Былтыр «EcoBusinessLab» қанатқақты жобасының бірінші кезеңінде 35 студент оқу курсынан өткен еді. Бүгінде олар бизнесін табысты іске асыруда. Шарапаты мол жобаны «ITeachMe» қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және серіктес «Шеврон» компаниясының қолдауымен бастаған-ды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен ақпарат берілді.
«ITeachMe» қоры құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, жобаның іріктеу кезеңі биыл мамырда қайта басталып, ел бойынша 300-ден аса талапкер өтінім қалдырған. Бұдан әрі іріктеуден өткен жастар білім алып, мамандардың көмегімен қолға алатын істің жоба-жоспарын да түзеді. Осыдан соң дайын бизнесті нарыққа шығарып, грант алуына да болады.
Сонымен биыл барлық өңірден 40 студент іріктеліп, олар бірнеше ай кәсіпкерлікті дамыту курсынан өткен. Осы аралықта кәсіпкерлік, экология, әмбебап дизайн бойынша сессияларға қатысып, тәлімгерлермен жұмысты пысықтап, еңбектенген. Бұдан соң құрамында «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қошпанова, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат және орнықты даму департаменті директорының орынбасары Жазира Жанкина бастаған қазылар алқасы 32 презентацияны мұқият тыңдаған. Олар экологиялық мәселелерді қаперге алып, ұлттық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосады деп санаған жобаларды іріктеген. Дауыс беру нәтижесінде қазылар Шеврон компаниясынан 500 мыңнан бастап, 1 млн теңгеге дейінгі бизнес идеяларды дамытуға арналған және «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ-дан 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі грант жеңіп алған 9 жобаның авторы анықталды. Нақтырақ айтсақ, «Шеврон» компаниясы 6 түлекке 1 млн теңгеге дейін грант берсе, «Шинхан Банк Қазақстан» акционерлік қоғамынан 3 грант алған үміткер бар.
– Пандемия салдары, қаңтар қасіреті халықтың өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Пандемиядан кейінгі дағдарыс жастарға да әсер етті. Шағын және орта бизнестің тұралауынан жұмыссыз жастар көбейді. Бүгінде төтенше жағдайлардан кейінгі ахуал оңалып келеді. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Бірақ осы жағдайлардың барлығы жастардың қысқа мерзімде дамудың жаңа бағытына көшуге дайын еместігін аңғартты. Дамудың жаңа бағытын іздеген кәсіпкерлер нарықтың өркендеуіне үлес қоса отырып, «ITeachMe» бастамасын құруға негіз болды. Жоба ерекше қабілеттілігі бар топтардың еңбекке қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жәрдемдеседі. Біздің мақсатымыз – бизнес тек пайда әкеліп қоймай, тұтынушылар үшін экологиялық жағынан таза болуы деген ұстанымның шеңберінде қалыптасты, – дейді З.Бегалиева.
«EcoBusinessLab» жобасы 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Мұнда студенттер кәсіпкерліктің негіздерін меңгерумен шектелмей, кез келген істі бастарда экологиялық мәселелерді ескеруді үйренеді. Қордың басшылығы кәсіпкерліктің барлық бағытында экологиялық мәселелерді ескере отырып, жоспар түзуге болатынын айтады. Сондай-ақ жобада қоғамның барлық тобындағы сұраныс ескерілген. Бизнес идея әзірлеуде жастар қалдықтарды азайту, өңдеу, экологиялық құрал-жабдықтарды пайдалану сынды мәселені ескерген. Үйлесімді іске асқан ерекше идеялардың ішінде қостанайлық Анастасия Кравченконың қолға алған «Ладага» жобасы мен Бекжан Қайырғалиев жетекшілік ететін тамақ қалдықтарын био тыңайтқышқа қайта өңдеу жобасы да бар. Сондай-ақ жоба түлегі офтальмолог Роза Адықова қайта өңделген пластик қалдығынан көзілдірік жасау ісін қолға алған. Сапалы, табиғи әрі қолжетімді тауарға сұраныстың жоғары болатыны айтпасақ та белгілі. Ендеше, жоба аясында биыл грант алған түлектердің ісіне біз де табыс тілейміз.
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»