2022 жыл отандық сауда саласы үшін де оңай жыл болған жоқ. Сауда желілеріндегі сөрелер тез босап, ондағы тауарлар бағасы күрт қымбаттап кетті. Қазақстандағы азық-түлік өнімдерінің басты монополисі Ресей еді, ондағы жағдай нашарлаған соң-ақ сөремізді немен толтырарымызды білмей дағдарып қалғанымыз рас. «Кез келген дағдарысты мүмкіндік деп қарау керек» дейтін жаттанды нақылды тағы да іске қосқымыз келеді осы жерде. Мүмкіндік деп қарайтын болсақ, басымыздан талай дағдарыс өтті, соның бірінен сыналап жол тауып, кризисті кері аунатып жіберіп, оңтайлы қырын көрсете жөнелген кейс біздің экономикада бола қойған жоқ.
Бірақ былтырғы дағдарыс дауылы қатты болды. Қазақстан экономикасы тығырыққа әбден тірелді. Үкімет геосаяси дағдарыстан туындаған зор қиындыққа қарсы ыңғайлы жоспар құра алмады. Сол себепті бірнеше рет Президент сынына да ұшырады. Дәл қазір халық үшін ең қажеттісі – азық-түлік пен тұтыну өнімдеріне қолжетімді баға, бизнес үшін керегі – қолайлы шарттарға ие кәсіпкерлік жобалар. Осы ретте Сауда және интеграция министрлігіне хабарласып, биыл атқарылар жобаларға қатысты сауалдар қойған едік.
Елімізде биылдан бастап заманауи сауда инфрақұрылымдарын жасау ісі белсенді түрде қолға алынып, аумағы 3-тен 50 мың шаршы метрге дейінгі сауда орталықтарына пайыздық мөлшерлемесін жылдық 6 пайызбен субсидиялап, 5 млрд теңгеге дейін несие берілмек. Бірінші кезекте осы мақсатқа 20 млрд теңге бөлінеді. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, қазір өркениетті сауда форматының үлесі 75 пайызға жеткен. Мұндай заманға сай сауда орталықтарының болуы тауарлардың көлеңкелі айналымы проблемасын шешуге жағдай жасайды.
Салалық ведомствоның бізге берген түсініктемесі бойынша, мемлекеттік қолдау шарасы заманауи форматтағы сауда нысандарын құру есебінен сауда инфрақұрылымын дамыту үшін қажет. Бұл орайдағы басты мақсат – сауда алаңдарының қолжетімділігін арттыру.
«Заңға сәйкес сауда орталығы – аралас ассортименті бар көптеген ішкі сауда субъектісі ұсынған сауда объектісі, 25 мың және одан да көп атаудан (бірліктерден) тұратын ассортимент көлемі, өз аумағының шекаралары шегінде (сауда желілеріне кіреді немесе кірмейді) автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы болады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазіргі заманғы форматтағы сауда алаңдарының қажеттілігіне талдау жүргізілуде», деп жауап берді. Бірақ біздің бірнеше сауалымыз сұраулы күйінде қалды. Атап айтқанда:
«Жылдық 6 пайызбен несие рәсімдейтін сауда орындарының алдын ала тізімі бар ма?»
«Несиені алған сауда орталықтары ол қаражатты қандай мақсатқа жұмсай алады?
«Мұндай тиімді несиені өндірушілерге де ұсыну жоспарда бар ма?»
«Несие қаражаты қайдан бөлінеді?».
Сауда саласындағы тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыру жайы. Заңға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына (ӘМАТ) шекті сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс.
«Монополияға қарсы реттеу шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ ӘМАТ өндірушілерімен, сауда желілерімен және көтерме жеткізушілермен ӘМАТ сауда үстемесін 15 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету бойынша монополияға қарсы комплаенс жасалады. Бұл келісімдер ерікті негізде іске асырылады. 2022 жылға тауық жұмыртқасы, ұн өндірушілерімен, сауда желілерімен және қант, күріш, қарақұмық, жеміс-көкөніс өнімдері мен сиыр етінің көтерме жеткізушілерімен 175 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды», делінген бізге ұсынылған жауапта.
