• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Қаңтар, 2023

Кеппешөп көрмесі

700 рет
көрсетілді

Дәрілік өсімдіктер жойылып кетудің алдында тұр

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің өсімдіктер дүниесіне арналған көрме өтті. Онда әр жылдары жинақталып, гербарийлер түрінде музей қорында сақталған эндемик, дәрілік, Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 100-ден астам түрі қойылды. Музей қорындағы ең ұзақ сақталған гербарий – 1923 жылы Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының өкілдері Мұғалжар тауының бөктерінен алынған астық тұқымдас өсімдік түрі. Сондай-ақ 1925 жылы тапсырылған гербарий де жақсы сақталған.

1987-1991 жылдары Алматы мемле­кеттік университетінің ботаника кафе­драсының мең­герушісі, биология ғылым­дарының док­торы Есенбай Ағелеуов бастаған топ Ақ­төбе облысының өсім­діктер дүниесін зерттеп, 1 057 күрделі та­мырлы, 50-ге жуық емдік мақсатта қол­данылатын өсімдік түрін тізімдеп, жойылып кету қаупі бар 61 өсім­дікті Қыз­ыл кітапқа енгізді. Алайда дала төсіндегі әр­бір өсімдікке шын жанашыр­лық­пен қа­рай­тын ботаник ғалым 1996 жылы өмірден өт­кен соң еліміздің батыс өңірінің өсімдіктер дү­ние­сін кәсіби түр­де зерттеген бірде-бір жан бол­мады. Есен­­бай Ағелеуовтің бесжылдық зерт­теу­ле­рінің толық есебі, экспедиция күн­делігі, өз қолымен жасаған 500-ге жуық гер­ба­рий об­лыстық музей қорында сақтаулы тұр.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті экология кафедрасының до­центі, биология ғылымдарының кан­ди­даты Ақылжан Телеуов пен осы оқу ор­нының биология кафедрасының оқы­тушысы, PhD докторант Бауыржан Тура­лин өңірдің өсімдіктер дүниесін зерттеуді жалғастырып келе жатса да, қаржысыз, қолдаусыз жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес. Екі ғалым жойылу алдындағы энде­мик өсімдіктерді тәлімбақтарда өсі­ріп, тұқымын көбейту қажет деген пікірде. Қазақ даласында өсетін 26 түрлі қызғалдақтың тең жартысы – эндемиктер, яғни тек осы топырақтан басқа жерде өспегендер. Біздің даламыз алқызыл, ірі Шренк қызғалдағының отаны деп қанша мақтансақ та, табиғат перзенті адам аяғы жиі басатын топырақта, жол және үй құрылыстары жүрген жерде әлсіз тамырланып, пиязшығын кішірейтіп, ақырында осы төңіректен жоғалып тынады. Бауыржан Туралиннің бақылауынша, Ақтөбе өңірінде ірі гүлді Шренк қызғалдақтары Әйтеке би ауданының Сарат ауылынан 37 шақырым жерде ғана жайқалып өсіп тұр. Өйткені арғы жағы Арқаға жалғасатын елсіз алқапты адам да, техника да сирек басады. Ертеректе осы өңірдің қырларын еркін жайлаған, бірақ бүгінде азайып кеткен Леман қызғалдақтары Ырғыз-Торғай табиғи резерватында ғана қалған. Ақтөбе қырларының тағы бір сәні –Биберштейн қызғалдағы да құрып кетті деуге болады.

Музей қызметкері Әсел Балқасынова дала өсімдігі – астрагалды ежелде сармат тайпалары бие сүтімен араластырып емдік мақсатқа қолданғанын айтады. Адам ағзасын микроэлементтермен байытатын осы өсімдікті ежелгі билеушілер адамның бет келбетін жасарту үшін де қолданған. Облыстық музей экспозициясында Қобда өзені жағасы мен Ақырап елді мекенінің жанынан жиналған астрагал өсімдігінің екі түрі – Бұқтырма және жұмыртқа жеміс астрагалі қойылған. Қазір жойылу алдында тұрған осы өсімдікті Есенбай Ағілеуов экспедициясы құрамында болған Ақылжан Телеуов 1987 жылы кеппешөп түрінде музей қорына тапсырған. Ал ертеректе Ойыл ауданының Ақшатау елді мекені жанынан қазылып алынған түлкі құйрықты вебсивия ежелгі заманда Тибет және моңғол медицинасында кеңінен қолданылған, қазірде жойылу алдында тұр. Облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат бөлімінің қызметкері Майра Буханованың айтуынша, ертеректе Ойылдың Барқын құмдарынан алынған иілгіш тал бірнеше жыл бұрын жойылып кеткен. Бірақ музей қорында кептірілген жас өскіні сақталған.

