Нағыз шығармашылық тұрғыдан толысқан шағында өмірден ерте озған көрнекті театр және кино актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Уәйіс СҰЛТАНҒАЗЫҰЛЫ бүгінде көзі тірі болғанда 60 жасқа толар еді... Ажалға амал бар ма?! Десек те кезінде бірге жүрген үзеңгілес достары, сахналас әріптестері, ағайын-туыстары, қалың көрермені жиналып, өмірінің соңына дейін қызмет жасаған Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында есте қаларлық кеш өткізді. Онда еркелеп жүріп еңбек еткен аптал азамат жайлы қызықты естеліктер айтылып, бейнеқордағы спектакльдерден үзінділер тыңдап, Уәкеңнің үнін естіп, дидарын, тұлғасын көріп сағыныштарын басқандай болды...
– Уәйіс жан-жағына шуақ шашатын үлкен азамат еді. Менің есімде оның таза адамгершілігі, кең пейілі, жігіттігі, мәрттігі, сахнаға деген адалдығы, оза шауып бәйге алса тапырақтамайтыны, кейде астындағы аты шабандау шапса күйінбейтіні, өмірдегі болып жатқан әртүрлі әділетсіздік пен жөнсіздіктің бәріне санамен қарайтыны, “әттеген-ай” десе де азаматтығын жоғалтпайтыны қалыпты. “Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар” деген, адал адамның достары да көп болды. Ал Уәйістің шығармашылығын зерттеу болашақтың ісі. Қазір қазақ театр өнерін талдау, зерттеу, ғылыми тұрғыда теориялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жігіттің еңбегі соған лайық – өнері де ізгі, өмір жолы да ізгі. Мұндай азаматтар ұмытылмауға тиіс, ұмытылмайды да. Қазақ сахна өнері, қазақ театр өнері өлмесе, Уәйіс те өлмейді, – дей келе кешті ашқан Тұңғышбай Жаманқұлов жетімсіреген достық көңілін, мұңын, сырын “Достарым” әнімен жеткізді.
Уәйіс 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ы.Ноғайбаев пен профессор Р.Қаныбаеваның класы бойынша тәмәмдап, академтеатрдың актерлік тобына қабылданады. Онда алдыңғы аға, орта буын өнер саңлақтарынан тағылым алып, өзін өзі шыңдайды. Соның нәтижесінде, театр сахнасынан неше алуан образдар сомдап үлгерді. Оның актерлік қабілетінің биік деңгейі адам тағдырын дөп баса білетін шеберлігінен қашанда байқалып тұратын. Мәселен, “Қан мен тердегі” Қален, “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Қодар, Шекспирдің “Асауға-тұсауында” Гортензию, “Эдип патшадағы” Креонт, т.б. сияқты қадау-қадау рөлдер бұл сөзіміздің айғағы.
Уәйіс тек драма жанрында емес, ұлттық сатирада да өзіндік орны, бет-бейнесі бар, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген актер. Әсіресе, “Тамаша” ойын-сауық отауының көркемдік деңгейінің өсуіне өзіндік үлес қосты. Қазақ кино өнерінде де өз орны бар. Бұл арада “Ленфильм” түсірген “Қабыланның ізі” көркем фильмінде Коноптың рөлін сәтті алып шыққанын айтсақ та жеткілікті.
Өнер адамдарының жаны жайсаң, қашанда ойын-күлкі, қалжыңға жақын келеді емес пе. Уәйісті жұртшылық болса да комедия тарланы ретінде танығандықтан, кеште актердің өмірде де әзіл-қалжыңға жақын екендігін, жүрген жері, отырған ортасын қашанда күлкіге бөлеп жүретін қасиеттерін артынан ерген әріптес інілері, достары тамсана, үлкен құрметпен еске алды. Омар Қыйқым Уәкеңнің қызықтарын айтып, көрермендерді күлкіге қарқ еткенмен, “Алаулап күнім батар-ау, Арайлап таңым атар-ау, Барлығы өзі орнында, Театрым жайнап жатады-ау. Асығып кеткен ағалар, Бәрінен де жаныма, Сендердің жоғың батады-ау...” деп сөзін осындай күрсініспен аяқтады.
Сол кеште әркімнің жүрегінде өз Уәйісі сөйледі. Әсіресе, тұрған бойы әзіл-қалжың боп көрінетін Құдайберген Сұлтанбаевтың әңгімесі жиналғандардың езуін жиғызбады.
– Біле білсеңіздер, Уәйістің үзеңгілес, бірге жүрген шынайы досы Тұңғышбай емес, менмін. Өйткені, ол бірге оқыған жоқ, ал қасында көп жүрген Омар емес, менмін, – деп алдымен жұртты күлдіріп алып, сөз бастаған Құдекең Уәйістің ақкөңіл азамат болғанын, бір адамға сен деп айтып көрмегенін, достыққа адалдығын, дәмдес, сырлас, мұңдас болғанын жеткізді.
Жүздесуде Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед мырзаның осы кешке қатысушыларға ыстық ықыласын жолдаған қағазы оқылды, театрда да, “Тамашада” да бірге жүріп қызметтес болған талантты актриса Данагүл қарындасы да сағынышын білдіріп, ерке де серке ағасының тойына әннен шашу шашты. Кеш соңында Күршімнен келген ұстазы Тамара апайы, бауыры, қарындасы, жұбайы Шолпан мен артында қалған ұрпақтары сахна төріне шығып, кешті ұйымдастырушыларға, театр ұжымына, келген жұртшылыққа рахметтерін айтып, алғыстарын білдірді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.