Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйінде жазушының 90 жылдығына орай «Қазақтың заңғар жазушысы – Шерхан Мұртаза» тақырыбында портреттік кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның өтуіне облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы мұрындық болды.
Іс-шараға қатысқан қаламгердің келіні, ардагер кітапханашы Сара Мадимарова, Шерағаның туысқан немересі Рамазан Шоңғаров жазушының өздеріне айтқан аталық сөзі мен ақылы, адами болмысы туралы толғана сыр шертті. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев Шераға шығармашылығына шолу жасап, қаламгердің қазақ прозасындағы рөлі мен тағдыры туралы ой бөлісті.
Соңынан «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары тұғырлы тұлға рухына арналған арнау өлеңдерін оқып, әдемі әндерді шырқады. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері Шерхан Мұртазаның кітаптарына библиографиялық шолу жасады. Кейіннен сөз алған облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева іс-шараға белсене қатысқан азаматтарға ризашылығын жеткізіп, сый-сияпат тапсырды.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы