Білім беру саласындағы терең, жан-жақты зерделенбеген сынақтар салдары қордаланған мәселеге ұласып, шешілу жолдары әлі күнге дейін тығырыққа тіреліп тұр. Нақты айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесі жиі реформалар жүргізілетін сынақ алаңына айналған.
Бұл ретте жоғары оқу орнында басшылық қызмет атқарған, бүгінде Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлымен сөйлесіп, аталған мәселе жөнінде пікірін білдік.
– Өкінішке қарай, 30 жыл ішінде қоғамның бәрі реформаға түсті. Соның ішінде реформаға ең көп түскен сала – осы білім беру жүйесі. Кезінде 90-95 жылдары бізге балабақша керек емес деген пікір кең етек алып, соның салдарынан 2 мыңға жуық балабақша талан-таражға түсті. Сол жылдары білім саласы құлдырап, айлықтың өте төмен болуы салдарынан бірқатар білікті ұстаздар базар жағалап кетті. Біз соның зардабын әліге дейін тартып келеміз. Негізінен мектепке 2007 жылдан бастап көңіл бөліне бастады. Осының дәлелі ретінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қолға алынып, аймақтарда мектептер мен ауруханалар кезең-кезеңімен салынды. Соған қарамастан осы білім саласына мемлекет тарапынан қаншама қаражат құйылып жатса да, жекелеген өңірлерде қазір де мектеп жетіспейді. Биыл 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдадық. Бұл бюджет бойынша 30 жылда қарастырылмаған қаражат белгіленіп, айқындалды. Мәселен, кезінде жылына мектеп салуға 100 млрд теңге бөлінсе, қазір 2023 жылға мектеп құрылысына 500 млрд теңге бөлініп отыр. 2024-2025 жылдарға арналған кезеңдерге 850 мыңға жуық оқушыны қамтамасыз ететін мектеп салынады, оны қаржылық тұрғыдан есептегенде 2 трлн теңгеге жуықтайды, – деді сенатор сөз орайында.
Жалпы, білім саласына қатысты бірнеше реформа жасалды. Соның бірі орта мектепке жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстық орын алды. Бас-аяғы 4 жыл ішінде 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап шығып, шексіз реформалар тәжірибесін ұсыныппыз. Дәл қазіргі кезде мұның тиімділігін айту өте қиын. Олай дейтініміз, оқу құралдарын бірнеше мәрте басып шығару ісі оқу стандарттарын үздіксіз өзгертуге әкеліп соқтырды. Мысалы, кейінгі бес жылда «Білім туралы» заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2000-2017 жылдар аралығының өзінде білім беру стандарты 7 рет өзгеріп, әр өзгерту сайын оқулықтар жаңартылған. Мұның артында қыруар қаржылық шығын тұрғаны және анық. Осы мәселелермен қатар, орта мектептерде білікті кадр жетіспеушілігіне қатысты істің әлі бір ізге түспегені көңілді күпті етеді. Оның олқы тұстары 1990-2000 жылдар кезеңінен бастау алды. Сол кезеңдерде төменгі балл алған мектеп түлектерінің мұғалім мамандығын таңдауы салаға біраз салдарын тигізді, солардың бірқатары қазір де мектептерде сабақ беріп жүр. Олардың қатарында жоғары оқу орнын сырттай бітіргендер де бар. Ал енді осы мәселені түбегейлі зерттеп, одан нақты қорытынды шығарып жатқан кім бар?!
Оқу-ағарту министрлігінің былтыр тамыз конференциясында келтірген дерегіне жүгінсек, қазіргі кезде оқу үлгерімі төмен 500 мыңға жуық бала бар. Бұл кезінде мектепте нашар оқығандардың бүгінде мұғалім болып қызмет атқаруының әсері емес пе екен деген заңды сұрақ туындайды. Бұл – бір. Екіншіден, жоғары оқу орындарында педагог мамандарын ақылы негізде даярлауды доғаруымыз тиіс. Себебі нашар оқығандардың педагог мамандығын ақылы негізде білім алуына жол ашылып отыр.
Білім саласындағы келесі проблеманың бірі – жұмысшы мамандығын даярлау ісі. Мемлекет кейінгі төрт жыл бойына жыл сайын 21 мың адамды жұмысшы мамандығына даярлауға тапсырыс беріп келеді. Былтыр оның саны тіпті артқан. Дегенмен жұмысшы мамандарын даярлап жатқан бірқатар колледждің материалдық-техникалық базасы өте нашар және олар жұмыс берушімен тәжірибе алмасуын жеткілікті дәрежеде жолға қоймаған.
