрген кісінің көзіне  қуаныш ұялататын жап-жасыл орман өсіп шықты. Қарап отырсақ, “Жасыл Аймақ” РМК-ы осы өткен 10 жыл ішінде Астана қаласы­ның санитарлық қорғаныш жасыл айма­ғын қалыптастыру міндетін абыроймен орындап, бас қаламыздың маңындағы 50 мың гектар даланы көкжелекті ну орманға айналдырды. Биылғы көктемгі науқан да өте қысқа мерзім ішінде табыспен аяқталды. Бар болғаны 12 жұмыс күнінде 5 мың гектар алқапқа орман көшеттері отырғызылды. Дала жұмыстарына кәсіпорынның механикаландырылған 60 техникасы мен 1500-ге жуық жұмыс қолы қатыстырыл­ды. Екпінді еңбек алдағы уақытта жалғаса береді. Өйткені, кәсіпорынға Елбасы алдағы 2020 жылға дейін Астана маңындағы орманды алқаптың көлемін 75 мың гектарға дейін жеткізу міндетін жүктеді. Елдігіміздің айбарына айналған Астана қаласының авторы, тұңғыш Президентіміздің бұл міндетін орындау біздің басты парызымыз. Жұматай СҮЙІНДІКОВ, “Жасыл Аймақ” РМК-нің бас директоры. ТОҒЫЗ ЖОЛ ТОРАБЫНДА – АСТАНА СТАНСАСЫ Ақмоланың, бүгінгі Астана­ның еліміздегі маңызды темір жол тораптарының бірі ретінде қалыптасуы өткен ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Орталық Қазақстанның баға жетпес байлықтарын ел кә­де­сіне жарату мақсатында 1920 жылдың 5 тамызында РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы шығып, онда Петропавл – Көкшетау темір жол желісінің құ­рылысын тез арада іске қосу қа­жеттігі алға тартылды. Аталған шара Қазақ өлкесін өзге кеңестік елдер құрамындағы мемлекеттер­мен жалғастыруды, республиканы астық және басқа азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз етуді көз­деді. Міне, сондықтан да бо­лар, бұл жұмыс мейлінше аса қысқа мерзімде, екі жыл көле­мінде жүзеге асырылды. Ақмола қаласы арқылы өтетін мұндай темір жол желісі құры­лыс­­тарын жүргізуге кейін Қазақ Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің 1929 жылдың көктемінде қабыл­даған шешімі де тиісінше қозғау салды. Осының нәтижесінде Бу­ра­бай – Ақмола, Ақмола – Қа­рағанды, Қарағанды – Успенск кеніші, Қарағанды – Шешен­қара, Шешенқара – Жартас, Пе­тропавл – Ақмола – Балқаш ба­ғыттарындағы жол тораптарының құрылыстары басталып, оның не­гізгі жұмыстарын үйлестіретін басты қала ретінде Ақмола таңдап алынды. 1929 жылдың қыркүйегінде мұнда профессор М.Григоров­ский бастаған ғалымдар арнайы ат ізін салып, олар қала іргесіне таяу маң­да орналасқан Максимовка мен Рождественка елді мекен­де­ріндегі тас көмір қабаттарының қорын іздестірумен шұғылданды. Бұл іске өз кезегінде қазақ­стан­дық геолог-ғалым Қаныш Сәт­паев пен оның ізбасарлары да араласты. Темір жол құрылысын салуда жинақталған бай тәжірибе мен жұмысшылардың ортақ іске деген ерекше құлшынысы кейін Ақмола арқылы Қарағанды қаласына жол тартуда да анық байқалды. Ақмо­ла – Қарағанды темір жол желі­сі­нің құрылысы 1931 жылы аяқ­тал­ды. Ақмоланың өзге темір жол тораптарымен одан әрі жалғаса түсуіне 1939 жылы қолға алынған Оңтүстік – Сібір темір жол желісі құрылысының басталуы да қол­ай­лы жағдай туғызды. Аталған же­лі­ні пайдалануға беру үшінші бес­жылдықтың жоспарына енгізілді. Оның іске қосылуы Кузнецкінің тас көмір бассейнін Магнито­гор­дың металлургиялық комбинаты­мен, ал Магнитогор арқылы Қа­ра­ғандының көмір бассейнімен, сондай-ақ Балқаш, Жезқазған жез өндіру комбинаттарымен жал­ғас­тыруға қолайлы мүмкіндік туғы­затын еді. Саяси және шаруашы­лық жағынан аса елеулі бұл темір жолдың Қазақстанның өндірістік аймақтарын жетілдіру мен түле­ту­дегі рөлі зор болатын. Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарын ендей өтіп, бір жа­рым мыңдай шақырымды құрай­тын бұл тораптың іске қосылуын қалың көпшілік тағатсыздана күтті. Бұл жылдары Қазақстанда Көкшетау, Павлодар облыстары жоқ болса, Ақмола қаласы Қара­ғанды облысының құрамында еді. Оңтүстік – Сібір темір жол то­рабының салынуы республика өңі­ріндегі өнеркәсіп, ауыл ша­руа­шылығы ресурстарын ойдағыдай игеруге, Екібастұз көмірін, Боз­шакөл жезін, Майқайың алты­нын, Торғай бокситін, Сандық­тау­дың орман байлығын халық кә­десіне жаратуға аса қажет болды. Оңтүстік – Сібір темір жолы құрамына енетін, ұзындығы 806 шақырымды құрайтын Ақмола – Қарталы желісін іске қосу қа­зақ­стандықтардың еншісіне тиді. Желінің пайдалануға берілуі Оң­түстік Оралдың Қарағанды көмі­рін еркін тұтынуына, өз қажет­те­ріне толық пайдалануларына аса қажет еді. Осыған орай Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­теті­нің жолдамасымен бұл құрылысқа 1200 коммунист пен 10 мыңға тарта комсомол жастар жіберілді. 1939 жылдың мамыр айында Ақмола – Қарталы бағыты шын мәніндегі екпінді құрылыс ала­ңы­на айналды. Онда алғашқы кезең­де 21730 жұмысшы еңбек етті. Адамдардың табанды жұмыстары­ның арқасында 806 шақырымға созылған желі құрылысы аса қысқа мерзім ішінде, сегіз жарым айда мәреге жетті. 1940 жылдың ақпан айында Магнитогорге Қарағанды көмірінің алғашқы эшелоны жол тартты. Ал 1940-1941 жылдары Қарағанды көмірі Магниткаға жеткізіле бастады. 1941 жылы Оңтүстік – Сібір магистралінің екінші буыны болып табылатын ұзындығы 439 шақырымға созылған Ақмола – Павлодар темір жол желісі құры­лысын салу қолға алынды. Алайда Ұлы Отан соғысының басталуы өркен жая түскен бұл істі кейінге ше­геріп, оны тек 1946 жылы қай­ы­ра бастаудың мүмкіндігі туды. Астана қаласының Мемлекет­тік мұрағатында жинақталған маңызды құжаттар көрсеткенін­дей, аталған желіге басшылық жа­сау негізінен Ақмола арқылы жүр­гізілді. Темір жол торабын салуға әр кезеңде “Казжелдорстрой”, “Казахстрой­путь”, “Целинтранс­строй” секілді құрылыс басқарма­ла­ры жетекшілік жасады. Бүгінгі көзқарақты оқырман темір жол құрылысының білікті ардагерлері А.Минаков, Ж.Байбеков, Б.Ку­роч­кин, Д.Омаров, С.Солнцев, А.Ашусов, М.Приемышев және басқаларды орынды мақтаныш етеді. Еліміздегі маңызды темір жол тораптарының бірінен саналатын Ақмола бөлімшесі Қазақстанның Солтүстік-Батыс және Орталық ай­мақтарын, Орал мен Сібірді байла­ныстыратын төрт желінің қиылыс­қан жерінде орналасқан. Тың игеру кезеңінде ол Цели­но­град облысымен бірге, Көкшетау және Қостанай облыстарының іргелес аудандарына да қызмет көрсетті. Бөлімше құрамында ол жылдары 85 дербес пункттер мен 77 станса болды. Тың игеруге дейін Ақмола стансасында пойыздарды өткізетін 19 жол торабы болған болса, 1970 жылы мұнда 6 дербес парк бой көтерді. Әр парк 6-7-ден 15-19-ға дейін жол желілеріне ие болды. Егер тың игеру кезеңіне дейін Ақ­мо­ла арқылы тәулігіне 2-3 пойыз өтетін болса, 70-жылдары 15-20 жұп пойыз қатынауға мүмкіндік алды. Бүгінгі темір жол вокзалы 1962 жылы пайдалануға берілді, ол 1200 жолаушыға арналған. Жыл өткен сайын стансаның