Алашқа құрмет – ауылдан
Алаш қаһармандары туралы ең алғаш көзі ашық, көкірегі ояу ата-әжелеріміздің аузынан естідік. Қуғын-сүргін көрген атамның әңгімесін бүкіл ауыл ұйып тыңдайтын. Әсіресе 90-жылдардың соңында көп ауылда не жарық, не байланыс жоқ, кешқұрым үлкендер алқақотан жиылып, малдас құрып, тарихи әңгіме-дүкен бастайтын. Тыңдарманын жалықтырмай, құлақ құрышын қандырып, зор махаббатпен баяндайтын кеудесі көмбе, көнекөз ақсақалдардың бауырында жатып, рухты сөздерін санаға тоқып, сүйегімізге сіңіріппіз.
Жетісудың тарихи Қапал-Ақсу өңірінде туған біздің маңдайымызға Торғайда оқу жазылған екен. Алаштың тұғырлы тұлғалары туған қарт Торғайдың боз жусанды даласына аунап, ұлысымыздың қатпарлы тарихын білуге деген ізденісімізді бастаған кезімде ұстазымыз, қазақтың аймаңдай азаматы Айбек Қалиев дипломдық жұмысына «Түрмеде жазылған Алаш жырлары» тақырыбын бекітіп, қиын да жауапты салаға жетектеп қосқан-ды.
Оқуға түскен жылдары доцент Ардақ Абдуллина апайыммен бірігіп «Қайраткер, ғалым, қаламгер Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасы» атты зерттеу жұмысын жазып, Алашты тану, зерттеу, дәріптеу жолына бағыт бұрыппыз.
Елордаға келіп, магистратурадағы білімімізді жалғастырған соң, Еуразия ұлттық университетіндегі жетекші алаштанушы-ғалымдардың алдын көріп, үлкен ғылым мектебінен өттік. Алаш тұлғаларына деген сүйіспеншілігіміз үдеп, ынтамыз одан әрі арта түсті. Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Аққұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Ербол Тілешов, Амантай Шәріп, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер сынды ұстаздардан дәріс тыңдап, сұхбаттас болып, Алашты танып қана қоймай, болмыс-бітімімізбен соларға ұқсауға тырыстық.
Арқалықтан басталып, елордамен жалғасқан зерттеушілік жолымызда хал-қадари «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме әдебиеті және эмиграция», «Түрме әдебиетінің тарихы», «Алаш сөзі», «Жарық сәуле», «Сөз-сәуле», «Барлыбек туралы бірер сөз...», «Жетісудағы «Алаш» мектебі», «Абай және Алаш» секілді бірқыдыру кітаптар жазып, оқырман назарына ұсындық. Асылында, Алаш тұлғаларының ғибратты ғұмырын, өнегелі істерін жастар мен жасөспірімдерге дәріптеу үшін, ұлттық санамызды қалыптастыру үшін қолымыздан келетін жұмыстың бәрін істеуге мүдделіміз. Әділетті Қазақстанда ұлт тарихын, зиялылар тағдырын кең зерттеу күн тәртібіне қойылғаны қуантады.
Иә, Алаш мұраты, Алаш таңбасы киіз туырлықты ауылдан басталып, қырдың иісі сіңген қалада жалғасты.
Жас ғалымдар мінбері
Қазір көп саяси қайраткерлер Алашпен мақтанады, Алашты үлгі етеді, бірақ, шындығын айтсақ, осының бергі бастауында «Ақ жол» партиясы тұр. Осы саяси жас платформа алаштанушы-ғалымдарды даярлауға мол үлес қосып келеді. Аталған партия жыл сайын «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқау өткізеді. Осы байқау талай Алашқа ынтық жүректің көзін ашып, тұсауын кесті. Біз де осы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Алаштың Ақ жолы» сыйлығының лауреаты атанып, сол ұйымға жұмысқа қабылдандық.
