Жас келсе – іске! Екі қолы сау адам ерінбесе еңбектің кілтін табады. Бұл ретте жетісулық жастарды мақтанышпен айтуға болады. Мәселен, Ақсу ауданына қарасты Сағакүрес ауылында 26 жастағы жас кәсіпкер отбасылық кәсіп ашып, нан өнімдерін өндіріп отыр. Ауылдастары дән риза. Оның наубайшылықпен айналысуына мемлекеттен берілген грант түрткі болған.
Ақсу аудандық Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген Айдос Жұманов былтыр «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, сертификат алып шығады. Содан соң өзінің дайындаған бизнес жобасын қорғап, соның нәтижесінде 1,2 млн теңгеден астам сома қайтарымсыз грантқа ие болады. Әйел затының тірлігі деп сөгерсіз, бірақ жас кәсіпкер бұл қаражатқа нан пісіретін пеш, қамыр илейтін машина мен нан қалыптарын сатып алады. Сөйтіп 2022 жылдың мамыр айында берекелі кәсібін бастап, қазір ақсулық ағайынды бөлке нанға тойдырып отыр. Еңбектің наны тәтті деген – осы.
«Біздің ауылға нан дүкендерге сырт жақтан жеткізіледі. Қыстың ауа райы қолайсыз күндері нан әкелінбей қалатын күндер жиі болады. Сондықтан ауылда осы наубайшылық кәсіп ашсам деп ойладым. Ойымды отбасыма айтқанда, олар қуана қолдады. Сөйтіп «Бизнес-Бастау» арқылы оқып, грант алып, керекті құрал-жабдықтарға қол жеткіздім. Мұны отбасылық бизнес десем де болады. Үйде бөлке нан пісіруді анам, ағам, қарындасым, бәріміз бірге атқарамыз. Қазіргі қысқы мерзімде өнімді тек ауылдың ішінде өткіземіз. Ал жазғы уақыттарда Жансүгіров, Қарашілік сияқты жақын маңдағы ауылдарға да жеткіземіз», дейді А.Жұманов.
Бүгінде шағын кәсіп иесі күніне орта есеппен 150 бөлке нан пісіріп сатады. Ал жазғы уақытта тапсырыс көлемі ұлғаяды. Бұл ретте аянбай еңбек ету керек. Қаражат айналымын арттырғаннан кейін Айдостың нан өнімі түрлерін көбейтпек ойы бар. Жас жігіттің еңбекқорлығына сүйсініп қайттық.
Жалпы, Жетісу облысында кәсіпке үйір жастардың қатары көп. Мәселен, Ескелді ауданының тұрғыны Кәусар Нұрданғазы да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, омарта шаруашылығымен айналысып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын істі алғаш 10 ұямен бастаған кәсіп иесі былтыр 1 млн 225 мың теңгенің грантына тағы 21 ара ұясын сатып алған. Аз уақыттың ішінде ара ұясының санын 80-ге жеткізген. Грантқа ие болғаннан кейін кәсібіне деген сенімі еселеніп, өнімдерін «Жамбо» брендімен шығара бастапты. Бүгінде бал өнімдерін отбасына ғана емес, өзі тұратын Жетісу ауылының тұрғындарына да ұсынып отыр.
Жалпы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, 2022 жылы мемлекеттік грант үшін 840,9 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде бір жылда 617 адам бизнес жобасын қорғап, грантқа ие болды, яғни бұл – жоспардың 90 пайызы. Атап өтсек, мемлекеттің осындай көмегімен шағын кәсібін бастағандардың 212-сі – жастар. Демек, жетісулық жас кәсіпкерлердің еңбегін бағалауға болады.
Жетісу облысы