9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Самұрық-Қазына» қорының мамандары мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жұмысы туралы брифинг өткізді.
Еліміз жемқорлыққа жол бермейтін мемлекет құруды көздеп отыр, осыған орай осы қылмысқа қарсы іс-қимыл саясатын жан-жақты жүргізіп келеді. Әсіресе соңғы кездері халықаралық стандарттар негізінде қоғамның аталған кеселімен күресу мықтап қолға алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, қазір мемлекеттік, квазимемлекеттік органдар, корпоративтік, коммерциялық секторлар әлемдік тәжірибеде сыналып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді болған ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандартын енгізіп келеді. Аталған стандарт сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл стандартты енгізген кез келген ұйым «Парасатты компания» мәртебесіне ие болады, себебі мекемелердегі комплаенс қызметкерлер жемқорлықтың алдын алу іс-шараларын жүргізіп, оны болдырмаудың әрекетін жасайды. Себебі олардың қызметі мекеменің ішкі құжаттарын реттеп, дұрыс бағытқа қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.
«Соңғы екі жылда елімізде 185 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. 2021 жылы 89, осы жылдың он айында 96 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Оның басым бөлігі – мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қаржы жымқыру, пара алу фактілері», деді Саян Ахметжанов.
Ал «Самұрық-Қазына» қорының комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов: «Сыбайлас жемқорлық іс-шараларын болдырмауды ең алдымен, мекеме басшылары түсініп, қолға алуы қажет. Қазір елімізде 6118 сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі бар. Оның 345-і – орталық мемлекеттік, 5619-ы жергілікті атқарушы органда және 154-і ұлттық компанияларда жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры жемқорлық тәуекелдері бар қызмет түрлерінен бас тарта бастады. Мәселен, биыл біздер стандартқа сәйкес келмейтін бірнеше компаниямен еңбек шартын бұздық», деді.
Сонымен қатар С.Ахметжанов комплаенс офицерлер дайындаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, комплаенс офицерлер әрбір мекемеге қажет. «Ұйымдардағы комплаенс қызметтің 80 пайызы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздейді, ал қалған 20 пайызы жазалау шаралары», деді ол.
Жалпы, квазимемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізу бойынша міндет 2019 жылдың соңынан бастап заңнамалық тұрғыдан енгізілген еді, оның басты мақсаты – корпоративтік адалдық стандарттарының сақталуын бақылау.