Ұлттық банк биылғы 5 желтоқсанда базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін көтерді. Ал қазан айының 26-сында 16 пайыз болып белгіленген еді. Соған орай Аманжан Жамалов бастаған бір топ Мәжіліс депутаты Үкіметке сауал жолдап, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені осынша арттыруымен келіспейтіндіктерін білдіріпті.
Депутаттардың пікіріне қарағанда, базалық мөлшерлемені көтеру кредит мөлшерлемесін автоматты түрде өсіруге алып келеді және бизнесті қаржыландыруды қиындата түседі. Бұл шара тек екінші деңгейлі банктер мен депозитінде мол қаражаты бар адамдарға ғана пайдалы. Басқаша айтқанда, байлар байи түседі, ал кедейлер бағаның өсуіне байланысты тіпті кедейлене бермек.
Үкімет мәжілісмендердің аталған депутаттық сауалына қайтарған ресми жауабында Ұлттық банктің позициясын қолдайтынын мәлімдеді. Нақты айтсақ, Үкімет Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастырып отыр деп санайды. Шенеуніктердің ойынша, базалық мөлшерлемені арттыру тұрғындардың тұтынуын, яғни ішіп-жеуін, киім сатып алуын азайтып, артылған ақшаларын банктерде сақтауын ынталандыра түспек. Бұл көзқарас қазекемнің «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады, қоймай жесең, нең қалады?» деген нақыл сөзін еске түсіргендей. Ұлттық банк пен Үкіметтің осы «белбеуді тарта байлап, қоя жеуді» ұсынған саясаты ақшасы көптіктен аузы тамақтан босамайтын кісіге бек пайдалы болуы мүмкін, бірақ «көрпесі басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей», кедейліктен көп нәрседен тартынып, тіпті тойып тамақ та жемей, ашқұрсақ жүрген адамға қалай тиер екен?
Әрине, Үкімет аз қамтамасыз етілген азаматтардың жағдайын ойламай отырған жоқ. Ең төменгі жалақы биыл 17 500 теңгеге көбейтіліп, 60 мың теңгеге жеткізілгендіктен, 1,7 млн жалдамалы жұмыскердің жағдайы біршама жақсарды. Ең төменгі жалақы мөлшері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 10 мың теңгеге көбейтіліп, 70 мың теңгені құрайтын болады. Бұған қоса, жасына байланысты зейнетақы төлемдері 10,5 пайызға көтерілмек. Алайда Үкімет зейнетақыны инфляция деңгейінен 2 пайыз артық мөлшерде көбейтіп келген игі дәстүрін «естен шығарып» алған сияқты. Өйткені Ұлттық банктің болжамы бойынша биыл жылдық инфляция 20-21 пайыз деңгейінде қалыптасады, ал оның шарықтау шегі 2023 жылдың 1-тоқсанында болатын көрінеді. Тұтастай алғанда, келесі жылы инфляция деңгейі 11-13 пайыз шамасында болады деп болжанып отыр. Дегенмен, биыл әлеуметтік төлемдер, соның ішінде зейнетақылар да екі мәрте индексацияланғанын ескерсек, Үкімет келесі жылы да сондай қамқорлық жасайды деп дәмеленуге болар. «Үмітсіз – шайтан» деген ғой...
Оның үстіне, Үкімет қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жұмсалатын шығыстың бір бөлігін қайтару үшін «Әлеуметтік әмиян» механизмін енгізуді қарастырып жатыр. Ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылмақшы. Сондай-ақ тұрғындарды ақшалай емес қолдау шаралары да жоспарланыпты. Мәселен, Астана қаласы бойынша қанатқақты жоба ретінде 2 мемлекеттік қызметті көрсету қолға алыну үстінде. Олар – жалпы білім беретін мектептер оқушыларының кейбір санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыру, сондай-ақ азаматтардың кейбір санаттарына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды әперу. Бұл ретте Үкімет әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасыларды анықтап, дер кезінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында Отбасының цифрлы картасы мен «Әлеуметтік әмиянды» интеграциялауды көздеп отыр.
Әрине, бәрі де экономиканың жағдайы алдағы уақытта қалай болатынына байланысты. «Аузыңа – май» дегендей, Ұлттық банктің болжамы жаман емес. Биыл тау-кен өндірісін қоспағанда, экономиканың негізгі секторлары жылдам өсу үстінде. Ал тау-кен өндірісі саласында өнім шығарудың төмендеуі кейбір кен орындарын жөндеудің, сондай-ақ қалыптасқан логистиканың бұзылуының салдары екені белгілі. Жалпы, биыл ішкі жалпы өнімнің өсуі 2-3 пайыз шегінде болып, келесі жылы 3-4 пайызға дейін жетпек. Бұл мұнай өндіру біршама қалыпты болғанымен, бұрын болжанған сыртқы сұраныстың әлсіреуіне және кейде Қазақстан экспортын әлемдік нарықтарға жеткізуде туындайтын проблемаларға байланысты. Содан кейін ішкі жалпы өнімнің өсуі тұрақталады деп болжанып отыр. Мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты экспорттың өсуі, сондай-ақ үй шаруашылықтары тарапынан сұраныс қалыпты болған кезде инвестициялардың ұлғаюы негізгі қозғаушы күштерге айналмақ. Нәтижесінде, 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуіне байланысты инфляция 7-9 пайыз шамасында болады деген болжам бар. Одан әрі инфляциялық жағдайдың жеңілдеуіне және дәнді дақылдардың бағасы тұрақталуына қарай инфляция біртіндеп төмендеп, нысаналы бағдарға жетуге мүмкіндік бермек.
Ұлттық банк инфляция бойынша болжамды ескере отырып, базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындағанын мәлімдеді. Оның қазіргі деңгейін жеткілікті жоғары мөлшерде деп бағалап отыр. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы осы мәнде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге жағдай туғызбақ. Инфляцияны күрт ұлғайтатындай тосын өзгеріс болмаса, ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату ықтималдылығы төмен.
Ұлттық банк инфляцияның күшеюіне әкеп отырған факторлардың бірі – азық-түлік бағасының тым қымбаттап кетуі екенін атап көрсетті. Осы орайда мәжілісмен Аманжан Жамаловтың: «Өткен он ай ішінде азық-түлік инфляциясы 23 пайыздан асып түсті. Тіпті көк те қымбаттап кетті. Жақын арада әйелдерге гүл шоғын емес, аскөк немесе ақжелкен шоғын сыйлайтын шығармыз. Бұған тоқтау болмайтынға ұқсайды», деген сыни сөзінің жаны бар. Себебі Үкіметтің биылғы 15 ақпанда қабылдаған Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенінде ішкі нарықта отандық тауарларды көбейту, антимонополиялық реттеу, бөлшек сауданы қолдау, сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемесі 15 пайыздан асырылмауын қадағалау көзделгенімен, оның нәтижесі әзірге көңіл көншітпейді. Аспанға шарықтап бара жатқан азық-түлік бағасы – соның айғағы. Ендігі үміт – ішкі нарықты тауарлармен толықтыру және отандық тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесінде (ҰТЖ). Бұл жекеменшік көтерме-тарату орталықтары, көкөніс қоймалары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және басқа сауда ұйымдары қосылатын бірыңғай ақпараттық жүйе болып саналады. ҰТЖ сауда ұйымдарының өзара іс-қимылын үйлестіріп, өңірлер арасында өнімдер алмасу мәселелерін шешуге, баға белгілеудің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге, тауарлардың көлеңкедегі айналымын заңдастыруға мүмкіндік туғызып, тұтастай алғанда, оң макроэкономикалық әсер беруге тиіс. Бұл модельге бюджет қаржысы жұмсалмайтынын да айта кеткен ләзім. Тек осы бастама кейбір мүдделі тараптардың көрінбейтін кедергілеріне тап болып, созбаққа салынып кетпей, тезірек іске асырылғаны жөн.
Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы көбінесе тұрғын үйлер жанындағы дүкендерде тым қымбаттап кетеді деп санайды. Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялағандықтан, мемлекеттік органдар ондай ұсақ сауда орындарын өз бетінше тексере алмайды. Ал оларды жоспардан тыс тексеру Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 3-тармағына сәйкес тек тұрғындардан шағым түскенде ғана жүргізіледі. Осы мақсатпен Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің аумақтық департаменттерінде колл-орталықтар құрылған. Оларға түскен шағымдар бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тиісті құжаттарсыз сатып жүрген саудагерлер әшкереленіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жазаға тартылған. Бұған қоса, 48 адамның мемлекеттік кірістер органдарында тіркелместен, көтерме саудамен заңсыз айналысып жүргені анықталған. Демек, үйіміздің маңындағы дүкендегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін һәм инфляцияны тежеуге сәл де болса ықпал ету – біздің әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға да байланысты.