Қазақстан 2000 жылы суицид деген сұмдықтан дүниежүзінде 6-орынға шығып, отандастарымыздың арасындағы өзін-өзі өлтіру көрсеткіші 100 мың адамға 39,4 жағдайдан келген. Содан кейін еліміздегі осы қасіретті құбылыс біртіндеп кеми бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2021 жылы жариялаған рейтинг бойынша Қазақстандағы суицид 100 мың адамға шаққанда 18,05 жағдайға дейін азайып, 184 мемлекеттің ішінде 18-ші орынға жайғасыппыз.
Ал ТМД-ға мүше-мемлекеттердің ішінде Ресейдегі ахуал ғана біздің елмен салыстырғанда нашар болып, ол 12-орынды (100 мың адамға шаққанда 21,6 жағдай) місе тұтыпты. Украина – 20-шы (17.73), Беларусь – 23-ші (16,49), Молдова – 51-ші (12,17), Өзбекстан – 92-ші (8,28), Қырғызстан – 93-ші (8,28), Тәжікстан – 135-ші (5,32), Әзербайжан – 153-ші (3,97), Армения 169-шы (2,66) орындарды еншілепті.
Өкінішке қарай, елімізде өзіне қол жұмсағандар саны әлі де көп. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр өмірмен өз еркімен қоштасқан қазақстандықтардың саны 3951-ге жеткен. Кейінгі үш жылда, әсіресе ер адамдардың өзін-өзі өлтіруі көбейген. Мысалы, өткен жылы 3045 ер адам өз қолынан мерт болған. Бұл – суицид жасаған барлық адамның 77 пайызы. Тағы бір назар аударарлығы – өзін өлімге қиғандардың ең көбі (24 пайызы) – 45-54 жас аралығындағы, өмірдің ащы-тұщысын татқан азаматтар. Дені – ер адамдар.
Бір қынжыларлығы – отандастарымыздың суицидке бару себептері осы уақытқа дейін жете зерттелмепті. Өткен жылы өзіне-өзі қол жұмсау себептері анықталған азаматтардың 10 пайызы – жалғыздықтан, 5,4 пайызы – әбден кедейленіп, қарызға батқандықтан, 3,6 пайызы ауыр науқасқа шыдамағандықтан жан қиған көрінеді. Алайда былтыр суицид жасау себебі белгісіз адамдардың үлесі 29 пайызға жетіпті. Бұл жалғаннан не үшін түңілгені жайлы ешкімге тіс жармай ақтық сапарға аттанған 1,1 мыңнан астам адамның ішінде қандай құпия сыр кеткені бір Аллаға аян.
Пайымдап қарасақ, осы қасіретті құбылыстың тамыры тереңде жатыр. Кеңес заманында халқымыз, негізінен, кеңшарлар мен ұжымшарларда «Жұмыс істесең де – 100 сом, жұмыс істеп жарытпасаң да 100 сом» дегендей теңгермешілік жағдайында еңбек етіп, бойына жалқаулық дертін жұқтырып алды. Мандытып жұмыс істемесе де отбасын аш-жалаңаш қалдырмауға жететін тұрақты жалақы алып үйренген жұрттың көбі қорасында мал ұстап та жарытқан жоқ. Оның үстіне, ел ішін маскүнемдік жайлап, арақ ішпейтін кісі көзге түрткі болып, «ақ қарғаның» күйін кешті. Осылайша жалқаулық пен маскүнемдікке бой алдырған көпшілік, әсіресе ер азаматтар кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Қазақстанда экономикалық дағдарыс басталып, кеңшарлар мен ұжымшарлар жаппай жабылған кезде екі қолдарына бір күрек таппай қиналды. Аз да болса мал ұстағандары қорасындағы түлігінің басын көбейту қамына кіріссе, малы жоқтары өздері секілді жұмыссыздармен бірге қарт ойнап, Қытайдан әкелінген арзан техникалық спиртті ішіп, денсаулықтарын құртып жатты. Сол кезде Мұқағали Мақатаевтың «Қайран біздің шешелер арды ойлаған» деп жырлағанындай, әйелдер отбасыларының тағдыры үшін зіл-батпан жауапкершілікті өз мойындарына алды. Қаладағы нәзік жандар белдері майыса ала қап арқалап, шет мемлекеттерден арзан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысса, ауылдағы аналар отбасыларынан артылған қаймағы мен майын аудан мен облыс орталықтарындағы базарларға, тіпті көршілес Ресейдің ірі өнеркәсіпті қалаларына апарып сатып, тиын-тебен тауып, бала-шағаларын асырады. Ал өз дәрменсіздігіне күйінген талай ер азамат өзіне қол жұмсап жазым болды. Сол келеңсіз жағдай кейінгі жылдары қайта туындағаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстанның байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында болған, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтын және мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес елде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Ендігі үміт – Мемлекет басшысы ұсынған әділетті Қазақстанды орнатуда. Суицид белгілі кинофильмдегіше «Еркектерді аялаңдар!» деп тұрғандай болғанымен, ер азаматтарға, ең алдымен, жұмыс тауып беру керек.