Қазір ведомство Ауыл шаруашылығы министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, «Атамекен» ҰКП, «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстанның майлы май одағы» қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп ішкі нарықта күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлепті. Соған орай, зауыттардан сауда желілеріне 10 пайыз сауда үстемесімен тікелей жеткізу көзделеді.
Ал сауда желілері өз сөресіне қазақстандық өнімдерді көбірек қоюға қаншалықты құлықты? Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Ішкі сауда қағидаларына сәйкес отандық өндірістің азық-түлік тауарлары жалпы сауда алаңының және (немесе) сөрелік кеңістіктің кемінде 30 пайыз сауда алаңында және (немесе) сөрелік кеңістігінде орналастырады.
«Қазақстандық өнімді жылжыту мақсатында «Қазақстанда жасалған» брендімен жалпыұлттық жобаны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, «Қазақстанда жасалған» ұғымына сәйкестік критерийлерін айқындау жоспарлануда. Өнімдегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша отандық өндірушілерді ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын негізінен отандық шикізатты немесе компоненттерді пайдаланатын өндірушілердің пайдасына бағыттау ұсынылады. Сондай-ақ ішкі сауда ережелеріне отандық тауар өндірушілердің азық-түлік тауарын сауда желілерінің сөрелерінде орналастыру пайызын 30-дан 50 пайызға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізу туралы мәселе пысықталып жатыр», делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендету үшін Үкімет жүйелі құжаттарды қабылдады. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде импортқа тәуелді тамақ өнімдерінің әрбір бағыты бойынша нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асырылмақ.
«Нәтижесінде, 2024 жылдың соңына дейін қантты қоспағанда, өнімнің осы түрлері бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілу деңгейін 100 пайызға, ал қант бойынша 80 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 31 іс-шараны көздейтін 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қабылданды. Бұл жоспар азық-түлік тауарларының физикалық және экономикалық қолжетімділігін, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 230 инвестициялық жобаны (2022 жылы – 80 жоба, 2023 жылы – 85 жоба, 2024 жылы – 65 жоба) іске асыру жоспарланған, бұл халықты отандық өндірістің азық-түлігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінеді ведомство жауабында.
Осылайша, 2024 жылға қарай негізгі импортқа тәуелді тауарлар (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшіктер мен сүзбе, құс еті) бойынша 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев министрліктің сауда желілерін айналым схемалары бойынша қаржыландырудан бас тартып, өндірушілерді тікелей қаржыландыра бастайтынын мәлімдеген еді.
«2023 жылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі егінге қаражат алатын болады. Форвардтық ақша агроөнеркәсіп кешендеріне алдын ала келісімшарттар жасауға және өңірдің көкөністерге деген үш айлық қажеттілігінен өнім көлемінің 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни өндірушінің ішкі нарыққа көкөністер мен жемістерді жеткізу бойынша қарсы міндеттемелері болады», деген еді.
Тағы бір міндет – ерте көкөністерді сатып алуды қамтамасыз ету. Оларды уақтылы сатып алу маусымаралық кезеңде бағаның күрт ауытқуын болдырмауға көмектеседі. Вице-министрдің айтуынша, Тәжікстан мен Өзбекстаннан пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізу бойынша алдын ала келісімдер жасалған. Сондай-ақ Иран мен Пәкістаннан көкөністерді импорттау мәселесі пысықталуда. Өңірлік тұрақтандыру қорлары сәуір мен маусым аралығында нарықты көкөністермен қамтымақ. Олардың негізгі міндеті – бағаның маусымдық ауытқуына жол бермеу.
Ведомство мәліметі бойынша, қазіргі уақытта өндіріс көлемі халықтың қажеттіліктерін өтемейтін 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі анықталды. Бұған, атап айтқанда, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ тауық еті кіреді.
А.Шаққалиевтің айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджет нақтыланғаннан кейін ірі тауарлы сүт фермалары мен тауық етін өндіруді ұлғайтуға шамамен 400 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл ретте қаражат атаулы бағытталады. Еңбек өнімділігі жоғары және тауар айналымының қадағалануы бар тәжірибелі тауар өндірушілер мемлекеттік субсидияны алу мүмкіндігіне ие болады. Міндетті талап – барлық өнім тек елдің ішкі нарығына жеткізілуі керек.