Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Барлық шенеунікті бірден жастармен ауыстыра салуға болмайды. Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сараланған көзқарас болуы керек. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетіктерді әзірлеп, енгізуді тапсырамын», деген болатын.
Осы орайда халқымыздың «Алпысқа келгеннен ақыл сұра!» деген нақылы ойға оралады. Оның шығу тарихы жайлы мынадай аңыз бар. Баяғы заманда бір хан қол астындағы халқына жар салып, жасы алпыстан асқан қарттарды бала-шағасына масыл қылмай, айдалаға апарып тастау туралы әмір береді және оны орындамағандардың басын алатынын ескертеді. Хан жарлығы көп уақыт бұлжытпай орындалып, жұрттың бәрі жасы алпыстан асса да ажалы жетпеген ақсақалдарды елсіз жерге апарып тастап, ит-құсқа жем қылады немесе тау баурайындағы дарияға тастап өлтіреді. Сол дәстүрмен бір жас жігіт алпыстан асқан әкесін өлтіруге ниеттеніп, оны терең дарияның жағасына әкеліп, бір тастың үстіне отырғызып, өзі де сәл дем алуға ыңғайланады. Сонда әкесі күліп: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген осы, балам. Мен де осыдан отыз жыл бұрын әкемді өлтіруге алып келе жатып, осы тасқа отырғызып едім. Әкем өмірді қимай жылап: «Тым болмаса бір жыл жасырып сақта», деп жалынғанына қарамастан, дарияға лақтырып жіберіп едім. Енді, міне, сол жағдай өз басыма келді. Енді саған жалынып-жалбарынғаннан не пайда?!.» дейді. Ойланып қалған баласы: «Бұл жағдай түбінде менің басыма да келеді екен ғой. Ендеше, ханның жарлығын тыңдамай, әкемді тірі сақтайын», деп түйіп, әкесін дарияға лақтыру ойынан айнып, үйіне қайта алып келіп, үлкен сандыққа тығып, еш адамға көрсетпей жүреді.
Бір күні хан алыс жаққа жорыққа шықпақшы болып, әскер жинайды. Оған сандықта жасырынып жатқан ақсақалдың баласы да баратын болады. Мұны естіген әкесі оған: «Балам, ол жол – қиын жол. Бір керегім болып қалар, мені өзіңмен бірге ала жүр», дейді. Ол әкесі жатқан сандықты өгізге теңдеп алып, көп әскермен бірге жолға шығады. Әскер жүре-жүре елсіз далаға, сусыз шөлге тап болып, жаппай қырылу қаупі төнеді. Сонда хан: «Су тапқан адамға мың ділда алтын беремін», деп жар салады. Бірақ жорықшылар қанша іздесе де, ешқайсысы су таба алмайды. Сонда сандықта жатқан ақсақал баласына: «Өгізді босатсаң, ол су шығатын жерді иіскеп тауып, тұмсығымен сүзеді», дейді. Жігіт дереу өгізін босатып жібереді. Ол мөңіреп барып, бір жерді сүзе құлайды. Бала сол жерді қазып жіберсе, мөлдір су шыға келеді. Әбден шөлдеген әскердің бәрі қазылған құдықтан су ішіп, шөлдері қанып, әрі аттанады. Арада бірнеше күн өткенде қалың қол бір теңізге келіп жетеді. Оның түбінде екі гауһар тас жарқырап жатыр екен. Соны көрген хан қатты қызығып: «Осы екі гауһарды су түбінен маған алып берген кісіні өзіме уәзір етіп тағайындаймын және қалаған нәрсесін беремін», деп жар салады. Бұл ұсынысқа қызығып суға сүңгіген сан адам суға батып кетеді. Ақыры жарқырап жатқан қос гауһарды ешкім таба алмайды. Көштің тағы да тоқтап қалған себебін баласынан сұрап білген әкесі: «Гауһарлар теңіздің түбінде емес, жағасында жатқан шығар. Айналаңа қарашы, құстың ұясы бар ма?», дейді. Баласы қараса, теңіздің жағасында бір бәйтерек өсіп тұр екен, басына құс ұя салыпты. «Иә, әке, құс ұясы бар», дейді жігіт. Сонда әкесі: «Гауһар тастар сол ұяда жатыр. Теңізге олардың сәулесі ғана түсіп тұр», дейді. Сосын жігіт ханға келіп: «Гауһарды мен табамын», деп, құс ұясынан қос гауһарды алып береді. Бірақ хан оған: «Бұл өз ақылың емес қой, шыныңды айт!», деп қаһарланады. Жігіт тек дарға асылар сәтте шынын айтады. Хан дереу оның әкесін сандықтан шығарып, баласын уәзір етіп тағайындайды. Еліне оралған соң Алпыстан асқан қарттары өлтірілсін деген жарлығының күшін жойып, халыққа «Қарияларды қадірлеңдер!» деген жаңа әмір беріпті. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра!» деген сөз содан қалған екен.
Осы аңызға арқау болған ақиқат – өмір көріп, талай сыннан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе һәм даналық жинақтаған аға ұрпақтың орны бөлек екендігі. Президент айтқандай, олардың мемлекеттік қызметте жүргендерінің бәрін бірдей зейнет жасына келісімен абыроймен атқарып жүрген қызметтерінен шеттету орынсыз һәм тиімсіз. Себебі қазіргі кезде, әсіресе жергілікті атқарушы органдарда білікті кадрлар жетіспейді. Мұның өзі бертінге дейін еліміздің білім беру саласында министрлер ауысқан сайын әртүрлі реформа жасалып, жүйесіздікке жол берілгенінің, мұғалім мамандығының беделі түсіп, негізінен, орташа бағамен оқығандардың кәсібіне айналғанының, сол себепті мектеп түлектерінің білім деңгейі мен сауаты төмендеп кеткенінің, сондай-ақ көптеген жоғары оқу орнының диплом сатумен айналысқанының салдары екені мәлім. Білім саласындағы кейінгі жылдары іске асырылып жатқан игі бастамалар жемісін бергенше біраз уақыт керек. Осы кезеңде «борозданы бұзбайтын» байырғы кадрлардың әлеуетін ұтымды пайдалану қажеттігі анық.
Биылғы 4 қазанда Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізіліпті. Ондағы басты жаңашылдықтың бірі – түрлерін Үкімет айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдарда келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу көзделгені. Бірақ оның бүгінде мемлекеттік органдарда қызмет істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге қатысы жоқ. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы тиісті тапсырма бергелі тоғыз айға жуық уақыт өтсе де, Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аталған заң жобасына жасы 60-тан асса да, өз қызметін ойдағыдай атқарып жүрген, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы шенеуніктерді зейнет жасына келген соң жұмыстан шығармауға байланысты ешқандай түзету енгізбепті. Бұл қалай? Мәжіліс депутаттары, міне, осы олқылыққа назар аударса, құба-құп.
Осы ретте кейбір елдердегідей, зейнет жасына келген шенеуніктер мемлекеттік органдардағы қызметін одан әрі жалғастырған жағдайда олардың зейнетақыға шығу мерзімін кейінге шегеру мәселесін неге қарастырмасқа? Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы біршама жоғарылатылған қазіргі кезде мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың тиімді мамандарын сақтауға да, зейнетақыға жұмсалатын республикалық бюджет қаражатын үнемдеуге де мүмкіндік береді деп ойлаймыз.