Астықты аймақтардағы ахуал алаңдатарлықтай
Былтыр 20 қарашада болған Президент сайлауында жеңіске жетіп, жетіжылдық мерзімге сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жарлығын ауылды өркендетуге арнап, Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырғаны мәлім. Осы орайда құзыретті мемлекеттік органдар басқа салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығында жалақы мөлшері төмен екендігіне назар аударып, оның себебін анықтап, тиісті шара қолданса, құба-құп.
Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша орташа айлық жалақы – 250 311 теңге, ал ауыл шаруашылығында небәрі 150 705 теңге болды. Осы статистикалық көрсеткіштің өзі де шынайы жағдайды бейнелемейтін, ауылдықтардың көбінің езулеріне күлкі үйіретін «цифрмен ойнау» екені анық. Әсіресе, экспортқа миллиондаған тонна сапалы бидай мен ұн шығарып отырған негізгі астықты аймақтардағы орташа жалақы республикалық деңгейден едәуір төмендігі ойландырмай қоймайды. Мәселен, оның мөлшері Ақмола облысында – 203 006 теңге, Қостанай облысында – 201 923 теңге, Солтүстік Қазақстанда 187 501 теңге болған. Ал аталған облыстардың ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы өңірлік орташа жалақыдан шамамен 40 пайыздай кем.
Өкінішке қарай, түгін тартса майы шығатын құнарлы жері, жұпар шашқан ақ қайың шоқтары мен балығы шоршыған айдын көлдері көздің жауын алатын табиғаты көркем солтүстік өңірлер тұрғындарының саны жылдан-жылға азайып барады.
Бұл теріс үрдісті Үкімет кейінгі жылдары жүзеге асырып келе жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті түрде қоныс аудару және шетелдерден атажұртқа оралған қандастарды квота бойынша орналастыру бағдарламалары тоқтата алған жоқ. Бәрінен де елдің шетінде, желдің өтінде жайғасқан Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай дабыл қағарлықтай. Қызылжар өңіріндегі ауылдардың түтіні біртіндеп өшіп жатыр. Нақты айтсақ, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 673 ауыл бар еді. Арада өткен бес жыл ішінде олардың 38-і жабылып, картадан алынып тасталды. Бұл аздай, қазіргі 635 ауылдың 328-і тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмей, «келешегі жоқ» деген қатаң үкім кесілгендей болып отыр.
1999 жылы жүргізілген Ұлттық санақ қорытындысы бойынша Қызылжар өңірінде 725 980 адам тұрған болса, арада өткен 23 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны 188 932 адамға азайып, 2022 жылдың басында небәрі 537 048 тұрғын қалыпты. Солтүстікқазақстандықтар басқа өңірлерге, әсіресе Ресей Федерациясының көршілес облыстарына көшіп кетіп жатыр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, мұның басты себептері – басқа өңірлермен салыстырғанда облыста жалақының аздығы және тұрмыстық жағдайдың төмендігі екені даусыз. Ал қай кезде болсын бағасын жоймайтын өнім – астықты мол өндіретін өңірде жалақы неге мардымсыз?
...Осыдан он шақты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрында өңір активінің жиналысы болып, онда ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Мінберге алғашқылардың бірі болып шыққан беделді шаруашылық басшысы: «Қазір ауылда механизатор табу проблемаға айналды. Зейнет демалысына шыққандардың орнын басатын кадр іздеп әуреміз. Жастар тракторға жолағысы келмейді. Көпшілігі оңай жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандары селеңдеп бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Үкімет осыны неге ойламайды?!» деді даусын көтере. Оның пікірін бірнеше әріптесі қолдап: «Иә, ауыл жастарының жұмыс істегілері келмейді», деп жарыса «жылады». Содан соң сөз кезегі Тайынша ауданындағы жақсы жетістіктерімен аты шыға бастаған «СТЕМ» ЖШС директоры Сергей Звольскийге тиді.
«Мен жастар жұмыс істегісі келмейді деген пікір айтқан әріптестеріммен келісе алмаймын. Сіздер өз шаруашылығыңыздағы механизаторларға қанша жалақы төлейтініңізді неге айтпайсыздар? Әрине, уақтылы жер жырту, тұқым себу, егінді арамшөптерге қарсы өңдеу, астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін жанталасатын ауыр жұмысты 30-45 мың теңгеге (ол кезде 200-300 АҚШ доллары – К.М.) кім істегісі келеді?! Ал қазіргіден бес-алты есе көп жалақы төлесеңіздер, диқан боламын дейтін жас жігіттер табылатынына кепілдік беремін. Мысалы, біз өз шаруашылығымызда мәселені осылай шештік. Сондықтан бізде кадр тапшылығы жоқ. Жастарымыздың көбі ешқайда кетпей, туып-өскен ауылында қалып, жермен жұмыс істеп, табыс тауып, отбасы құрып, бақуатты өмір сүріп жатыр», деді Сергей Адамович.
