• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қаржы 20 Желтоқсан, 2022

Ұлттық экономика және базалық мөлшерлеменің өзгеруі

304 рет
көрсетілді

Кейінгі бірнеше ай бойы базалық мөлшерлеменің инфляция­мен күресте негізгі құралға айналғаны белгілі. Ұлттық банк­тің хабарлауынша, базалық пайыздық мөлшерлеменің өсуі кредитті қымбат ете­ді, ал халықтың несие­ні азырақ алуы түрлі тауар­ға деген сұранысты төмен­детеді. Сөйтіп, инфля­ция баяулауға тиіс. Әзірге бұл амал өз жемісін беріп жат­­қан жоқ. Дегенмен Ұлт­тық банк базалық мөл­­шерлемені өсіру сая­­са­тының ұзақмерзімді пер­с­пективада жемісті бо­ла­­тынын мең­зейді.

Биылдыққа базалық мөл­шер­­леме өсумен болды. 2022 жылдың 25 қаңтарында – 10,25 пайыз, 24 ақпанда – 13,50 па­йыз, 26 сәуірде – 14 пайыз, 26 шілдеде – 14,5 пайыз, 27 қа­зан­да 16 пайыз болып бе­кі­тілді.

Телеграмдағы ikapitalist каналы «базалық мөлшерлемені ұдайы өзгер­тудің соңы неге әкеліп со­ғады?» деген сауалға жауап із­деп көрген:

«Банктердің бизнеске арзан ақша жоқ болғандықтан несие бермей отырғаны белгілі. Өйт­кені базалық мөлшерлеме 60 пайызға жоғарылап кетті. Мемлекеттік бағдарлама бо­йын­ша жұмыс істеуге рұқсаты бар банк­тердің саны 10-ға жуық. Дағдарысқа дейін несие жыл­­дық 14-15 пайызбен кепіл­мен берілді. Сондықтан мем­лекеттік бағдарлама жыл­дық 9 пайызға жуық субсидияны шамалады. Соның нәтижесінде қарыз алушы үшін ақырғы мөл­шер­леме 6-7 пайызды құ­рай­ды деп ойлады.

Ақпанда Ұлттық банк база­лық ставканы 10,25-тен 13,5 па­йызға дейін көтерді және бұл бүкіл жүйені тығырыққа тіреді. Өйткені субсидия 8-9 па­йыз мөлшерінде есептелген, ал соңғы қарыз алушы жыл­дық 7 пайызбен алуы керек. Ал базалық ставка өсіп кеткен соң екінші деңгейлі банк­тер­дің ақшасы 3,25 па­­йыз­ға қымбаттады.

Енді банк несиелері жылдық 17-20 пайызбен (+3,25 пайыз) бері­ле бастады. 7 пайыздық мақ­сат­ты ставкаға жету үшін айыр­машылық бұрынғыдай 9 емес, 12+ пайыз болды (+3,25 пайыз), ал ақша 7 пайыздан жоғары ставкамен берілмеуге тиіс. Сөйтіп, мемлекет уәдесін орындай алмады және мемлекеттік бағдарлама б­о­йынша қаржыландыру тоқ­татылды. Банк мемлекетке өті­­ніш білдіріп, субсидия­ны 3,25 пайызға көбейтуді сұ­рай­ды. Бірақ бұл барлық мем­ле­­кеттік бағарлама көрсет­кі­шін на­шарлатады. Себебі ақша бұ­рынғыдан көбірек жұм­са­ла­ды, соған қарамастан күті­ле­тін нәтиже баяғыдай қала бе­реді», делінеді жазбада.

Пост авторының сө­зіне сү­йен­сек, осыдан соң минис­тр­лік өкіл­дері Пар­ламент­ке ке­ліп, мемлекет­тік машинада «бен­зиннің» азайғанын, соңғы нүк­теге дейін жетпейтінін айтады. Бұдан кейін мемлекеттік орган банктерден комиссияны төмендетуді талап етеді. Қаржы институты болса, минусқа жұ­мыс істеуге келіспейді, сөйтіп про­цесс тоқтайды. Бұған да бір­не­ше ай кетеді.

«Банктерге өндірісті қаржы­лан­дыру мақсаты бойынша келіп түскен өтініштер жауап­сыз тұра береді, ал жобалар тоқ­­­тайды, құрылғыларды са­­тып алу жүзеге аспайды, жа­ла­­қы төленбейді, қазынаға салық түспейді. Көріп отыр­ған­дарыңыздай, өндіріс жүріп жат­қан жоқ, тауар өндіріліп жатқан жоқ, шетелдік импорт жалғаса береді...

