Елімізде жыл сайын тұрғын үй құрылысы әжептәуір өріс алып, тіпті салыстырмалы тұрғыда рекордтық көрсеткіштерге де қол жеткізіліп келе жатқанына қарамастан, баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғынжаймен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетінін мәлімдей келіп: «Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек... Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзінде-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отбасына нақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмысты реттеуді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылып жатқан «Отбасы банкке» тапсырдым. Банк басшылығы тікелей жауапты болады», деген еді.
Алайда «Отбасы банк» акционерлік қоғамы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды ұзаққа созып жіберді. Сол себепті Үкіметтің биылғы 8 ақпанда болған кеңейтілген отырысында Президент: «Менің жалға берілетін тұрғынжайды субсидиялау жөніндегі бастамам бұдан бір жыл бұрын басталуға тиіс болатын. Бірақ сылбыр қимылдаудың, бәлкім, саботаж жасаудың салдарынан жүздеген мың қазақстандық мұндай қолдау түрін әлі күнге алған жоқ. Шенеуніктер ұзақ уақыт бойы аз қамтамасыз етілген азаматтардың тұрғынжайға жұмсайтын шығынын азайту жөніндегі қарапайым да түсінікті бастамадан ірі құрылыс компанияларын қолдаудың кезекті құралын жасауға тырысты. Соңғы рет айтамын, бұл – әлеуметтік бастама», деп қатаң талап қойғаннан кейін ғана сең қозғалды. Нақты айтсақ, Үкіметтің сол кеңейтілген отырысы өткен күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №60 бұйрыққа қол қойды.
Аталған қағидаларға сәйкес жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін төлемдер мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен 50 пайыз және тұрғынжай жалдаушылардың есебінен 50 пайыз тепе-теңдікте жүзеге асырылады. Осы мақсатта «Отбасы банкке» республикалық бюджеттен биылғы жылға 40 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса, жергілікті бюджеттерден 10 млрд теңге бөлу көзделген. Алайда қыркүйек айының соңында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жалға берілетін тұрғынжай ақысын субсидиялауға ел қазынасынан бөлінген қаражаттың небәрі 10 пайыздайы ғана игерілгенін айтып дабыл қақты. Бұл қалай? Әлде, елімізде пәтер жалдап тұрып жатқан азаматтар мен отбасылар аз ба? Бірақ олай еместігі баршаға мәлім. Біздіңше, гәп мынада – «Отбасы банк» аталған мемлекеттік қолдауды тұрғынжай кезегінде тұрған азаматтардың төрт санатына ғана көрсетіп отыр. Олар – көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар және жетім балалар. Ал Президенттің Жолдауында өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін, тұрғынжай кезегінде тұрған азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсету туралы айтылған және олардың санаты бұлайша шектелмеген. Осы орайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; қандастар; табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмiрiн құтқару және құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары; толық емес отбасылар жататынын айтқан жөн. Ең болмаса осы 11 санаттағы азаматтар тиісті мемлекеттік қолдаумен неге түгел қамтылмағаны түсініксіз. Мұның өзі Президент тапсырмасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің осы мәселеге жетекшілік ететін шенеуніктері мен тікелей жауапкершілік жүктелген «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басшылығы жете түсінбей, «бүйректен сирақ шығарғандай» бұрмалауға жол бергенінің айғағы емес пе?
Тұрғынжай жалдағаны үшін субсидия алушылар саны аздығының тағы бір себебі мынадай қосымша шектеуге байланысты: аталған мемлекеттік қолдауға ие болу үшін соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінен көп болмауға тиіс. Мәселен, биылғы жылы ең төмен күнкөріс деңгейі – 36 018 теңге екенін ескерсек, 5 адамы бар отбасының орташа айлық табысы 180 090 теңгеден аспауы талап етіледі. Одан сәл асып кетсе, субсидия берілмейді. Қазіргі баға атаулы аспанға шарықтап, қымбатшылық жайлап тұрған уақытта мұндай шектеуді орынды һәм әділ деп айту қиын.
Бұған қоса, Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында жалға алушы өзі тұрып жатқан тұрғынжайдан екі аптадан артық мерзімге кеткен жағдайда бұл туралы жергілікті әкімдіктің уәкілетті органына жалға берілген тұрғынжайда қандай жағдайға байланысты ұзақ уақыт болмау себебін көрсететін құжаттарды қоса бере отырып, хабарлауға міндеттелгені аталған нормативтік-құқықтық актіні әзірлеушілердің бюрократизм дертінен ада еместігін аңғартқандай.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің пікіріне қарағанда, жалға алынатын тұрғынжай бағасының төмендігі мен жалға берілетін тұрғынжай нарығындағы ұсыныстың жеткіліксіздігі де осы игі бастаманың ойдағыдай іске асырылуына теріс әсерін тигізіп тұр. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында 3 мүшесі бар отбасының тұруы үшін рұқсат етілген тұрғын алаңы 40 шаршы метр пәтерді жалдау ақысы 110360 теңгеден аспауға тиіс. Қазір мұндай бағаға тұрғынжай табу неғайбіл.
Ал жалға берілетін баспана қай қалада болсын аз еместігіне қарамастан, олардың иелерінің көбі тұрғынжайды жалдау ақысына субсидия алғысы келетін жалға алушылармен шарт жасасқылары келмейді. Өйткені баспанасыз азаматтардың дені өздері жалға алған тұрғынжайларда жалға берушілермен ауызша келісім бойынша ғана тұратыны, яғни бұл елімізде кеңінен таралған «көлеңкедегі» бизнес екені мәлім. Оның үстіне, Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органның өкілдері тоқсанына кемінде бір рет жалға алушылардың жалға берілетін тұрғынжайды мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізетіні де жалға алушыларға ғана емес, жалға берушілерге де ұнай қоймайтыны анық.
Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының табысы аз азаматтарға олардың тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау арқылы жәрдем көрсету жөніндегі әлеуметтік бастамасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Отбасы банк» акционерлік қоғамының іске асыру барысы сын көтермейді. Шынтуайтында, бұл ретте қазір «Байдың асын байғұс қызғанады» деген мақалдағыдай емес, «Байғұстың асын бай қызғанады» дегендей кереғар жағдай туындап, мемлекеттің арнайы бөлген қыруар көмекқаржысы баспана жалдап жүрген кедей адамдардың көпшілігіне бұйырмай отыр. Сондықтан да Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларындағы бюрократиялық бөгесіндерді алып тастау және тұрғынжайды жалға берушілерді «көлеңкеден» шығарып, заңды жұмыс істеуге ынталандыратын ұтымды шараларды қабылдау қажет.