– Біз 2021 жылы «Ғылым туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Бұл – дұрыс шешім. Осыған қарамастан ғылым саласына қатысты қойылатын талаптарға шектеулер бар. Айталық, магистр мен Phd атағын иелену үшін шетелдің ғылыми басылымдарында ғылыми еңбек жариялануы керек және бұл ақылы негізде жүзеге асырылады. Оның ақысы қымбат. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика, психология, отандық тарих және экономика сияқты пәндерге байланысты шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялаудың қажеттілігі жоқ деп санаймын. Егер олар сол басылымдарға әлгі мақаласын жариялай алмаса, ғылыми атағын қорғай алмайды. Шетел басылымдарында ғылыми мақалалардың жариялануын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ еліміздің басылымдарында сол мақалалардың шығуына шектеу қоймау керек. Себебі мұның салдары заңсыз әрекеттің белең алуына әсерін тигізуде. Былтыр жазда Шымкент қаласында жалған магистр дипломын алғандар – осы сөзіміздің дәлелі. Олардың бұл іске амал жоғынан барғаны мәлім. Бір жағынан магистр дәрежесі барларға мектептерде қосымша ақы төленетіні жекелеген тұлғаның қызығушылығын туғызады.
Жалпы, 30 жыл ішінде түк жасалмады деу әбестік болады. Осы мерзім аралығында тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп болды. Кеңес одағын аңсағандай болармын, бірақ ақиқатында сол уақытта фундаментальды білім беру жүйесі өте күшті болды. Алайда одақ құрамынан шыққаннан кейін, алдымызда білім саласы бойынша қай жолды таңдау қажеттігі туралы маңызды міндет тұрды. Ол үшін әр мемлекеттің білім беру жүйесін сараладық. Түптеп келгенде, Болон білім беру жүйесін таңдадық. Бұл әлемдік білімдердің үдерісі дегенді білдіреді. Яғни бір мемлекеттен алған дипломыңыз басқа мемлекетте жарамды болады деген сөз. Бұл ретте Қазақстаннан алған жоғары білім кез келген Еуропа елдерінде және басқа да мемлекеттерде мойындалуы керек. Алайда бізге келіп жеткен мәліметтер бойынша, шетелде біздің диплом қайта дәлелдеуді қажет етеді екен. Осыған байланысты Болон білім беру жүйесін әлі де жетілдіру мәселесі өзекті күйде қалып отыр. Мұның салдары балаларымызды фундаментальды білімнен айырған жоқ па екен деген де ойға жетелейді, деді М.Бақтиярұлы.
Еуропа жастарының басым бөлігі ең алдымен орта арнаулы білім алуға маңыз береді. Осы оқу орнын бітіріп, сала бойынша шеберлігін шындаған соң ғана жоғары білім алуға ден қояды. Ал бізде 2021 жылы мектеп бітіргендердің 80 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына құжат тапсырған. Қалғаны колледжге бағын сынап көрді. Мұны пайыздық мөлшер бойынша Еуропа мемлекеттерімен салыстырсақ, біздің көрсеткіш олардан асып түседі. Еуропа мемлекеттерінде жоғары білім алатындар 30-40 пайыз аралығын ғана қамтиды. Мәселен, бізде жылына 500 мыңдай адам жоғары оқу орындарына түседі. Жыл сайын оның 120 мыңдайы жоғары оқу орындарын бітірсе, 40-45 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша қызмет етеді. Ал олардың ішінде грантпен оқып, өз саласы бойынша жұмыс істемей, білім грантына бөлінген қаржыны ақтамай отырғандар жетерлік. Бұл ретте мемлекет тарапынан жыл сайын жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарына бөлінетін білім гранттарының көлемі ұлғайып келе жатқанын да ескеру қажет. Осы мәселені қорыта келгенде, оқу орындарын тегін түрдегі білім гранттарымен бітіргендер ішінде қайсысының жұмысқа орналасқанын анықтайтын, сондай-ақ олардың мемлекет қаржысын ақтағандығына қатысты мәліметтерді зерделейтін кез келіп жетті.
Білім саласындағы проблемалармен қатар, нәтижелі істердің барын жоққа шығармаймыз. Кезінде жекелеген әкімдіктер мұғалімдерді «қолбала» ретінде жұмсап, олардың тікелей міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды мойынына жүктеп қойды. Осы және басқа да олқылықтарды реттеу мақсатымен елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бірінші кезекте осы заң арқылы мектеп мұғалімдерінің құқы қорғалып, олардың мәртебесі анықталды. Бұл заңның сәтті қабылдануына бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің де үлесі болғанын атап өткен жөн. Ол орта мектептерде 15-25 жыл бойы директор қызметінде отырғандарды ротация жасау арқылы кезең-кезеңімен орындарынан ауыстырды. Енді мектептерде ұзақ жылдар бойына қатардағы мұғалімдіктен әрі аспаған ең тәжірибелі қызметкерлердің лауазымын өсіруге назар аударса деген тілек бар.
Ұстаз – ұлы тұлға. Оларға қарап шәкірттер бой түзейді. Сондықтан ұстаздың әлеуметтік мәселесі алдымен шешілуге тиіс. Кейінгі жылдары айлық табысы сатылап өсіп жатқаны көңіл қуантқанымен, білім саласы бойынша жоғарыда атап өткен түйінді мәселелер уақыт оздырмай шешілу қажеттігіне ерекше назар аудартады.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,
журналист