Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба аясында өңірде ілкімді істер қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оң нәтиже берген жобаны Үкімет ел аумағында таратуға ниетті. Бүгінде аталған жоба арқылы өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік алған азаматтардың қатары көбейіп келеді. Облыстың әр ауданындағы ауылдарда жергілікті жұртшылық кәсібінен нәсібін айыру үшін тынбай еңбектеніп жүр.
Талас ауданының тұрғыны Ерғазы Сыдықбеков жылыжайдан 20 тоннаға дейін өнім жинауға ниеттеніп отыр. Қанатқақты жобаның шарапатын көрген азамат әрекет еткен адамға береке қонатынын жақсы түсінеді. 20 сотық жерге қызанақ және қияр орналастырған кәсіпкер алдағы уақытта да жұмыс қарқынын арттыруға ниетті. Бүгінде қызанақты жинау жұмыстары қыза түскен.
«Шынтуайтында қарапайым азаматтардың кәсіп бастауына пилоттық жобаның көп көмегі тигенін айтпай кетуге болмайды. Жобамды «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ мақұлдап, кәсібімді жүзеге асыру үшін 8 млн теңгені 2,5 пайызбен берді. Түсіне білген адам үшін мұның үлкен мүмкіндік екені талас тудырмайды. Бүгінгі таңда алған несиемізді толық жауып тастадық. «Талас-2020» кооперативі тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр. Үш жылдан бері өнімді Қаратау мен Тараз қаласындағы сауда нүктелері мен әлеуметтік дүкендерге өткізудеміз. Қысқасы, жұмысымызды жүргізу үшін барлық жағдай қарастырылған», дейді Е.Сыздықбеков.
Кәсіпкердің айтуынша, жылыжай көмірмен жылытылады. Көкөністі баптаумен айналысатын кооперативтің агрономы Қанат Алдабергенов жылыжай жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтінін, мол өнім беретінін айтады. Ал мұндағы еңбеккерлер ілкі сәтке де тыным таппайды.
Кәсіптің көзін, табыстың өзін тапқан Е.Сыздықбеков мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Осы жылдың өзінде 10 миллион теңге табыс тапқан ол алдағы уақытта жылыжай аумағын 1 гектар алқапқа дейін ұлғайтуға ниетті. Сол арқылы мол табыс табатынына сенімді.
Жалпы, қанатқақты жоба бойынша Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында көптеген жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде үшаралдық 197 азаматқа жалпы сомасы 524,7 млн теңгені құрайтын жеңілдетілген несие берілген. Ауылдықтар мал басын шамамен екі мыңға арттырған көрінеді.
Қанатқақты жоба арқылы атқарылып жатқан жұмыстар өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің назарынан тыс қалған емес.
«Әр отбасының тұрақты табысы болуы керек. Біз сол бағытта жұмыс атқарамыз. Ауылдық округ әкімдері өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет етіп, әр ауланың ахуалынан хабардар болып отыруы қажет. Жобаның мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, ауылдықтардың тұрмысын тіктеуге күш салған жөн. Сол арқылы біз елді мекен тұрғындарының жағдайын түзейміз. Жоба алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады», дейді Н.Нұржігітов.
Өңір тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін қанатқақты жобаның екінші кезеңі де басталып кетті. Екінші кезеңге Талас ауданына қарасты Ойық ауылдық округі еніп отыр. Аталған ауылда бүгінде дайындық жұмыстары қыза түскен.
Қысқасы, қанатқақты жобаның рахатын сезініп, кәсібінен нәсібін тапқан еңбекқор азаматтарға деген қамқорлық толастамақ емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, жылыжай иелерінің біршама шығынын өтеп беру бойынша алдағы уақытта нақты жұмыстар қолға алынбақ.
Жамбыл облысы,
Талас ауданы