• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2022

«Бүйрегім түбі мені жеп тынады»

290 рет
көрсетілді

«Естіген жоқ адамдар даусымды әлі,

Сенің отты құшағың қаусырғалы.

Поэзия шығандау бекетіне,

Ақиқат, құстай ұшқан жаушың бары»,

деп жырлаған айтулы ақын Бауыржан Үсеновтің бақилық болғанына да 31 жылдың жүзі болды.

Жылдар жылыстайды, уақыттың ырғағы кімге бағынған десеңізші? Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата топырағында Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыр­жан Үсенов, кейінгі буыннан Өрнек Құлекеев, Салтанат Абашова секілді шын мәніндегі талантты ақындар енді бүршік атар шағында фәниге қол бұлғап кете барды...

Жалыны бойында тасқындап тұрған шағында ортамыздан ғайып болған та­ланттардың қадіріне жете алдық па? Кім білсін? Серікті халық жадынан шы­ғарған емес. Інілері де жиі еске алып тұрады. Әрине, аз ғана адамдық аудиторияда. Алайда өзге ақындарымыз туралы сөз қозғайын десек, тілімізді тістеп қала береміз. Неге?

Өмірін өлеңмен өрген Бауыржан Үсе­новтің қай жырын оқысаңыз да, тұң­ғиыққа батып кетесің. Әскерден келген соң бұрынғы С.М.Киров атындағы мем­­лекеттік, қазіргі Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 10 жыл дегенде әрең бітірген талант дипломын қолына ұстады демесек, қызығын да көре алмады. Өлеңдерінде азаматтық сарын мен көңіл күй құбылыстарын, табиғат пейзажын шеберлікпен үйлестірген ақын аудандық газетте аз ғана уақыт еңбек етті де, дүбірге толы дүниеге қол бұлғап кетті. Оның «Бүйрек туралы жыр» деген өлеңінен ақын­ның ішкі жанайқайын, өзінің автобиографиясын, поэзияға деген шексіз құрметін аңғара түсеміз.

«Бір өксік алқымыма кеп тұрады,

Шулайды көңілімнің көк құрағы.

Бұйығып бүйрегімде бүлкілдеген,

Бүйрегім түбі мені жеп тынады».

Өлеңі арқылы өмір өрнектерін, тағ­дырдың сынағын ойлы оқырманына, жетелі жұртына дәл жеткізген ақын көп ұзамай бүйрегіне жабысқан дерттен бақилық болды.

«Бүйректен бөлінген у басқа шауып,

Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт

Мезгілсіз тасырқады өлеңім де,

Кезінде сынайтұғын тасқа салып.

 

Жарасар жастық шақта бәрі дедік,

Бірқатар дос дұшпанға мәлім едік.

Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,

Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.

 

Төгуші ем той думанда таңдайдан ән,

Білтесі бітетұғын шамдай жанам.

Елемей өткізіп ап жылым дертті,

Шыбықша қурағаның қандай жаман?!

Әйтеуір бір келеді қаза деген,

Кетеді соны ойласам, маза менен

Әйтсе де мойынсұнбай,

Қаламсабым

Қолымнан түскенінше жаза берем».

Бауыржан әулие ақындар секілді өзі­нің қанша жаста өлетінін дәл бол­жап өлең жазған жоқ. Алайда ішкі тра­гедиясын сыртқа қаймықпай көр­сет­кен жыр жолдарынан оның өз әле­мінде болып жатқан жанайқайын аң­ғару аса қиын емес еді. Ең бастысы ол өзі айтқандай, қолынан қаламы түс­­кенше өлеңге берген сертінен ай­ны­ған емес.

Уақытында Михаил Лермонтов бас­таған орыс ақындары Пушкиннің өлі­міне Дантесті емес, әйгілі ақынды келемеждеген белгілі бір тап өкілдерін кінәлаған еді. Жоғарғы таптың мазағы, масқаралауы деп те баға берген болатын. Әйтсе де, олар Дантесті ақтамайды. Дантесті де, екіжүзділікке бой алдырған тобырды да айыптайды. Ал біз бойын дерт жаулаған Бауыржанның сол кезде қасынан табыла алдық па? Дертіне дауа болуға тырыстық па? Риторикалық сұрақтарды мың құбылтып қоюға болады...

«Кеше ғана биікте ең,

Бүгін жатсың табанда.

Жапырақ-ау, жағдайың тимеді

оңай маған да!

 

Құлағанды биіктен

Кім сыйлайды бұл күнде?

Қансыраған жүректей жерде

жатып бүлкілде.

 

О, бүлкілде, бүлкілде,

Шірігенше бір тынба.

Ағаш сені не қылсын, қабығы бар

сыртында.

 

Бұтақ сені не қылсын, тамырлар

бар нәр берер,

Қыстай қатып,

Көктемгі жылылықпен әлденер».

Бұл – Бауыржан ақынның «Жапырақ жайлы бір өлең» деген жырынан бір ғана үзінді. Осы өлеңді оқып отырып, біздің шенеуніктер Баукеңді не қылсын деген ой келеді. Тәні жапырақтай жерге тапсырылғанымен, жанының айнасына айналған шығармалары жұрт жадында сақталатынына кім бас ауыртып жатыр осы? Шырттай киінген жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сыртқы келбеті бүтін көрінгенімен, іші түтін бе деп те ойлап қаласың. Өңірде идео­логия жағы ақсап тұр-ау... Әйтпесе, Жуалыда туып жұлдызы Алаш аспанында жарқыраған ақынды неге ұмыта береміз?

Кейде Бауыржан Үсеновтің «Қара машина» деген өлеңі еріксіз ойға орала береді.

«Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,

Көкейімде құпиям көп шешпеген.

Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,

Қара машина ап кетердей сескенем...» деп аяқтайды ақын сол өлеңінің түйініне айрықша екпін беріп.

Мүмкін Жамбыл облысы идеология­сының тізгінін ұстап отырғандар ақын Бауыржанды ұмыт қалдырғанына таңбыз. Әйт­песе, беймезгіл сөнген жұлдызда­ры­мыздың шығармаларын кітапхана дең­гейінен алып шығатын, үлкен дүниелер ұйым­дастыратын уақыт келгенін шынында да түсінбей ме екен?.. Шерағаңша бір кем дүние деп қысқа қайырайын десең, мың кем дүние алдыңда көлбеңдеп тұрып алады...

 

Жамбыл облысы