2016 жылы партияның идеология бөлімінде аға сарапшы қызметін атқарып жүрген кезімізде құрылым басшысы, қоғам қайраткері, танымал журналист, Алаш жанашыры Сәбит Байдалыдан көп тәлім алдық. Марқұм Сәбит Жүнісбекұлы жастармен жұмыс істегенді ұнататын. Бірде ағамыз: «Елдосжан, Астанадағы барлық жас алаштанушылардың басын қосып, жиналыс өткізейік. Партия жанынан жас ғалымдар клубын құрайық!» деп ұсыныс айтты.
Көп ұзамай «Алаш алқасы» клубы құрылды. Төрайымына – әріптесім Алма Сайлауқызы, орынбасарлығына мені сайлады. Клуб 2016, 2017 жылдары Алаш тақырыбындағы келелі мәселеге арналған үш ірі жиын ұйымдастырды. Сол жылдары Сәбит Жүнісбекұлы қатты сырқаттанып, Алаш мінберін қайта жаңғыртамыз деп жүргенде, өкінішке қарай, бақилық болды. Сосын, бұл клубтың жұмысы тоқтап қалды...
Бес жыл бұрынғы талпыныс
Осыдан бес жыл бұрын, тура Алаштың 100 жылдығы аталып жатқан мерейлі сәтте иықтас достарымыз Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы үшеуіміз ақылдаса келе, республикалық деңгейде Алаш мұратын насихаттайтын «Qyr balasy» білім, ғылым қоғамдық қорын құрған болатынбыз. Мақсатымыз – артында іздеушісі жоқ, жоқтаушысы кем тарихи тұлғаларының есімдерін ұлықтап, бүгінгі жастар мен жасөспірімдерге өнеге етіп, тұғырын биіктету. Міндетіміз – алыс-жақын шетел архивтеріндегі қазақ халқына тиесілі құжаттарды, әдеби-мәдени мұралар мен жәдігерлерді отанымызға қайтару, тарихымыздың жоғалған, жыртылған беттерін түгендеу. Осындай үлкен мақсат пен міндетті белгілеп, үлкен аманат арқалап, жанымызға талағының биті бар жастарды жинауға кірістік.
Қор құрылған жылдары Алма Сайлауқызы, Қарлығаш Әубәкір, Еркін Ерланұлы, Бүркіт Нұрасыл, Алтынбек Құмырзақұлы сынды жас ғалымдар ғана мүше болатын. Осы есімдері аталған замандастарымыздың бәрі Сәбит Байдалы тұсауын кескен «Алаш алқасы» клубының жасақтары еді.
Қор құрып, үлкен жұмысты қолға алған соң, еліміздегі қалталы азаматтардың табалдырығын тоздырып, қала кезіп, ел-жерді аралай бастадық. Қарағандыдағы «Нәтиже» компаниясының басшысы, ірі кәсіпкер Ерлан Әшім, Астанадағы «Еl-qurylys» компаниясының президенті Айзат Назарбаева, «Aluma» ЖШС басшысы Қанат Сембаев, Алматылық «Жаркент құрылыс» компаниясының басшысы Жалғасбек Алтынбеков, шымкенттік меценаттар Әбдіжәмит Сыздықбеков, Қалдыбай Дәулетов сынды жомарт жандардан қаржылай қолдау тауып, ісімізді дөңгелете бастадық. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, әуелде қорқа-қорқа бастаған едік, сосын шығарған баспа өнімдерін сатып, қаражат табуды, ақша үнемдеуді ұғынып, тәжірибе жинадық.
