• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Желтоқсан, 2022

Қазақстан «Теңдік уақыты» дүниежүзілік науқанына қосылды

403 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Қазақстан «Теңдік уақыты» ұранымен өтетін ЮНЭЙДС Бүкіләлемдік науқанына қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЖИТС деген жұқпалы кеселдің бар екені белгілі болғалы бері де 40 жыл өте шығыпты. Алайда АИТВ әлі де жаһандық қауіпті ауру қатарында қалып отыр. Оған қоса жұқтыру жағдайы әрқилы екендігіне қарамастан, АИТВ-ахуалды адамдар ұдайы айналасындағылардың түртпегіне ұшырап келеді. Ендігі жерде Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі Біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) «Теңдік уақыты» дейтін науқанды іске қосты.

Бұл баршамызды ЖИТС-ты жою барысында дәлелденген практикалық шараларды жүзеге асыруға шақырады. Олардың ішінде: АИТВ-инфекциясының алдын алу, тестілеу, емдеу үшін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, осылайша әрбір мұқтаж адам қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіледі. «Теңдік уақыты» –  АИТВ-мен өмір сүретін адамдар мен негізгі топтардың өкілдерін стигма мен кемсітушілікке қарсы тұруға шақыратын ұран. Егер АИТВ-инфекциясын диагностикалау мен емдеуді мемлекет қамтамасыз етсе, онда стигма мен кемсітушілікке ағартушылық, білімді насихаттау және төзімділік арқылы қарсы тұруға болады.

–  Бүгінде «АИТВ-инфекциясы» диагнозы енді өлім-жітімге душар ететін дерт емес. Қазіргі заманғы медицинаның жетістіктерінің арқасында ДДҰ АИТВ-ны созылмалы жұқпалы ауру деп анықтады. АИТВ-ахуалды адамдар (АӨА) антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдай отырып, ұзақ және сапалы өмір сүре алады, отбасылары мен дені сау балалары бола алады. БҰҰ-ның 2021 жылғы Саяси декларациясының мақсатын және ЮНЭЙДС-тің 95-95-95 мақсаттарын орындау шеңберінде Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87 пайызы өздерінің АИТВ-ауалды екенін біледі, олардың 81-і АРТ қабылдайды, 85 пайызы вирустық жүктемені төмендетеді, –  дейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.

Қол жеткізген жетістіктер мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жемісті қызметін көрсетеді. Жүргізіліп жатқан эпидемияға қарсы іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан АИТВ және ЖИТС эпидемиясының шоғырланған сатысында тұр (орташа әлемдік 1,1% көрсеткіште халықтың 0,2%-ы).  Соңғы он жылда АӨА арасындағы өлім-жітім екі есеге азайды. Жыл сайын қазақстандықтар өздерінің АИТВ-мәртебесі туралы көбірек білгісі келеді. Жыл сайын елде халықтың 10% - дан астамы тексеріледі. 

АИТВ-ға тестті өңірлік ЖИТС орталығында немесе тіркелген жері бойынша емханада құпия, жасырын, тегін негізде тапсыруға болады. Жедел тестілеуді ҮЕҰ да жүргізеді. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 2021 жылдан бастап байланысқа дейінгі профилактика енгізіліп жатыр: бұл АИТВ-сы жоқ, бірақ жұқтыру қаупіне тап болған адамдардың АРТ-ны тұрақты қабылдауы. Адам өз диагнозы туралы неғұрлым ертерек біліп, АРТ-ны қабылдай бастаса, соғұрлым ұзақ жылдар бойы денсаулығын сақтап, вирустың басқаларға берілуіне жол бермейді.

Оған қоса жыл өткен сайын елімізде ЖИТС орталықтарының зертханаларын заманауи жабдықтармен жабдықтау жақсарып келеді. 2021 жылы аймақтық ЖИТС орталықтарының 15 зертханасы ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу үшін Жаһандық қордың қолдауымен автоматтандырылған ПТР жабдықтарын сатып алды. АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған заманауи препараттар белсенді түрде енгізілуде, жүргізілетін емнің тиімділігіне зертханалық мониторинг жүргізіліп отыр.

Дүниежүзілік науқан аясында «Теңдік уақыты» ұранымен еліміздің барлық өңірлерінде ҮЕҰ-мен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізіледі: акциялар, челлендждер, АИТВ-инфекциясының алдын алу шаралары туралы халықтың білімін арттыруға, АИТВ-ға қатысты стигма мен кемсітушілікті еңсеруге бағытталған тренингтер. 1 желтоқсанда ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі барлық орталықтарда ашық есік күндері ұйымдастырылды.