Қазақстанда алғаш рет Жүрек орталығының интервенциялық кардиологтері митральды қақпақшаға қысқыш салу бойынша бірегей операция жасады. Шеберлік сабағының барысында дәрігерлер митральды қақпақша жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеудің жаңа әдісін меңгерді. Бұл технология құрамында қысқыш бар катетерді феморальды вена арқылы аз инвазивті жолмен енгізуге, жабылмайтын жармаларды қосу арқылы клапанның ақауын жоюға және сол арқылы бүкіл дененің қанмен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жүрек дұрыс жұмыс істеу кезінде митральды қақпақшалар сол жақ қарыншаға қан жіберу үшін ашылады. Әрі қарай сол жақ қарыншаның жиырылуымен қан қолқаға еніп, бүкіл денені оттегімен қамтамасыз етеді. Митральды қақпақша жеткіліксіз болған жағдайда оның жармалары тығыз жабылмайды, бұл қанның кері ағуына әкеледі. Осының салдарынан оттегінің жеткіліксіздігімен адам ағзасы ентігу мен жиі шаршауды сезіне бастайды.
«Жүректің бұл патологиясы 4% жағдайда кездеседі. Бұл негізінен 50 жастан асқан пациенттер, олар үшін жүрекке ашық операция жасау үлкен жүктеме және операциядан кейінгі асқынулардың қаупін тудырады. Сондықтан қақпақшаға қысқыш салу ашық операцияға жақсы балама болып табылады», деді Жүрек орталығының катетерлеу зертханасының меңгерушісі Абдурашид Мұсаев.
Екі күндік оқу барысында клиника дәрігерлері Түркиядан келген әріптестерімен бірге 4 пациентке қысқыш орнатты. Оларда митральды қақпақшаның жеткіліксіздігі байқалды, «ашық» жүрекке операция жасауға қарсы көрсетілімдер, сондай-ақ басқа да қатар жүретін аурулар болған.
«Мен инфарктан кейін ауыр жағдайда болдым, жиі ентігуді бастан өткердім. Қазір операциядан кейін өзімді жақсы сезінемін, осы операцияны жасаған орталық дәрігерлеріне алғыс айтамын», деп қуанышын бөлісті клиниканың пациенті.
«Бұл операциядан кейін қалпына келтіру тезірек жүреді. Біздің пациенттер қазірдің өзінде клиникадан шығуға дайындалып жатыр. Бұл әдіспен барлық пациентті емдеуге болады деп айтуға болмайды. Дегенмен бұл технология қазір дәрілік терапия жалғыз ем болып табылатын адамдардың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алады», дейді Жүрек орталығының интервенциялық кардиология және радиология КАД директоры Марат Әріпов.