Жылыту маусымының басталғаны кеше ғана секілді еді, алайда газдан улану деректері бірінен соң бірі тіркеліп жатыр. Мәселен, Жамбыл облысында айналдырған бір айдың ішінде осындай 17 оқиға болды. Өкінішке қарай, соңы қайғылы аяқталғандары да бар. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдері аталған келеңсіз жағдайлардың басым бөлігі тұрмыстық газды ережеге сай пайдаланбаудан туындағанын айтып отыр. Сондықтан өңірде түсіндіру жұмыстары барынша күшейтілу үстінде.
Әдеттегідей жылыту маусымы басталысымен газ саласы мамандарының жұмысы да көбейеді. Өйткені жеке сектордың тұрғындары газды тұтыну ережелерін дұрыс сақтамайды. Мәселен, көп жағдайда газ пеші мұржасының жағдайына мән бермейді. Тазаланбаған мұржа бітеліп қалып, жанған газдың көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін түтіні үй ішіне жайылады. Ал оның соңы жазатайым оқиғаларға душар етері даусыз. Сондықтан «ҚазТранГаз Аймақ» өндірістік филиалының мамандары қауіптің алдын алу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, үйлердің бірінде мұржа бітелген болса, енді бірінде пештің ақауы анықталып жатады. Мұны тұрғындардың өздері де мойындап отыр. Сондықтан олар да сала мамандарының көмегіне жүгінгенді жөн санайды.
«Жұмысты оның қыр-сырын білетін арнайы мамандар атқарғаны дұрыс. Өзіміздің қолымыздан келмейді. Өз бетімізше істеген күннің өзінде түрлі олқылықтар шығып жатады. Мұның соңы жазатайым оқиғаларға алып келеді. Өзіміз көріп жүрміз, газ саласының мамандары тұрғындарға газды тұтынудың негізгі талаптарын түсіндіреді, ескерту жасайды. Осыдан нәтиже шығара білуіміз керек. Кемшіліктер, негізінен, мұржа мен желдету арнасында кездесетінін де жақсы білеміз. Біз жыл сайын мамандармен арнайы келсімшартқа отырамыз. Соның нәтижесінде олар орын алған кемшіліктерді өздері реттейді», дейді жергілікті тұрғын Нүсіпқали Нұрметұлы.
Ресми дерекке назар аударсақ, газды қолдану талаптарын сақтамау салдарынан былтырғы жылыту маусымында 98 тұрғын уланған. Биылғы жағдай да көңіл көншітіп отырған жоқ. Қазірдің өзінде 36 адам газдан уланып, оның ішінде екеуі бақилық болған. Сондықтан газ саласының мамандары: «Тұрғындар қауіпсіздікке баса мән берсе екен», деген тілектерін жеткізді.
«Газдың иісі сезілген жағдайда тұрғындардың ең бірінші міндеті – 104 нөмірі арқылы үздіксіз қызмет істейтін мекемеге хабарласу. Сондай-ақ үйдің есік-терезелерін ашып, желдету қажет. Негізі, алдын алу шаралары бойынша әрбір үйге газ иісін анықтайтын құрал орнатылуы керек», дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы апаттық диспетчерлік қызметінің басшысы Әлиайдар Жаңабеков.
«ҚазТрансГаз Аймақ» филиалының қызметкерлері тұрғындарды ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр 200 мыңнан аса түсіндірме парағын таратып, әлеуметтік желі мен облыстық телеарналарға қауіпсіздікті сақтау туралы бейнероликтер шығарған. Жалпы, өңірде 220 мыңнан аса абонент «көгілдір отынды» қолданады. Сала мамандары тұтынушыларға өздерінің қауіпсіздігі үшін мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт жасауды ұсынады. Яғни үйдегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді білікті маманға сеніп тапсырған жөн.