ма­териалдық-техникалық базасы да жақсарып, ол соңғы үлгідегі меха­ни­каландырылған жаңа жабдық­тар­мен жаңғыртылды. Ақмола темір жол торабының қалыптасуы мен кемелденуі кезе­ңінде стансаның әлеуметтік ин­фрақұрылымы да жаңаша мәнге ие болды. Мұнда 1954 жылы теміржол­шылардың мәдениет үйі пайдалануға берілсе, 1967 жылы стадион бой көтерді. Омбы темір жол көлігі институтының бөлім­ше­сі, сондай-ақ темір жол техни­кумы ашылды. Қалада 1964 жылдың желтоқ­санында вагон жөндеу зауытының құрылысы аяқталды. Оны бас мердігерлік ұйым – “Целин­транс­строй” тресі іске қосты. Бүгінде Астана еліміздің бас қа­ласына айналып, жылдар көші­мен бірге өсіп-өркендеп келеді. Республика үшін аса қажетті ха­лық шаруашылығы жүктерін тасымал­даумен бірге, өзге елдер­мен ара­дағы қарым-қатынасты жақсартуға өзіндік үлес қосып отырған Астана стансасының тарихы бұл айтылған­дармен әсте шектелмейді. Ол алыс және таяу шет мемлекеттермен арадағы байланыстарды нығайту ісінде алда да баға жетпес рөл атқаратын болады. Көшкінбай КЕНЕБАЕВ,  Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының жоғары санатты мұрағатшысы. “АҚ ЖЕЛКЕН”, “АЛТЫН САНДЫҚ”, “ҚҰЛПЫНАЙ”... Жазиралы Сарыарқаның қақ төрінде қоныс тепкен салтанатты да сәулетті Астана – тәуелсіздігіміздің тұғыры, қай­ма­на қазақтың мақтанышына айнал­ға­ны ақиқат. Егемен елдің бас қаласы бүгінде даму болашағымыздың мәні, сәулеті­міз­дің сәні, экономикамыздың локомотиві болып отыр. Күннен- күнге Астананың сәу­летімен бірге әлеуметтік-экономи­ка­лық әлеуеті де артып келеді. Бұл астана­лық­тардың күнделікті тіршілік түйт­кілінен де анық байқалады. Елордадағы көңілге сенім мен қуаныш сезімін ұялататын жетістіктермен қатар әлі де шешімін күткен күрмеуі күрделі мәселелер де бар. Соның бірі соңғы жылдары қала тұрғындарын ерекше алаңдатып келе жатқан балабақшалар­дағы орын тап­шылығы болғандығы жасырын емес. Астананың алғашқы қазығынан бү­гін­гі гүлдену дәуіріне дейін қаланың даму баспалдақтарын өз қолынан өткізіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешім күткен әрбір түйткілді мәселені де назарынан тыс қалдырып көрген емес. Бұл ретте Мемлекет басшысын Астана­да­ғы балабақшалар проблемасы да тол­ғандырмай қалған жоқ. Осы бір көкей­кесті мәселені шешу мақсатында Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған би­ыл­ғы Жолдауында кішкентай астаналық­тар­дың мүддесін қанағаттандыру мақсатында “Балапан” атты бағдарламаны алғаш күн тәртібіне қойған еді. Болашақ тірегі – өс­келең ұрпаққа қажетті жағдай жасауды барлығынан жоғары қоятын Мемлекет басшысының ұлағаты әрқашан өзінің мәуелі жемісін де беріп келеді. Бұл ретте Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген “Балапан” бағдарламасы да ал­ғаш­қы жемісін бере бастады. Оған мамыр айының басында қа­ла­мызда қатарынан 10 балабақша ғимараты пайдалануға берілгендігі толық дәлел бола алады. Қазақстан хал­қы­ның бірлігі мерекесі қарсаңында ашыл­ған “Ақ желкен” балабақшасының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың өзі қатысып, бүлдіршін­дер­ді заманауи тәрбие орталығының табал­ды­рығын аттау сәттерімен құттықтады. “Ақ желкен” балабақшасы 240 бүл­дір­шінге лайықталған. Бұрын қаламыздағы Алматы ауданының әкімдігі орналасқан бұл ғимаратты балабақшаға лайықтап қай­та жасау үшін “Жол