Қордың жанынан «Qyr balasy» баспасы мен «Әлихан Бөкейхан – Алаш ғылыми-зерттеу институтын» ашып, жұмысымызды жүйелендіріп, бағытымызды бір арнаға түсірдік. 2017–2022 жылдар арасында қорымыздың баспасынан «Алаш кітапханасы» сериясымен Барлыбек Сырттанұлы, Ғазымбек Бірімжан, Абдолла Байтасұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Сейдәзім Қадырбай, Біләл Сүлейұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Малдыбайұлы сынды есімдері белгісіз қалған ұлт мақтаныштарының өмірі мен шығармашылық мұрасы алғаш рет жинақталып, еңбектері өз алдына бөлек кітап болып басылды. Мұның сыртында институтымыздың ғылыми қызметкерлері Заңғар Кәрімханның «Толағай (Шығыс Қазақстандық Алаш зиялылары туралы толғаныс)», «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер», Ерден Нұрахметтің «Алаш арысы. Біләл Малдыбайұлының өмірі мен шығармашылығы», «Ақмолалық Алаш зиялылары», Әлібек Байболдың «Ақын Төребай Есқожаұлы» кітаптары да жарияланды. Алдағы жылы осы серия негізінде профессор Тұрсын Жұртбайдың «Мағжан», жазушы-ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың «Ағайынды Әділовтер тағдыры», балалар жазушысы Арасанбай Естеновтің «Алаштан қалған аманат», профессор Сәкен Өзбекұлының «Арыстары Алаштың», жас ғалымдар Қарлығаш Әубәкірдің «Дәмелі. Жүсіпбек Аймауытұлының әдеби аудармалары», Еркін Ерланұлының «Алаш меценаттары», Абай Мырзағалидың «Алаш мұғалімі Мейірман Ермектасұлы», «Молдағали Бектұрлыұлы», Данияр Ихсанның «Ғазымбек Бірімжан», Заңғар Кәрімханның «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет», Алтынбек Құмырзақұлының «Науан хазірет» кітаптарын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Қор мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арналған «Құлыншақ» антологиясын, «Жетісу жауһарлары», «Жетісу жұлдыздары» кітапшаларын жазып, жас достарымызға ұсынған болатын. Биыл, балалар аудиториясы үшін «Ұлтымның өр тұлғаларынан ұлағат аламын...» сериясымен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай сынды 30 ірі тұлғаның өмір жолы туралы кітаптар дайындап шықты.
2023 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Байбатыр Ержанұлы, Жұмахан Күдеріұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Мәннан Тұрғамбайұлы, т.с. арыстардың шығармалар жинағы басылып шығып, зерделі оқырманның олжасына айналғалы тұр.
Институт басшысы Ұшқын Сәйдірахманның ұйымдастыруымен академиялық курстарымыз басталды. «Ескі жазу» (Абай Мырзағали мен Ақжол Қадылбекұлы), «Ғылыми-зерттеу жұмысын жазу әдістемесі мен техникасы» (осы жолдар авторы), «Шығармашылық жұмыс әдістемесі» (Әлібек Байбол), «Архив, сирек қорлармен жұмыс істеу әдістері» (Еркін Ерланұлы, Ұшқын Сәйдірахманұлы) курстарымен қатар академиялық орыс тілі, ағылшын тілі, түрік тілі сабақтары тұрақты жалғасып, студенттер мен жаңадан қосылған мүшелеріміздің дүниетанымын, көзқарасын кеңейтпекпіз.
Қазір «Qyr balasy» қоры жалпы мүшесінің ұзын-саны – 113 адам. Осы жастардың арасынан Ақжол Қадылбекұлы, Ерден Нұрахмет, Данияр Ихсан, Әйгерім Нұржанқызы, Жауынбай Жылқыбайұлы бастаған үміттілер тобының есім-сойы халыққа біршама таныс. Қор мүшелерінің арасында танымал суретші, иллюстратор Алмас Сырғабай, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, талантты кескіндемеші Назерке Ишанова, білікті баспагер Дидар Естенова, белгілі жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, талай әдеби байқаудың жеңімпазы Әлібек Байбол сынды азаматтар да бар. Әлібек Алаш боздақтарының өмір жолынан сыр шертетін пьеса жазса, Алмас пен Назерке зиялылар өмірін баяндайтын комикс жанрындағы суреттер мен портреттер салып жүр.
Институт директоры Ұшқын Сәйдірахманның есімі де көпке белгілі. Бұрын көзіқарақты ағайынға Ұшқын «Алаш баспасөзі», «Алаш басылымдары» көптомдық кітаптарын құрастырып, дайындаған зерттеуші ретінде танылса, қазіргі уақытта режиссер Мұрат Есжанмен бірігіп Алаш галереясын киноиндустрия арқылы насихаттап, жаңа мүмкіндігін көрсетті. Ол – «Ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып. Оян, қазақ!» көп сериялы фильмдерінің әдеби-ғылыми кеңесші әрі редакторы. «Алаш ардақтылары», «Беймәлім Алаш» телебағдарламаларының сценарийін де кәсіби маман да жақсы қабылдады.