Халық пен бизнес шетел тауа­рын тұтынуды жалғас­ты­рады. Жаңа тауар өндіргісі келген немесе қазіргі бизнесінің ауқымын кеңейткісі келген, со­лай нарыққа отандық тауар­ды көбірек жеткізгісі келген жер­гілікті өндіруші күткен қал­пы отыра береді. Ақыры кә­сіпкерлер шығындарды қыс­қартып, жоба ауқымын азай­тады. Ол үшін жобалық-сме­талық құжаттарды өзгер­туге мәжбүр болады. Оған 3-4 ай уақыт жұмсайды. Одан кейін өзгертілген құжат жаңа мемлекеттік экспертизамен сәй­кестендірілуі қажет. Ол да 2-5 ай аралығында уақытты алады. Сосын барып банкке қайтадан келіп, әбден кесіп-ке­сіп азайтылған жобасына ақша сұрайды.

Сол сәтте Ұлттық банк тағы да база­лық мөлшерлемені 16 пайызға де­йін көтеруге қатысты ұсы­ныс білдіріп жатады. Көп өтпей тағы да көбейтетінін мә­лім­­дей­ді. Сонда не болады? Тағы да сол айналымға тү­се­міз. Шенеуніктер жүгіреді, түр­лі қа­ғазға қол қойылады... Со­ның бәрі шындап келгенде Қазақстанға тауар тасып, Қа­зақстан халқының және бюд­же­тінің ақшасынан несібе те­руді жалғастырып жатқан ше­т­елдік компаниялар үшін ғана пайдалы болады.

Бізде бүкіл мемлекеттік орган­ның мынадай шаруа­дан қолы тимейді – бір-бірінің қате шешімдерін одан әрі өркендетеді, сөйтіп қазақ­стандық бизнесті тұншық­ты­ра­ды, ал шетелдік бизнестің ты­нысын кеңейтеді. Бұл ара­лық­­та біз девальвациядан де­валь­­вацияға дейін өмір сүріп, шетелдің тауарын сатып алып, сырттан тамақ жей береміз», дейді автор.

Дегенмен таяқтың екі ұшы бар екенін әр кез естен шығар­маған абзал. Базалық ставканы көтеру дәл қазір мәжбүрлі және аса қажет әрекет. Бізде одан басқа қолдана қояр­лық тиімді құрал да болмай тұр. Прези­дент­тің Үкімет пен Ұлттық банкке тұтынушылық несие жүктемесін азайту тура­лы міндет жүктеп отырғаны бел­гілі. Қазақстандықтар қа­рыз­дарын төлей алмай ты­ғы­рық­қа тіреле бастады. Сол үшін жеке тұлға банкроттығына мүм­­кіндік беретін заң да қа­был­данғалы жатыр. Бұл орай­да ба­залық ставканың қым­бат­тауы және соған сәйкес несие пайызының да өсуі тиімді болмақ. Яғни азаматтар банк несиесінен бас тартады және қаржы табудың адал әрі тиімді басқалай жолын табуға тырысады. Ұлттық банк логикасына сәйкес несие аз рәсімделген соң нарықтағы сұраныс та тө­мен­деуге тиіс. Бұл өз кезе­гінде тауарлар бағасының арзандауына да әсер етпек. Базалық ставка қымбаттауының тағы бір оң тұсы – депозит тар­тым­­дылығы артады. Иә, бұл айтарлықтай серпінді кө­мек емес шығар, дегенмен аз да болса оңтайлы қадам. База­лық ставка өскендіктен, банк­тер депозит бойынша став­каларды жоғарылатады және азаматтардың салымы көбейеді. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың ай­туын­ша, маусым айынан бастап теңгедегі депозиттер әжептәуір артқан. Салым көлемі 30 трлн теңгеге жеткен. Бұл – тарихи максимум.

Әрине, қазіргідей қысыл­таяң кезде қандай да бір та­рап­тың қадамына қол соғу қиын-ақ. Дегенмен мәжбүрлі қадамның оң тұстарын да атап өткен артық болмайды. Түп­теп келгенде ел экономи­ка­сы база­лық ставканың жо­ғарылы-төменді зыр қа­ғуы­на тәуелді де болмас еді, егер өндіріс әу бас­тан жолға қо­йылған, жем­қор­лық жай­ла­ма­ған, экономика әр­та­рап­тан­ды­рыл­ған болса.

Ұлттық банктің ақша-несие саясатын қатаңдату циклы 2022 жылдың 5 желтоқсанындағы шешімімен аяқтала ма, әлде база­лық ставка тағы бір бас­қыш­қа жоғарылай ма, оны келер жылдың қаңтарында білеміз. Базалық пайыздық мөл­шерлемеге қатысты кезек­ті шешім 2023 жылдың 13 қаңтарында жарияланады.