картасы” бағдар­ламасы аясында 341,8 млн. теңге қаржы жұмсалды. Іші-сырты бүгінгі заманғы құрылыс материалдарының озық үлгі­лерімен әрлендірілген балабақша ғимараты көз қуантып, көңіл марқайтады. “Балапан” бағдарламасы аясында пай­далануға берілген тағы бір заманауи бала­бақша – “Алтын сандық” деп атала­ды. Бұрын “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының құзырында болып келген бұл ғимаратты балабақшаға лайықтап қайтадан құруға 403 млн. теңге ақша жұмсалған. Алғашқы жоба бойынша мұнда 265 бүлдіршін тәрбиеленуге тиіс болса, еңселі де кең ғимараттың ауқымы қайта құрудан кейін 300 бүлдіршінді қа­был­дауға мүмкіндік берді. Балабақша ғимаратының жалпы аумағы 2700 шаршы метр. Мұнда тәрбиеленетін әрбір балаға ата-анасы ай сайын 4,5 мың теңге ақша тө­лейді. Егер жеке меншік балабақша­лар­да ай сайын әрбір балаға 30 мың теңге тө­ле­нетінін ескерсек, “Балапан” бағдар­ла­ма­сы аясында бой көтерген балабақ­ша­лардың астаналықтар үшін қаншалықты тиімді екендігін аңғару қиын емес. Астана қаласындағы Желтоқсан кө­шесіндегі №40 “Құлпынай” балабақша­сы­ның жаңа ғимараты да қала бүлдіршін­дерін қабылдауға дайын. Бұл ғимаратты қайта жабдықтауға бюджеттен 163,4 млн. теңге қаржы жұмсалды. Бұл балабақша 120 орындық. Бүлдіршіндерді тәрбие мен білімнің бүгінгі заманғы үлгілерімен то­лық қамту үшін балабақшада барлық жағ­дай жасалынған. Мұнда балаларды дене тәрбиесімен қамтитын спорт залдары, әр түрлі білім тану бөлмелері жеткілікті. Астанада балабақша тапшылығын жою мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Биылғы жылы тағы да  мектеп жасына дейінгі 10 балалар мекемесі пай­далануға берілмек. Оның 4-і қала күні мере­кесіне дейін, қалған 6-ы жыл соңына дейін іске қосылады. Осының нәтиже­сін­де 2440 астаналық бүлдіршін балабақ­ша­мен қамтамасыз етіледі. 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, биылғы жылы пай­далануға берілетін тұрғын үй кешен­дерінің бірінші қабаттарынан 15 мектеп жа­сына дейінгі балалар мекемесі ашылмақ. Тағы бір ерекше айта кететін игілікті іс, Астана қаласының әкімдігі биылғы жылдың сәуір айынан бастап жеке меншік балабақшаларға мемлекеттік сұраныс беру тәжірибесін өмірге енгізді. Қазір жеке меншік мектеп жасына дейінгі мекемелерде 1 мың бүлдіршін тәрбиелеуге және оқытуға мемлекеттік сұраныс берілсе, қыркүйек айынан бастап тағы да 1975 бүлдіршін тәрбиесіне сұраныс жасалынады. Яғни, осы жеке меншік балабақшаларға қала бюджетінен әрбір балаға ай сайын 11896 теңге аударылады. Ал қалған тө­лем­ақыны ата-аналардың өздері өтей­тін болады. Мұндай жеңілдік бүлдір­шіндері балабақшадағы орынға кезекте тұрған отбасыларына жасалынады. Елорда әкімдігі биылғы жылы жал­пы саны 2,5-3 мың бүлдіршінге ар­налған 10 жаңа балабақша ғимаратын салуда. Сонымен бірге, қала әкімдігі 2011 жылы Астанада тағы да 20 жаңа балабақша салуды жоспарлап отыр. Елбасының тікелей тапсырмасымен іс жүзіне асырыла бастаған “Балапан” бағдарлама­сының аясында 2 жыл ішінде Астана қаласында балабақшаға деген сұраныс 90 пайызға қанағат­тан­дырылмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, СУРЕТТЕРДЕ: бүлдіршіндер шат­ты­ғына толған жаңа балабақша ғи­мараттарында. Бетті дайындаған  газет тілшісі Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Суреттерді түсірген Орындай БАЛМҰРАТ.