Сайдың тасындай кілең мықты ұл-қыздардан құралған ұйымның бергенінен берері мол деп нық сеніммен айтуға болады.
Ендігі меже – Түркі дүниесі
Биылдан бастап «Qyr balasy» қоғамдық қоры халықаралық байланысын күшейтіп, шетелдерге шыға бастады. Заңғар Кәрімхан мен Ұшқын Сәйдірахманұлы Өзбекстан Республикасына барып, Түркістан зиялыларының ғұмырын зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Бахром Ырзаевпен танысып, әріптестік байланыс орнатты. Ескі Түркістан жұртындағы архив құжаттарын, материалдарын жариялауға ниетіміз бар.
11 қарашада Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» халықаралық конференциясын жоғары деңгейде ұйымдастырып, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріндегі Алаш тарихын, саясатын зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарды шақырып, ана тілімізде баяндама жасауына мүмкіндік туғыздық. Осы конференция аясында қорымыздың жас талаптары дайындаған «Ұлтты оятқан ұлы сөз» кітапшасының тұсауын кестік.
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атылғанына 85 жыл. Тура 8 желтоқсан күні Түркия астанасы Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли университеті ұйымдастырған «Репрессия және Ахмет Байтұрсынұлы» атты халықаралық конференция жұмысына қолдау көрсетіп, белгілі суретші, қор баспасының директоры Алмас Сырғабайдың «Ұлы Түркістанның рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы» атты жеке сурет көрмесі өтті. Барша қазақ елінің атынан Түркиядағы Алашты зерттеп жүрген ғалымдардың басын қосып, құдайы ас беріп, ұлт-азаттығы жолында шаһид кеткен ерлерімізді еске алдық. Конференция шеңберінде үлкен ғалым Ахмет Бижан Ержиласун, ахметтанушы Нергиз Бирай, алаштанушы Гүлжанат Құрманғали-Ержиласун, жазушы Якуб Өмероғлына қорымыздың жоғары наградасы – «Алаш зиялысы» медалін табыстап, еңбектерін атап өттік.
Анадолыда білім алып жатқан түрік, қырғыз, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, түрікмен, әзербайжан, қазан және қырым татарлары, башқұрт замандастарымызбен танысып, ХХ ғасыр басындағы түркі дүниесіндегі модернизациялық қозғалыстардың тарихын, жәдитшілік ағымының әдеби-мәдени ілгерілеуін жан-жақты зерттеу мақсатында ортақ ғылыми жоба даярлауды қолға алдық. Бұл – өткен тарихымызды жіті тануымызға, қазіргі ынтымағымыз бен бірлігімізді күшейтіп, ұлттық қалыбымыз бен болмысымызды сақтауға оң ықпал ететін фактор.
Жақында Нергиз Бирай, Гүлжанат Құрманғали-Ержиласун сынды ғалымдармен бірігіп, Заңғар екеуіміз түрік тілінде «Ұлт мектебінің жүрегі – Ахмет Байтұрсынұлы» атты монография жазып шықтық. Келесі жылы профессор Нергиз Бирай мен орыс ғалымы Татьяна Тугайдың Ахмет Байтұрсынұлы зерттеу еңбектерін ана тілімізге аударып, жарыққа шығармақпыз.
Соңында айтарымыз: қорымыздың әр мүшесі Алашты жер-жаһанға танытуға міндетті, мүдделі. Бұл жолға түскен әрбір жас зерттеуші – ұлттың жоғын жоқтап, жоғалғанын түгендесе, өзге замандас-қатарластарының жүрегіне, көңіліне зиялылар идеясын орнықтырса, байрақты ерлердің өмірін идеал қылса, ел болашағы жарқын болатыны ақиқат. Алаш жолы – әділет пен парасат жолы. Алашты тану, зерттеу – ғибратты іс, сауапты қызмет. Алда жоспар да, жұмыс та көп. Осы бағытта береке-бірлігіміз арта бергей.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
«Qyr balasy» ҚҚ құрылтайшысы