Таяуда облыс орталығында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, облыстық Науан хазірет мешіті, облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы тарихшылар қауымдастығы бірлесіп, «Хан ордасы Көкшетау: Кенесары – ұлттық қаһарман» тақырыбында ғылыми конференция өткізді.
Конференцияның басты мақсаты – Кенесары ханның қаһармандық тұлғасын ашу, ханға байланысты соңғы деректер хақында пікір алмасу. Бар ғұмырын ат жалында өткізген, Алаш жұртының тұтастығын көксеген Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкше топырағында дүниеге келген. Ханның қилы-қилы тағдыры жайында облыстық өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек кеңінен баяндап берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі Қуаныш қажы Жұмабайұлы құран оқып, дұғасын бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырды.
– Мұндай іс-шаралар қазіргі қоғамға оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз, – деді бас мүфти, – кейінгі ұрпақ өткеннің өнегесінен сабақ алуы керек. Ел қорғаған ерлердің есімдері халықтың жүрегінде, жадында болғаны жөн.
Конференция барысында жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, профессор Зиябек Қабылдинов Кенесары хан хақында толымды пікірлерімен бөлісті. Кенесары хан Ресей отаршылдығына қарсы азаттық соғысын бастамас бұрын бірнеше мәрте дипломатиялық қадам жасаған. Орыс патшасына Орынбор әскери губернаторына, шекаралық комиссияларға, сауда керуен басшыларына хат жолдап отырған. Алғашқы хаттары 1837 жылдың көктемінде жазылыпты. Онда патша өкіметінің жаңа бекіністер жүйесін салудан бас тартуы, бұрынғы салынған бекіністерді бұзуы, орыс әскерінің ішкерілей енуіне тоқтау салынуы қажет деген талап қойылған. Осы конференцияның ұйымдастырылуына мұрындық болған тарихшы ғалым Аманбай Сейітқасымовтың «Кенесары ханның хаттарынан» тақырыбындағы баяндамасы тың деректерге толы болды.
– Осындай хаттардың бірінде ата-бабамыздың мұра еткен Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Орал, Торғайға дейінгі жерлер патша тұсында бізден тартылып алынып, ол жерлерге бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін емес, бүгінгі өмір сүруімізге қауіпті деп көрсетілген, – дейді ғалым.
Бұл тұста отарлау саясатының озбыр жүйесі Алаш даласына екпіндей еніп, бағындыру үрдісін бастап кетіп еді. Бейбіт келісімге қол жетпегеннен кейін ақ найзасын қолына алуына тура келді. Конференция барысында ханның дана саясаткер, шебер әскери қолбасшы болғандығы да айтылды. Заманында жарты әлемді жаулап алған империядан сескенбей, қарсы шығуы асқан қайсарлық, баға жетпес батырлық. Болмысынан осындай баһадүрлік сезілетін Кенесарының ел қамын ойлап өксумен өткен өмірі жалпақ жұртқа өнеге болса керек. Жиналған қауым ер мен елдің өткені өрілген, ел сөзі айтылған жиында танымын кеңейтіп, тағылым түйді. Негізінде, төл тарихын терең тани білген елдің болашағы зор.
Көкшетау