Негізінен импорттаушы ел екенімізді ескерсек, бізге азық-түлік пен тұтыну өнімдерінің жаңа көзін табу тиімді болмақ. Егер өндірісті өзімізде өрістете алсақ, тіпті жақсы. Сонымен қатар шикізатымызды тасымалдайтын жаңа бағыттардың керек екенін 2022 жыл жақсылап түсіндіріп бергендей. Осы орайда 2022 жылдың 5 негізгі экономикалық оқиғасын айқындап, биылғы тәуекелдерді тізбелеген «Jusan Analytics» сарапшыларының шолуын ұсынамыз.
Инфляция
2022 жылы инфляция 40 жылдық үзілістен кейін ғаламдық экономикалық өрлеудің басты жауына айналды. АҚШ-та, еуроаймақта және Ұлыбританияда бағалардың өсімі 10 пайызға жетті. Дамыған елдердің бүкіл бір буыны өздерінің еңбек жолында тұңғыш рет өмір сүрудің мұншалықты қымбаттап кетуіне алаңдай бастады. Үкіметтер әдеттен тыс төтенше шаралар қабылдауға мәжбүр болды. АҚШ-та бағаны түсіру мақсатында мұнайдың стратегиялық қорының бір бөлігі нарыққа шығарылды. Еуропада электр қуатының қымбаттауына байланысты тұрғындарға көмекқаржы беріле бастады. Мақсат – шығындары көбейіп жатқан тұрғындарға көмек көрсету. Орталық банктер де инфляциямен күресуге атсалысуда: олар соңғы жиырма жылда пайыздық мөлшерлемелерді бүкіл әлем болып бір мезгілде өсірді.
Қазақстанда жоғары инфляция және жергілікті жерлерде бағалардың күрт өсуі қалыпты ахуал екені белгілі. Бірақ соның өзінде еліміз ерекше жағдайға тап болды. Ішкі құрылымдық мәселелерге енді ғаламдық инфляциялық үрдіс келіп қосылды. Соның салдарынан бағалар соңғы 22 жыл ішінде шарықтау шегіне жетіп, жыл қорытындысы бойынша 20 пайыздық межеден асып кетті. 2022 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі экономиканың көмескі өсімінің қысымына төтеп беріп, саясатта инфляцияға қарсы ұстанымын сақтап қалды. Алайда фискалды бағдарламалар көптеп қабылданып, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер қаражаттандырылып жатса да, жалпы инфляциялық ахуал сақталуда.
Жағымсыз жаңалық: Инфляцияның жалпы деңгейі төмендей бастаса да, 2022 жылғы жоғары бағалар әлемнің көптеген елі үшін 2023 жылы рецессияның басталуына түрткі болуы ықтимал. Инфляцияға қарсы үйлестірілген ғаламдық саясаттың жағымсыз әсері болмай қоймайды: инвестиция жылыстап, дамушы елдердің валюталарына қысым күшейеді, сондай-ақ мемлекеттік қарыздың өңірлік дағдарысының күшею қаупі едәуір артады.
Жағымды жаңалық: Экономистер инфляциядан қауіптену және оның алдын алу бойынша тиісті сабақ алды.
2023 жылы нені қаперде ұстау керек? Қазақстанда «Экономикалық өсім маңызды ма, әлде инфляцияны бақылауда ұстау маңызды ма?» деген тақырыпта тағы да пікірталас күшеюі мүмкін. Егер біріншісі жеңсе, түркиялық сценарийге алғашқы қадам жасалады деген сөз. Яғни инфляция өршіп, жаппай құнсыздану етек алады және орта мерзімді келешекте ауқымды рецессия орын алады.
Логистикалық үзілістер
Былтыр еліміздің географиялық орналасуының басты әлсіздіктері білініп қалды. Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең үлкен экономика – Еуразия құрлығының ортасында оқшауланып қалу қаупіне тап болды. Батыстағы инфрақұрылымдық дәліздерде іркілістер пайда бола бастады. Олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған болатын және Ресей аумағы арқылы өтеді. Логистикалық мәселелер сыртқы сауда айналымының шамамен 70 пайызға жуығын шарпыды. КҚК құбыр желісінің өткізу мүмкіндігі үш рет шектелді. Соның салдарынан қазақстандық мұнайдың 80 пайызын экспортқа шығару мәселесі туындады. Аралық және дайын өнімдерді импорттау мерзімі бірнеше есеге өсті. Бұл ішкі бағаларға әсер етіп, өндірушілердің жұмысын қиындатып жіберді. Айталық, Макдональдс өзінің қызметін уақытша тоқтатты. Өйткені өзінің желілерін жартылай фабрикаттармен жеткілікті қамтамасыз етудің тиімді логистикалық жолдарын таппады.
Жағымсыз жаңалық: Жуық арада логистикалық жағдайды түбегейлі жақсартып, сыртқы көлік дәліздерін әртараптандыру мүмкін болмауы ықтимал.
Жағымды жаңалық: Импорттық тауарлардың қымбаттауы және оларды жеткізу мерзімінің ұзартылуы ішкі өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
2023 жылы нені басты назарда ұстау керек? Сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыру стратегиясының қалай жасалатындығы тәуекелдерді төмендете ала ма? Қазақстанның BRI (Belt and Road Initiative) жобасына қосылу барысында Қытайға мүлдем тәуелді болып қалу-қалмауы.