«Ине секілді өткір жапырақтары бар қасқыржем өсімдігі сәндік-қолданбалы өнерде, үйді безендіруде жақсы пайдаланылады. Көрмеде тұрған тағы бір өсімдік – шатыраш немесе шалфей. Кез келген жерде өсе беретін, күй талғамайтын, меди­цинада жақсы қолданылатын шатыраш – ежелгі өсімдіктердің бірі. Ертеде Мысыр перғауындары оны сырттан тасымалдап, алтынның бағасымен бірдей бағаласа, емшілері соғыстан жараланып оралған жауынгерлерді сауықтыру үшін шатыраш тұнбасына бал қосып беріп сауықтырған. Қазақ емшілері сүттігеннен жасаған тұнбаны тері ауруларын емдеуге қолданған. Біздің жерімізде аласа сүттіген, құм сүттігені, Орал сүттігені, түйе сүттігені, күнбағыс сүттігені деген түр­лері өседі. Бала кезімде әжемнің даладан дәрілік шөптерді қалай жинағанын көріп өстім. Өсімдіктің аталығы мен аналығын бөліп жинап, кептіріп, қағаз қапшықтарда сақтайтын. Қазақ емшілері ошағанды сүйек-буын ауру­ларын емдеуге қолданған. Оның бір атауы – шоғайна. Аталарымыз ошағанға қарай отырып, ауа райын болжаған. Өсіп тұрған ошағанның тікенегін қолмен ұстағанда жұмсақ болса, жақындап келе жатқан жаңбырдың белгісі. Ертедегі адамдар бізге қарағанда табиғатқа жақынырақ болған, өсімдіктер мен аң-құстың қимылына қарап, табиғаттағы өзгерісті алдын ала білген. Аштық кезінде не соғыс даласында адамдар Шренк қызғалдағының пиязшығын жеп тірі қалған. Даладағы әр өсімдіктің өз атауы бар. Мәселен кәріқыз, еркекшөп деген өсімдік атаулары неге олай деп қойылғанын білмейміз. Бөденешөп, қасқыржем, киікоты атауларының әрбірінде терең мағына бар. Айта кету керек, қазақтың қыз-келін­шектерінің киімдеріне бірыңғай өсімдік тектес өрнектер салынған. Өйткені өсімдік көбейіп, өркендеудің белгісі», деді Майра Буханова.

Дала өзендерінің бетінде өсетін ақтұңғиық Қызыл кітапқа енгізілген өсім­дік. Ақтөбе облысында тұңғиық гүлдің екі түрі тіркелген. Ақ тұңғиықтың тамыры өте тереңде, су астындағы сабағын қуалай отырып түбіне жеткенде де оңайлықпен жұлынбайды. Біздің жерімізде 400 млн жылдан бері өсіп келе жатқан папоротниктер де құрып кету алдында. Ақтөбе облысында папоротниктер Мәртөк орман шаруашылығы мекемесінде гектарға жетпейтін алқапта ғана өсіп тұр.

Осылайша, Ақтөбеде тұңғыш рет өт­кізілген көрмеде жойылу қаупі тө­ніп тұрған, сирек кездесетін эндемик өсім­діктер туралы мол мағлұмат берілді. Адам­дардың табиғатқа деген жыртқыш көз­қарасы, бүлінген экология, өзен-көл­дердің тартылуы, ауа райының күрт өзге­рісі табиғаттың нәзік бөлшегі –өсім­діктер дүниесіне жаудай тиіп жатыр. Ерекше қорғауды қажет ететін, жойылып кету алдында тұрған эндемик өсімдіктерді арнайы тәлімбақтарда көбейтуге болады. Бірақ оған жергілікті ғалымдардың мүмкіндігі аз. Ал дала шөптерін түгендеу сауатты да жүйелі жұмысты қажет етеді.

 

Ақтөбе облысы