Кешегі Шер ағаң – Шерхан Мұртаза «әттеген-ай орын алған жерді аңғарса, бір ауыз сөзбен сойып салатын. Бір жолғы бір ауыз сөзінде: «Диқандар көктемде өліп-өшіп егін салды... Егін пісті... Бір тонна солярка – бір жарым-екі тонна бидай», деп шамырқанғаны бар.
Бидай демекші, жуырда Qazaqstan телеарнасынан қырбақ қардың астында биылғы жылдың жал-жал болып үйіліп жатқан алтын дәнін көрсетті. Сап сары, шашқан моншақтай мөлдір. Табанақы, маңдай тердің бұлай қалуы қабырғаңды қайыстырады, ішің ашиды, жүзің жасиды.
Бұл қалайға берілген жауап, астық таситын вагон жетпейді екен. Самарқаулық, немкеттілік жұрттың еңбегін еш кетіру деген осы.
Иә, айналысып жатырмыз дейді.
Диқанның бозторғайдай шырылдаған үні құлақ тұндырады. Өйткені қар мен жаңбыр солтүстік азаматтарының апшыларын қуырып барады. Көретін көз, еститін құлақ табылса, қане. Ол уақытша қиындық қой, деп мұрын шүйіретіндер табылар. Көктемнің бір күні жылға азық деп жанталасқан еңбекшінің жанын ұқпау, атүсті қарау айып. Айыпты сағыздай созбай жуу – адамдық.
Егер астықты өндіре алмаса, диқан кінәлі деріміз хақ. Ал барды үйлестіре алмаса, кімді жазғырамыз? Бұлай деуімізге бір себеп, сол күнгі ақпарат барысында, бір шенеунік, Қарағандыдағы көмір кезегі туралы қойылған сұраққа байланысты халықты жазғырды. «Жаздай айттық көмір түсіріп алыңдар деп, тыңдамады, кезек содан өршіп тұр» деді.
Дұрыс, бұған халық айыпты дейік, жаз бойы астық таситын вагон сайламағанға кім кінәлі? Іштің ашып, жүздің жасуы осындайдан болса керек.
Сүлеймен МӘМЕТ