Кейін кездесіп, сол жиынды еске түсіргенімізде ол: «Бұл әңгіменің сіз білмейтін жалғасы бар, деп күлді. – Жиналыс аяқталған соң «жастар жұмыс істегісі келмейді» деп кейінгі ұрпаққа кінә таққан қадірменді ағамыз мені өзі іздеп келіп, көзін ежірейтіп: «Балақай, сен ендігәрі менің сөзімді бекерге шығарушы болма! Сен менің қасымда кімсің?! Түсіндің бе?!» деп жекіді. Міне, осылай қоғамдағы «ауа райын» жасайтын «көкеміз» бар...».
Біз сол «көкеміздің» кейінгі кезде кеудесіне «нан пісіп»: «Мен – бүгінгі помещикпін» деп, мақтанғанын талай естігенбіз. Өкінішке қарай, қазір облыста, басқа өңірлерде де осындай «помещиктер» аз емес. Әрине, олардың бір кезде экономикасы құлдырап, банкрот болудың алдында тұрған шаруашылықтарды ойдағыдай басқарып, дамытқанын бекерге шығаруға болмайды. Алайда уақыт өте келе тек өздерінің баюын ойлап, қарамағындағы жұмыскерлерге лайықты жалақы төлемей, тиын-тебен ұстатып, алдарқатуға көшкендері белгілі. Бірақ қазіргі жастар ондай алдауға көнбейді. Қалаға көшіп, әртүрлі жұмыс атқарып, көбірек ақша тапқанды жөн санайды. Алыс-жақын шетелдерге барып, маңдай терлерін төге жұмыс істеп, қомақты жалақы алғанды да құп көреді.
Демек, ауылдағы жұмыс берушілердің, әсіресе өткен ғасырдың 90-жылдарындағы жаппай жекешелендіру кезінде кеңшарлар мен ұжымшарлардың мүлкін ретін тауып иемденіп, бүгінде миллиондаған доллар байлық жинап алса да, түскен табысты жұртпен әділ бөліскісі келмейтін кәсіпкерлердің жалдамалы жұмыскерлерге лайықты жалақы төлеуі мәселесін майшаммен қарайтын мезгіл жетті. Бұл ретте әуелі ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру керек. Әрине, былтыр бұл бұрынғы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілді, ал биыл 70 мың теңгеге дейін өсірілді. Дегенмен қазіргі бой бермей тұрған инфляция жағдайында 70 мың теңге де аздық етеді. Бұған қоса, шаруашылықтардың табысын бөлу мен еңбеккерлерге жалақы төлеу мәселесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізіп, тәртіп пен талапты күшейткен жөн. Ал оның орындалуын бақылауды күшейту үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының жанынан құрылған кәсіптік одақтардың рөлін де арттыру керек.
Солтүстікқазақстандықтардың Ресей өңірлеріне жиі қоныс аударуының тағы бір себебі – оларда бұрынғы кеңес одағы кезінде белгіленген аудандық коэффициент сақталғандықтан, тұрғындардың табыс деңгейі едәуір жоғары. Мәселен, өңірмен көршілес Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарының тұрғындары жалақыларына 15 пайыздық үстеме алып отыр. Жұрт оны «солтүстік коэффициенті» деп атап кеткен. Демек, тұрғындары қатаң климаттық жағдайда өмір сүріп жатқан Солтүстік Қазақстан облысына аудандық коэффициентті қайтаратын кез жетті деп ойлаймыз.
Солтүстіктің жеті айға дейін созылатын қатал қысында тұрғын үйлерді көмір жағып жылыту күйбеңі де солтүстікқазақстандықтарды жайлы мекен іздеуге мәжбүрлеп отыр. Оларды әсіресе көршілес Ресейдің Түмен, Қорған және Омбы облыстарының газдандырылған елді мекендері қызықтырады екен. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесі жиырма шақты жылдан бері созбаққа салынып, шешілер емес. Басында Қостанай облысы сияқты, Солтүстік Қазақстанды да Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу ұсынылғанмен, бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау таппаған.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 17 маусымда болған еліміздің газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын толық газдандыру қажеттігін айта келіп: «Бұл – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Кемінде екі тәсіл бар: «Сарыарқа» магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Екі нұсқаның да өзіндік плюсі мен минусы бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиісті», деген болатын. Алайда содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, бұл маңызды мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданған жоқ.
Міне, осындай көкейкесті мәселелер Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып, нақты шешімдері айқындалса, игі.