Экономиканың дамымай қалуы
2022 жылы отандық экономика алда үлкен өзгерістер болатындығы туралы белгі берген секілді. Жыл басындағы белсенді, сергек басталым, мұнай-газ саласында мәселелер туындаған сайын көмескілене бастады. ІЖӨ-нің тоқсандық өсу қарқыны 2022 жылдың I тоқсанында 4,6 пайыздан, II тоқсанда 2,4 пайызға және III тоқсанда 1,9 пайызға дейін біртіндеп төмендеді. Біздің бағалауымызша, соңғы жылдары отандық экономика өсімінің негізгі көздерінің бірі – тұтынушылық несие беру сарқыла бастады. 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында жеке тұлғаларға несие беру нақты 30 пайызға өсті. Бірақ соған қарамастан үй шаруашылықтарының тұтынуы керісінше төмендеді. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіштер бір-біріне тығыз байланысты болды. Өмір сүру бағасының артуы әсіресе, негізгі азық-түлік тауарларының қымбаттауы борышты өтеуге қызмет көрсету мүмкіндігін төмендетті. Жаңа несиелердің басым бөлігі ескі несиелерді өтеуге жұмсалып жатуы әбден мүмкін. Өйткені олардың жалпы экономикалық белсенділікке әсері болмай жатыр.
Жағымсыз жаңалық: Соңғы 5 жылда үй шаруашылықтарының жиынтық шығындары табыстарды басып озуда. Бір жыл ішіндегі алшақтық 2 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін барады. «Қатты қону» жағдайында несие беруді тоқтату және делеверидж ішкі сұранысты 4-6 трлн теңгеге азайтады. Бұл ІЖӨ-нің 5-7 пайызын құрайды.
Жағымды жаңалық: Қызуы артқан тұтынушылық нарық суына бастайды. Бұл инфляциялық қысымның төмендегенін, импорттың өсімінің бәсеңдегенін және девальвациялық үрдістен кете бастағандықты білдіреді.
2023 жылы нені қаперде ұстау керек? Ел экономикасында сапалы құрылымдық өзгеріс орын алып, ол тұтынудан ақша жинауға және инвестицияға ойыса ма? Мұның басты индикаторы – жеке және заңды тұлғалардың кредиттік портфельдерінің өзара арақатынасы.
Көші-қон дүрбелеңі
2022 жылдың қыркүйегінде бұқаралық ақпарат құралдарында ресейліктердің жаппай Қазақстанға келе бастағаны туралы ақпараттар қаптап кетті. Әлеуметтік желілерде шекаралық өткізу бекеттерінде және халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезектерге қатысты фото және бейне көріністер шығып жатты. Мұның барлығы халықтардың «Ұлы қоныс аударуын» елестеткендей болды. Осы кезеңде осындай үдерістерді бастан кешкен Армения мен Грузияда айтарлықтай экономикалық серпіліс орын алды. Бұл елдерде ІЖӨ сәйкесінше 10 пайыз және 12 пайызға дейін өсті. Алайда екінші жағынан мұның әсіресе, жылжымайтын мүлік нарығында жағымсыз әсері болды. Қазақстанда ақпараттық шуды есептемегенде, экономикалық белсенділікте анау айтқандай өзгеріс бола қойған жоқ.
Жағымсыз жаңалық: Оң экономикалық өзгеріс байқалмады, есесіне жағымсыз жайт айқын көрініс берді: жергілікті нарық – тұтыну мен жылжымайтын мүлік нарығы қыза бастады: бағалар күрт өсіп кетті.
Жағымды жаңалық: Жоғары білікті мигранттардың келуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.
2023 жылы нені басты назарда ұстау керек? Жағымсыз әсерлер оң экономикалық серпіліске айналады ма?
Ipo-ны қайта жандандыру
2022 жылы мемлекеттік компаниялардың IPO-ға шығуы қайта жандана бастады. Бұл жолы мемлекеттің ең ірі және анағұрлым табысты активі «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары ұсынылды. Бұл IPO адамдардың отандық бағалы қағаздар нарығына тартылуын арттыра түсті. Айталық, қосалқы шоттардың саны 2,4 есе өсті. Қазіргі уақытта ҚМГ акцияларының өтімділігі басқа акцияларға қарағанда жүздеген есе жоғары. Саудалардың орташа күндік көлемі – шамамен 2 млрд теңге. Ұлттық компаниялардың акцияларын орналастыру мұнайдан түсетін табыстарды халыққа үлестіруге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, қазақстандықтар өз елінің қазба байлықтарын сатудан түсетін табыстарға ортақ бола алады деген сөз. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 70 доллардан асқан жағдайда компания 200 млрд-тан 250 млрд теңгеге дейін дивиденд төлеуге міндеттенеді. Оның үстіне «ҚазМұнайГаз» IPO-сының жетістігі басқа да ұлттық компаниялардың IPO-сын жылы қабылдауға негіз бола алады. Бұл бағалы қағаздар нарығының дамуына септігін тигізеді.
Жағымсыз жаңалық: IPO өткізу тәжірибесі мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтады деген қауіп бар.
Жағымды жаңалық: IPO қор нарығын дамытудан басқа, ең ірі қазақстандық компания қызметінің ашықтығы мен шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттырады.
2023 жылы нені қаперде ұстау қажет? «Самұрық-Энерго» мен «Air Astana» акцияларын бастапқы орналастыру бойынша уәде орындала ма?