Ұлттың сапа деңгейін көтеруде Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі орасан. Рухани көсемнің ЮНЕСКО көлемінде тойланған 150 жылдық мерейтойы елдігімізді танытты. Таяуда Ұлттық музейде Алаш ардақтысына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиын Ахметтің оқу-ағарту саласына қосқан орасан үлесі, аудармашылығы, ғылыми-зерттеу еңбектері мен тұлғаның ұрпақ үшін жасаған келелі істерін жан-жақты насихаттау, қазақ халқының аяулы перзентін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ұлттық музейдің «Қазақстан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасеновтің модераторлығымен өткен дөңгелек үстелге аталған музей директорының орынбасары Назгүл Қадарымбетова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының редакциялық баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ақын Бақытжан Тобаяқ, елордадағы А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі мұражайының жетекшісі Алтынкүл Момынқұлова, суретшілер Алмас Сырғабай мен Ренат Елубаев һәм басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынның алғашқы сөзін алған Ұлттық музей директорының орынбасары Назгүл Қадарымбетова Ақаңның ұлт жолындағы ғұмырлық еңбегін атап өтті.
«Тілдің міндеті ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» деп рухани көшбасшының өзі айтқандай, қаһарман ғалымның ұлт өркениетіне қосқан үлесі, ақындық сипаты, ұстаздық тағылымы орасан зор. Қоғам қайраткерінің жастайынан тағдырдың талқысын көріп өскені баршаға мәлім. Десек те Ақаңды өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Тау-тұлғаның қазаққа бергенін тағы 150 жыл жырласақ та таусылмас. Биылғы мерейтойы қарсаңында республика көлемінде де, шетелде де түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – ұлт ұстазының өшпес даңқының дәлелі», деді ол.
Осыдан ғасыр бұрынғы Ақаңның 50 жылдығы бүгінде аңызға айналды. Мерейтойдың өтуіне тікелей мұрындық болған Смағұл Сәдуақасұлы пен Мұхтар Әуезов екенін білеміз. Мерейлі күнде негізгі баяндаманы Смағұл Сәдуақасұлы жасаған. Сөз соңында «Ақа, біз Өзіңіз бастаған жұмысты жалғастырамыз» дегенде, жиналған жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсеткен деседі. Сол тойдың басы-қасында Елдес Омаров, Әбдірахман Байділдин, Ғалым Ахметов және басқа да қайраткерлер жүргені айтылады. Одан бөлек, Сұлтанбек Қожанов пен Серікбай Ақаев Ақаңды Ташкентке шақырып, мерейтойын атап өткені мәлім.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының редакциялық баспа басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ең алдымен, Ақаңның осы алғашқы мерейтойына тоқталды.
«Ақаңның есімі аталған тұста «тұңғыш» сөзі қоса жүреді. Жалпы бұрнағы қазақ мерейтой тойлау деген үрдіс болмаған. Ал осы мерейтойды көзі тірісінде алғаш көрген – Ақаң. Қазақтың бар зиялысы бас қосқан елу жылдығына тарих куә. Ұлт ұстазы мәдениет деген терминді жиі қолданған. 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркілердің съезінде жасаған баяндамасының көп бөлігін мәдениетке арнайды. Ақаң «Асылында, азаттықтың асылы, түбі – мәдениетте» деп санаған. Ұлт ұстазы айтқаны осы ұғым, міне, бүгінгі күнде де өзекті», деді.
Сондай-ақ ол мерейтой аясында Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстырылған төрт тілдегі (қазақ, орыс, түрік, ағылшын) Ахметтің таңдамалы шығармалар жинағын Ұлттық музейдің кітапханасына табыстады.
2020 жылы ел астанасындағы №48 мектеп-лицейге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген еді. Дөңгелек үстелге қатысқан аталған мектептегі мұражай жетекшісі Алтынкүл Момынқұлова ұлт көсемінің жас ұрпақ санасындағы рухани маңызын айтты.
«Біз Астана қаласындағы №48 мектеп-лицейі едік. Алты жыл бойы Ахметтің атын алуға талпындық. Екі рет мораторийге түстік. Балалар мектеп бітірген кезде тек №48 мектеп-лицейінің оқушысы деген атпен емес, адамдық диқаншысы, ғасыр саңлағы Ахмет Байтұрсынұлы атағын алса, сол тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерді сіңіріп, елдің малын емес, қамын жейтін азамат болса екен деп тіледік. Сол кездегі мектеп директоры Зәуре Садықова Еуразия Ұлттық университетімен – сондағы ғалымдармен бірге кеңесіп жүріп, 2020 жылы Ақаңның есімін алдық. Тұлғаның атын алған соң балаларға да рухани орын болсын деп мұражай ашуға талпындық. Екі жыл уақыт ішінде ізденіп, зерттеп, бес бөлімнен тұратын мұражай жасадық. Аса бір мақтанатындай жағдай жоқ, десек те істің басы бар», деді мұражай жетекшісі.
Еске салсақ, өткен жылдың қараша айында Үкімет арнайы қаулы шығарып, мерейтой ЮНЕСКО деңгейінде әлемнің бірнеше елінде аталып өтілетіні айтылып, комиссия құрамы бекітіліп, комиссия мерейтойға дайындық және оны өткізу жөніндегі 63 тармақтан тұратын ауқымды жоспар әзірлеген болатын. Сол жоспарға сәйкес Алаш қайраткерінің шығармашылық мұралары халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихатталып, Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үйі етіп ашу, Байтұрсын әулеті қорымының қоршауын жаңарту, Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін абаттандыру жұмыстары жүргізілуге тиіс-тін. Бұдан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясы көрерменге ұсынылды. Ал күзде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің барлық кезеңін қамтитын «Соңғы үкім» көркем фильмінің түсірілімін бастаған еді. Эфирден әлі көрсетілген жоқ.
Аталған жиынға әдебиетші, ғалымдардан бөлек суретшілер де қатысты. Алаш қайраткерлері сериясын циклға айналдырып, бейнелеп жүрген суретші-кескіндемеші әрі Ахметтің 150 жылдығы логотипінің авторы Алмас Сырғабай ұлт ұстазының көркем образы хақында сөз қозғады.
«Ақаң туралы өткен әр жиынның, айтылған әр сөздің салмағы тереңде. Осы мерейтойға суретшілер де белсене атсалысты. Көптеген іс-шарада, кітап мұқабаларында, Париждің төрінде де мен жасаған логотип қойылып жүр. Бұл маған, менің шығармашылығыма бір толқыныс алып келді. Жалпы, Алаш тақырыбына сериялы иллюстрациялар да салдым. Қазір әлеуметтік желілерде Ақаңның туған күні болса, түрмедегі суретін салып, насихаттап жатады. Суретші болған соң ба, бұл маған ауыр әсер етеді. Содан кейін ұлт зиялысының болмысын, образын заманауи форматта жасауды ойладым», дейді суретші.
Айта кетейік, дәл қазіргі уақытта Алмас Сырғабайдың еңбектері Қарулы Күштердің Әскери-тарихи мұражайында тұр.
Жиын барысында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған жуырда жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының төрт томынан бастап, тұлға туралы жазылған басқа да ғалымдардың кітаптары қойылды.