• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қаңтар, 2023

«Хат қоржын»

273 рет
көрсетілді

Арнайы бет қайта шықса екен

Мен жетпісті алқымдап қалған еңбек ардагерімін, көп жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне қал-қадерімше өзімнің үлесімді қосқан азаматпын.

Енді көп созбай, сіздерге хабарласып отырған мәселеме көшейін. Мен жарты ғасырдан астам сүйікті газетімнің оқырманымын. Соңғы уақытта жыл сайын «Егемен Қазақстанның» ПДФ нұсқасына ақылы жазыламын, таңертең газеттің жаңа санын оқуды әдетіме айнал­дырғанмын. Өйткені пошта қызметінің газетті үйге әкелу жылдамдығына көңілім толмайды.

Жалпы, маған газет көтерген мәселелер ұнайды. Әсіресе халық­тың қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған, қоғамдағы орын алып отырған проблемаларды қаузаған, сондай-ақ рухани-мәдени әрі танымдық мақалалардың қалың оқырманның көңілінен шығып келе жатқаны күмәнсіз. Осы ретте басылым журналистеріне шығар­машылық табыс тілей кеткеннің де еш артықтығы жоқ қой деп ойлаймын.

Ал енді нақты айтпағыма келсем, соңғы кездері газет беттерінде, менің ғана емес екені анық, көп оқырман үшін танымдық тұрғыдан пайдасы мол «Әлем және Қазақстан» айдарымен берілетін материалдар топтамасы көрінбей кетті. Онда жақсы деректерге толы сараптамалық, сондай-ақ әлемдегі оқиғаларға шолу мақалалар жарияланатын. Оның берілмей қалу себебін нақты білмеймін, бірақ алдағы уақытта «Әлем және Қазақстан» беті оқырмандарымен қайта қауышады деп үміттенемін. Яғни мен айтқан мәселе ескерусіз қалмас деп ойлаймын.

 

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

газеттің тұрақты оқырманы

АСТАНА

 

Елімнің сайраған бұлбұлы еді

Ләззат Сүйіндікова қазақ қыздарының ішінде қолына алғаш домбыра алып ән шырқаған дәстүрлі ән орындаушылардың қарлығашы саналады. 1947-1982 жылдар аралығында ол қазақы өнерімен көп­шіліктің сүйіп тыңдайтын әншісіне айналды.

1928 жылы қазақтың басына түскен қайғылы жағдай – бай-қуатты адамдарды кәмпескелеу басталғаны белгілі. Ләззаттың әкесі Байорал да кәмпескеге ұшырап, бар малынан айырылады. Әрі қарай да қуғындалатынын білгендіктен, қызын Науалыдағы (Үржар ауданы) балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады. Бәйбішесі қайтқан соң үйленген екінші әйелін де қызыма қарап жүр деп тапсырып, Науалыда қалдырады. Өзі Қытай асады.

Ләззаттың өгей шешесі кейінірек халық ақыны Майасар Жапақовқа тұрмысқа шығып, Қарағандыға орналасады. Ләззатты өзімен бірге ала кетеді. Сөйтіп, жасөспірім қыз Майасардың тәрбиесінде болады. Ал Қарағандыдағы мектепті бітірген соң Қызылжардағы педагогика училищесіне оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде жұртшылық алдында ән салып, «Әнші Ләззат» атанады.

Училищені ойдағыдай аяқтап, Көкшетаудағы бір мектепке мұғалім болып орналасады. Әншілігімен танымал бола бастайды. 1946 жылы Көкшетауға жолы түсіп Алматыдағы Жамбыл атындағы облыстық филармония жанындағы Халық шығармашылығы үйінің директоры, ақын Жұмағали Саин келеді. Ләззат құрметті қонақтың алдында ән шырқайды. Дарынды жастарды іздеп жүрген әрі өнеріне риза болған ақын оны Алматыға шақырады.

Сөйтіп, Ләззат Сүйіндікова 1946-1948 жылдары Қазақ радиосында, 1948-1982 жылдары Жамбыл атындағы филармонияда, Қазақконцертте әнші болады. Еліміздің сол кездегі атақты өнерпаздарымен аралас-құралас жүреді. Әншінің Қазақ радиосының алтын қорында 40-қа жуық әні сақтаулы дегенді айтады білетіндер.

40 жыл ән салып, халқының құрмет-қошеметіне бөленгенімен, қажының немересі, бай-құлақтың қызы деген империялық солақай саясаттың салдарынан ешқандай атаққа қол жеткізе алмаған Ләззат Байоралқызы туралы ол зейнетке шыққан 1982 жылдан бері қарай да не радио мен теледидарда, не мерзімді баспасөз беттерінде еш әңгіме қозғалмаған екен. Былтыр 100 жылдығы да атаусыз қалды. Өкінішті-ақ!

 

Серік ХАСЕНОВ

АЛМАТЫ

 

Тасқаладағы батагөйлер сайысы

Аудандық мәдени-демалыс үйінде «Руханият» деструктивті діни ағымдардан қорғану және көмек көрсету орталығының, Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты облыстық байқау өтті. Іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімі қолдау көрсеткенін де айта кетейік.

Байқауды кіріспе сөзімен аудан әкімі Бауыржан Айтмағанбетов ашып берсе, оны Бинұр Хабидашева жүргізіп отырды. Облыстың әр шалғайынан келген қатысушылар өз өңірлерінің намысын қорғады.

Іс-шара үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушы өзі келген елді мекеннің атын қоса отырып, көркем сөз, жүйрік оймен өзін таныстырды. Екіншісінде әр қатысушы өзінің дайындап келген тақырыбына сәйкес бата берді. Үшіншісінде ұлттық салт-дәстүрге байланысты қойылған сұраққа жауап қайтарды.

Әрбір кезең аяқталғаннан кейін жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып отырды. Мәселен, Тимур Тапалов әннен шашу шашса, Мирас Бекжанов термені төгілтті, ал Мейірбек Аманғалиев күй күмбірлетті.

Сайыс қорытындысында өздерін жақсы қырынан көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыққан батагөйлерге қазылар алқасының төрағасы, «Мақсат» медицина колледжінің негізін қалаушы елге сыйлы ақсақал Берген Мақсат бастаған қазылар алқасының шешімімен бірінші орын тасқалалық Мағжан Жұмағалиевке, екінші орын шыңғырлаулық Адақ Шотановқа, үшінші орын ақжайықтық Құрман Бейсенәлиевке берілді.

Сайысқа қатысушылар сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы